Жұма, 06 Желтоқсан 2024 20:33

Шымкентте ана мен бала өлімі үш есеге азайды

Шымкенттік дәрігер, медицина саласының майталманы Гүлбану Сыздықбекова 35 жыл бойы ана мен бала өмірін сақтап қалуға зор үлес қосып келеді. Оның қажырлы еңбегінің арқасында қаладағы ана мен бала өлімі соңғы жылдары 3 есеге азайды.   

Гүлбану Жұмағалиқызының күнделікті жұмысы 12-14 сағатқа созылады. Ол науқастардың жағдайын мұқият бақылап, бірнеше операцияға қатысып, жас аналардың дұрыс босануына көмектеседі. Жылына 8-10 мыңға жуық ана осы орталықта сәбилі болып, олардың басым көпшілігі дені сау балаларды дүниеге әкеледі.  

Ана мен бала өлімінің азаюына дәрігерлердің біліктілігі мен заманауи медициналық техниканың қолжетімділігі ықпал етуде. Сонымен қатар, Гүлбану Сыздықбекова түсік жасатудың алдын алу, отбасылық құндылықтарды насихаттау және ана бақытының маңыздылығын түсіндіру бойынша белсенді жұмыстар жүргізіп келеді.  

Жоғары кәсібилігі мен еңбегі үшін дәрігер көптеген марапаттарға ие болған. Олардың қатарында «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі (2016 ж.), «Өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін» медалі (2020 ж.) және Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерейтойлық медаль бар.  

Гүлбану Сыздықбекованың үлгі тұтар еңбегі қоғамның ана мен бала денсаулығына деген жауапкершілігін арттырып, медицина саласындағы жаңа жетістіктерге жол ашуда.

Оқылды 192 рет