Сейсенбі, 10 Қараша 2026 19:12

МӘМС жүйесімен қамтуды арттыру: салық органдарымен жұмыс күшейтілуде

Шымкент қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесімен қамтуды арттыру, сақтандырылмаған азаматтардың санын азайту және жұмыс берушілер мен кәсіпкерлердің жарналарды уақытылы төлеуін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған жұмыс кездесуі өтті. 

Кездесуге «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының мамандары мен Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің аудандық өкілдері қатысты.

Жиын барысында МӘМС жүйесіндегі өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, сақтандыру мәртебесі жоқ азаматтарды жүйеге тарту, олардың мәртебесін қалпына келтіру, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен жұмыс берушілердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға арналған жарналар мен аударымдарды белгіленген тәртіпте және уақытылы төлеуін қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылды.

Қазіргі таңда Шымкент қаласының халық саны 1 304 060 адамды құрайды. Оның ішінде 1 091 556 тұрғын немесе жалпы халықтың 83,8 пайызы МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Ал 212 мыңнан астам азаматтың сақтандыру мәртебесі жоқ. Олардың қатарында азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт негізінде жұмыс істейтін 24 583 адам, 15 311 жеке кәсіпкер және 48 640 жалдамалы қызметкер бар.

Осыған байланысты кездесу барысында аталған санаттағы азаматтармен және жұмыс берушілермен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігі айтылды. Сонымен қатар жарналар мен аударымдарды төлеу тәртібін түсіндіру, берешектердің алдын алу және сақтандыру мәртебесін қалпына келтіру бойынша бірлескен іс-шараларды үйлестіру мәселелері қарастырылды.

Мамандардың айтуынша, МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесінің болуы азаматтарға медициналық көмектің кеңейтілген спектрін, оның ішінде бейінді мамандардың консультацияларын, диагностикалық тексерулер мен қажетті медициналық қызметтерді алуға мүмкіндік береді.

Сондықтан халықты сақтандыру жүйесімен барынша қамту, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру және жарналардың тұрақты түсуін қамтамасыз ету маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесіп, алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.

Оқылды 38 рет