Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024 12:16

Жетісайлық диқандар жаңа тәсілмен мақта екті

Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы Жетісай ауданына жасаған іс-сапары барысында «Керімхан» шаруа қожалығының егіс алқабында болып, қытай технологиясымен мақта дақылын егу жұмыстарының барысымен танысты.

Мақта шаруашылығына қатысты түйіткілді мәселелердің шешілу жолдары талқыланып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Тың технологиялық әдіспен егуді диқандарға үйретудің маңыздылығын айтқан өңір басшысы, бұл кәсіпті тұрақты табыс көзіне айналдырған азаматтардың жаңашыл бағытқа бет бұруын қолдады.

Қожалық иесі Мұрат Құрбанов өткен жылы иелігіндегі 160 гектар егістік жерінің 10 гектарына қауын ексе, 150 гектарына мақтаның «Сұлтан» сортын егіп орта есеппен гектарынан 31,5 центнерден өнім алған. Ал, биылғы жылы 100 гектарға мақтаның жергілікті «Мақтарал 50/27» сортын, 40 гектарға «Сұлтан» сортын және 20 гектар жерге Қытай елінен әкелінген мақта шитін себуде. 11 ауыл шаруашылығы техникалары бар қожалықта бүгінде жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған.

- Жаңа әдіспен мақта егіп, жақсы сападағы әрі мол өнім алуды көздеп отырмыз. Әзірге тәжірибе алып, үйреніп жатырмыз. Қызығушылық танытып отырғандар көп. Алғашқы өнімнен нәтиже шығарамыз. Тамшылатып суарудан су үнемделеді. Жалпы жан-жақты тиімді тәсіл дей аламын,- дейді шаруа.

Жалпы ауданда өткен жылы 79273,4 гектар жерге егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының 45 167,4 гектары мақта, 3317,2 гектары көкөніс, 182,7 гектары картоп, 18 780,3 гектары бақша, 5342,2 гектары мал азықтық дақылдар мен 6483,6 гектары дәнді дақылдар болса, биылғы жылы 79,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр.

Оның ішінде, 42 мың гектар жерге мақта, 17,2 мың гектар жерге бақша, 3,5 мың гектарға көкөніс, 7,4 мың гектарға дәндік жүгері, 6,7 мың гектар жерге мал азықтық дақылдары мен 0,7 мың гектар жерге күріш дақылдарын егу көзделуде.

Одан бөлек, бүгінгі таңда 1278 гектар жерге қырыққабат, 1920 гектар жерге мақта, 355 гектар жерге қызанақ, 212 гектар жерге қияр, 197,5 гектар жерге баклажан, 179 гектар жерге болгар бұрышы, 15389 гектар жерге бақша, 523 гектар жерге дәндік жүгері мен 2098 гектар жерге жаңа жоңышқа дақылдары егіліп отыр. Егін егу жұмыстары әлі де жалғасуда.

Мемлекет басшысы былтыр Қазақстан халқына жасаған Жолдауында аграрлық салаға аса басымдылық беріп, инвестициялық-инновациялық тартымдылығын арттыру, Қазақстанды Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналдыру міндетін қойғаны белгілі. Ол үшін алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу көзделген. Бұл бағытта Түркістан облысында жоспар жасалып, ауқымды жұмыстар атқарыла бастаған.

 Бүгінде облыста жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу бойынша – 22, ет өнімдерін қайта өңдеуде – 8, сүт өнімдерін қайта өңдеуде 23 кәсіпорын жұмыс істейді. Аталған кәсіпорындардың басым бөлігінің технологиялық ескіруінен жеміс-көкөніс өнімдерінің 0,23 пайызы, ет өнімдерін 12,3 пайызы, сүт өнімдерінің 13,6 пайызы ғана қайта өңделуде. Бұл бағыттар бойынша жұмыс жүйеленіп, кәсіпорындар санын арттыру көзделіп отыр.

Халықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету бағытында 2027 жылға дейін жалпы құны 329,1 млрд. теңгені құрайтын 110 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Биылғы 7 айда құны 10,6 млрд. теңгені құрайтын 26 жоба іске қосылып, 334 жұмыс орны ашылды. Атап айтсақ, 200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы бойынша 2 жоба, мал бордақылау алаңын салу – 5 жоба, жаңбырлатып суғару – 4 жоба, 2,1 га фермерлік жылыжай салу – 5 жоба, балық өсіру – 5 жоба, сүт өңдеу цехын салу – 4 жоба және мал сою цехы мен бекетін салу бойынша 2 жоба жүзеге асты. ҚР АШМ қайта өңдеу кәсіпорындарын құру және кеңейту жобалары бойынша инвестициялық субсидияны 2024 жылдан бастап 50 пайызға ұлғайту жоспарлануда. Осы арқылы өңдеу көлемін 2027 жылға қарай кемінде 40 - 50 пайызға арттыру межеленіп отыр. Өңірде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде ірі сүт тауарлы фермаларын құруға өткен жылы республикалық бюджеттен 6 млрд. теңге бөлініп, жұмыстар атқарылды.

Түркістан облысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында  жаңа технологиялар кеңінен қолданылу үстінде. Қарқынды бау көлемі былтыр 5405 гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде өнімділік 5 есеге артып, 300-350 центнерге дейін өнім жиналды. Су үнемдеу технологиясы — 28 763 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9303 гектарға ендірілді. Аталған тәсіл ағын суды 2 есе үнемдеуге, өнімділікті 3 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Республикадағы жылыжайлардың 71% Түркістан облысына тиесілі. Жалпы көлемі 1511 гектарға жетті. Алдыңғы жылы 91 мың тонна өнім жиналды. 2027 жылға дейін 500 гектарға жаңа жылыжай салу жоспарланып отыр. Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде 3 миллион тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналды. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 60 жобаны іске асыру жоспарланса (құны 54 миллиард теңге, 1 318 жұмыс орны), бүгінгі таңға 16-сы іске қосылған.

Бұл ретте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасы әзірленуінің де зор пайдасы тиіп жатқанын атап өту қажет. Тұжырымдама аясында 2027 жылға дейін жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есе, салаға тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есеге ұлғайту, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есеге ұлғайту міндеттері қарастырылған.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 82 рет