Сейсенбі, 10 Қараша 2026 20:46

Түркістанда Өзбекәлі Жәнібековтің ұлттық мұрасы ұлықталды

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толып отыр. Ұлттық мәдениет пен тарихи мұраны сақтап, жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның мерейтойы еліміз бойынша кеңінен аталып өтуде.

Мерейтойға орай Түркістан қаласында «Өзбекәлі Жәнібеков мұрасының зерттелуі» тақырыбында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының және филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсұн, «Ықылас Дүкенұлы» атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің жетекшісі Бауыржан Жәнібеков және Өзбекәлі Жәнібеков қорының президенті Әзел Жәнібекованың қатысуымен мәдени іс-шара өтті.

Өзбекәлі Жәнібековтің қазақ халқының ұлттық мәдениетін, ана тілін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жаңғыртудағы еңбегі кеңінен сөз болып, оның отандық музей ісін дамытуға, этнографиялық музейлердің ашылуына, ұлттық қолөнер мен фольклорлық өнерді насихаттауға қосқан үлесі атап өтілді.Сондай-ақ, шара аясында құнды жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды. Кездесу ғылыми баяндамалармен қатар, ұлттық өнерді дәріптейтін концерттік бағдарламаға ұласты. Белгілі әнші Жұбаныш Жексенұлы ән орындап, көпшілікке рухани әсер сыйлады.

Мерейтойлық шара Түркістан мен Арқалық арасындағы мәдени-рухани сабақтастықты да айшықтады. Арқалық қаласынан арнайы келген шығармашылық ұжымы «Арқалықтың ақ таңы» қойылымын ұсынды. Тобыл-Торғай өңірінен арнайы келген Арқалық қазақ жасөспірімдер театры Түркістан музыкалық драма театрында Арқалық қаласының 70 жылдығы мен Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған «Арқалықтың ақ таңы» театрландырылған қойылымын көрермен назарына ұсынды. Қойылымды Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Арқалық қаласынан келген арнайы делегация, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары тамашалады.

«Арқалықтың ақ таңы» – Арқалық өңірінің тарихын, елдік мұратын және ұлттық құндылықтарды арқау еткен тағылымды туынды. Қойылымда Өзбекәлі Жәнібековтің ел тарихы мен ұлттық мәдениетті сақтау, жаңғырту және ұрпақ санасына сіңіру жолындағы ерен еңбегі кеңінен көрініс тапты. Өзбекәлі Жәнібековтің ұлттық мұраны ұлықтау жолындағы өнегелі ғұмыры – кейінгі ұрпаққа үлгі. Тұлғаның тағылымды жолын өнер арқылы дәріптеу – тарихи жадымызды жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттаудың маңызды көрінісі. Мәдени шара Түркістан мен Арқалық арасындағы рухани-мәдени байланысты нығайтып, қос өңірдің ортақ тарихи құндылықтарын дәріптеуге мүмкіндік берді.

Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылғы 28 тамызда қазіргі Түркістан облысының Отырар өңірінде дүниеге келген. 1952 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін аяқтап, еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданында мектеп мұғалімі және оқу ісінің меңгерушісі болып бастады. Кейін қоғамдық және мемлекеттік қызметке ауысты. 1950-жылдардың ортасынан комсомол ұйымдарында еңбек етіп, 1962–1970 жылдары Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болды. 1970–1975 жылдары Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы, 1975–1977 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің шетелдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1977–1984 жылдары Қазақ КСР мәдениет министрінің орынбасары, 1984–1987 жылдары Алматы облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. 1987 жылы Қазақ КСР-інің мәдениет министрі қызметіне келіп, 1988 жылдан 1991 жылға дейін Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы қызметін атқарды. 

Өзбекәлі Жәнібековтің ең үлкен еңбектерінің бірі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен байланысты. Кеңес дәуірінің өзінде, 1970-жылдары ол кесенені сақтау және қалпына келтіру жұмыстарын қолға алуға ұйытқы болды. Кейін кесене негізінде «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени музей-қорығын қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Сондай-ақ Отырар ескерткіштері, Жаркент мешіті, Тараздағы Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатун кесенелері секілді бірқатар тарихи нысанды сақтау және қайта қалпына келтіру мәселелерінің көтерілуіне де атсалысты. Қазақстандағы тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтау мақсатында «Арқас» қоғамының құрылуына бастамашы болды. Бұл жұмыстардың маңызы әсіресе сол кезеңнің жағдайын ескергенде айқын көрінеді. Кеңестік идеология тарихи мұраның діни және ұлттық сипатына сақтықпен қарайтын уақытта Ясауи кесенесі сияқты нысандарды сақтап қалу тек сәулет ескерткішін қорғау емес, халықтың тарихи жадын сақтаудың бір жолы еді.

Өзбекәлі Жәнібековтің есімімен тікелей байланысты ең белгілі тарихи оқиғалардың бірі – Тайқазанның елге қайтарылуы. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі алып Тайқазан 1935 жылы Ленинградта өткен Иран өнері мен археологиясына арналған халықаралық шараға уақытша әкетілген. Бірақ көрме аяқталғаннан кейін Түркістанға қайтарылмай, Эрмитажда қалып қояды. Арада 54 жыл өткенде, 1989 жылы Тайқазанды тарихи орнына қайтару жұмысының басында Өзбекәлі Жәнібеков тұрды. Оның бастамасымен мәселе одақтық деңгейге көтеріліп, КСРО Мәдениет министрлігі қазанды қайтаруға келісім берді. 1989 жылғы 18 қыркүйекте Тайқазан Түркістанға қайта оралды. 

Өзбекәлі Жәнібеков қазақтың дәстүрлі музыкалық мәдениетін жаңғыртуға да ерекше күш жұмсады. 1970-жылдары Торғай облысында қызмет істеген кезеңде Арқалықта «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің қалыптасуына ықпал етті. Ансамбльдің ерекшелігі – сахнада бұрын сирек қолданылған көне халық аспаптарын пайдалануында еді. Кейін «Адырна», «Сазген», «Алтынай» сияқты шығармашылық ұжымдардың құрылуына қолдау көрсетті. Бұл ансамбльдер арқылы жетіген, шертер, адырна, сазсырнай, сыбызғы сияқты ұлттық аспаптар кәсіби сахнаға қайта орала бастады. Бұл жұмыста көне музыкалық аспаптарды зерттеген Болат Сарыбаев бастаған мамандардың ғылыми ізденістері мен аспап жасаушы шеберлердің еңбегі қатар жүрді. Жәнібеков сахнадағы ұлттық сипаттың тек музыкадан тұрмайтынын жақсы түсінді. Сондықтан орындаушылардың киімі, ою-өрнегі, сахналық безендірілуі мен репертуарына дейін мән берді. Ұлттық би өнерін дамыту үшін құрылған «Алтынай» ансамблі де осы бағыттағы ірі жобалардың бірі болды. Ансамбль қазақтың тұрмыс-салтына негізделген би қимылдарын сахналық өнерге бейімдеп, дәстүрлі мәдениетті жаңа формада таныстырды. 

Өзбекәлі Жәнібеков Халқымыздың көрнекті ғалым­дары, мемлекет және қоғам қайрат­кер­лері Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Н.Оңдасынов, І.Омаров, Д.Қонаев, Х.Бай­ғалиевтармен айрықша араласты. Ұлтымыздың ғұлама ғалымдарымен тығыз қарым-қатынаста рухтас болған ол бауырмашыл аға-інілік дәстүрдің жөн-жоралғысын жақсы сақтады. Ол руханияттың белді өкілдері Ә.Әлімжанов, О.Сүлейменов, М.Есенәлиев, Қ.Тұрсынқұлов, Ш.Қал­даяқов, Т. Молдағалиев, К.Смайылов, Е.Хасанғалиев, Ғ.Жұбанова, Д.Бопова, Ғ.Бибатыроваларға жан-жақты қолдау білдірді. Өзбекәлі Жәнібек ұлт мәдениеті үшін еш нәрседен тайсалмаған қайраткер. Ол тумысынан бекзат болмыс иесі. Еліміздің кең жазирасындағы 25 мыңдай тарихи мәдени (бұрын тіркелмеген) ескерткіштерді анықтап мемлекет меншігіне тізімдеген орасан зор еңбегі, жалпы ұлт руханиятына қамқорлық жасаған қаһармандығының өзі бір төбе.

Әйгілі әл-Фараби туған топырақтағы «Оқсыз» қалашығында кіндік қаны тамған Өзбекәлі Жәнібектің басқаша ғұмыр кешуі де мүмкін емес еді. Ол кісінің сонымен қатар, жүздеген таланттардың көзін ашқан, жолына бағыт-бағдар берген жанашырлығының жөні бір басқа. Өз елінің жоғын түгендеген Өзбекәлі жөнінде Қазақстанның Еңбек Ері, әдебиетіміздің абызына айналған жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Қазақ даласында оның қолы тимеген киелі тасы жоқ. Талайлардың маңдайында оның аялы алақанының табы жатыр», – дегені дәл айтылған сөз. Торғай облысында идеология жөніндегі хатшы қызметін атқарып жүргенде өзінің тікелей ұйымдастыруымен облыстық музы­калық драма театры құрылады. Өлкелік мұражай ашылады. Педагогика институты және елімізге белгілі «Шертер» фольклор­лық ансамблінің өмірге келуіне, сол кездегі Торғай облысының бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері Сақан Құсайынов­пен бірге мұрындық болған да осы кісі.

Орталық комитетте шетелдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған тұста еліміздің сыртқы байланысының нығаюына ұйытқы болды. Бір ғана мысал, шетелден ресми келген делегаттар мен құрметті қонақтарды әсем қаламыз Алматыда орналасқан «Медеу» мұз айдынына барар жолдағы киіз үйге апарып отырған. Қазақтың 24 қанатты киіз үйінің 12-сін арнайы өзі жасаттырып, сонда тіккізген. Қазақтың ата-бабадан келе жатқан киіз үйін, қымызын, киелі дастарханын өзгелерге дәріптеу бойында бар қазақы қасиетті бір көрінісі. Мәдениет министрінің орынбасары болып жүргенде ұлтқа қатысты ұлы істер жасады десек, артық айтқандық емес.

Өзбекәлі Жәнібеков қазақтың бас ақыны Абай Құнан­байұлының сөзімен айтқанда, толық адам болуды, терең білім мен сергек жүруді өмір бойы өзінің ұстанымы еткен ерекше еңбекқор азамат. Алматы облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған уақытта Өзбекәлі Жәнібек Сүйінбай Аронұлы мен Жамбыл Жабайұлының кесенесін толықтай қайта жөндеуден өткізеді. Үмбетәлі Кәрібаевтың мұражайын ашады. «Алтынай», «Адырна» өнер ұжымдарын ұйымдастырады. Бүкіл шығыс халықтарының төл мерекесі, күн мен түннің теңелу тұсы, ұлт пен рухтың, салт пен ғұрыптың алтын көбесі 22 наурыз мерекеміздің қайта жандануына өзінің бар қарым-қабілетін сарп етеді. 70 жылдай тойланбай қалған халқымыздың ұлық мерекесі Наурызды алғаш рет 1988 жылы Алматы облысында, Алматы қаласында кең ауқымда атап өтілуіне тікелей өзі себепші болады. Ол осылайша бүкіл республикаға Наурызды жаңғыртып, халық дәстүрін қайта түлетіп, еліне оралтты. Жастарды үлкенге ізетті, кішіге ілтипатты болуға баулу – осы Наурыз мерекесімен тығыз байланысты екенін егжей-тегжейлі айтқан кісі де Өзбекәлі атамыз. 

Өз-ағаның еліміздегі мұражайларды ашу, қалыптастыру, қайта құрудағы да еңбегі орасан. Алматыдағы Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық халық аспаптар мұражайының әр домбырасы, қобызы, жетігені т.б. көптеген дүниежүзі халықтарының сан түрлі музыкалық аспаптарын біртіндеп ел ішінен жинастырып жасаған еңбегі кімге де болса үлгі. Осы мұражайдың қызметкерлерінен құрылған ансамбль ұйымдастырады. Ансамбльдің атын «Сазген» деп өзі қояды. «Сазген» ансамблі еліміздің барлық аймағында және шет елдерде ұлттық өнерімізді паш етті. Жалпы Өзбекәлі атамыз елдегі мұражайлардың негізін салушы, Қазақстан мұражай мамандарының бірегей ұстазы да еді. Алматыдағы халық аспаптар мұражайы Үкіметтің қаулысымен 1980 жылы ашылғаны белгілі. Осы ретте мұражайдың құрылуына қолдау көрсеткен үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев екенін атап айту парыз. 

Қазақ халқының ежелден келе жатқан ауыз әдебиеті өнерінің бірі – айтыс. Тарихқа шегініс жасасақ, сұрапыл соғыстың жалынды өрті қызып жатқан уақытта да сол кездегі Үкімет басшысы (1938–1952), ұлт қайраткері, лингвист-ғалым Нұртас Оңдасыновтың басшылығы кезінде 1943 жылы, одан кейін 1951 жылға дейін тек республикалық іс-шараларда ғана өткен ақындар айтысының бәсі жоғары болған. Содан кейін бәсеңдей бастаған төл өнерімізді қайтадан қолға алып, аудан, облыс, республикалық сахнаға қайта шығарған немесе ақындар айтысының қоғамдық мәнін, маңызын арттырған да – Өзбекәлі Жәнібек. Ол кісі қазақтың құт-берекесі (1935 жылы бүкіл дүниежүзі көрмесі, Ленинград – қазіргі Санкт-Петербургке апарылған) тайқазанның араға 54 жыл салып, 1989 жылы қайтадан Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесіне келуіне де ықпал етті. Бұл істің мемлекеттік деңгейде шешілуіне ықпал жасаған да Өзбекәлі Жәнібеков. 

Ал тайқазан Түркістанның ғана емес, барша қазақтың ортақ қазынасы. Ол Әзірет Сұлтан мазарында жерленген қазақтың хандары, батырлары мен билері – Есім хан, Тәуке хан, Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібектердің жоғалып кеткен құлпытасына дейін жинап, ретке келтіріп, олардың қабірін, қойылған орындарының бірсыпырасын деректермен дәлелдеген нағыз тарихшы этнограф-ғалым. Өз-ағаң қазақтың тарихы мен мәдени ескерт­кіштерін сақтау және қалпына келтіруге арналған «Арқас» қоғамын құрады. Осы «Арқас» тарихи-танымдық сериясы бойынша көптеген кітаптар жарыққа шықты. Халық жадынан өшпес тұлғаларымыз, саяси репрессия құрбандары Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Ай­мауытұлы, Міржақып Дулатұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, тағы басқа арыс­тарымыздың ақталуына, тарихы­мызға, мектеп оқулықтарына енгізу жөніндегі жасаған жұмысын кейінгі ұрпақ ұмытпайды.

Ол халқымыздың тарихи мұралары мен ескерткіштерін, ұлттық киім, ою-өрнек, сәулет, би өнерін зерттеп, монография жазған жасампаз ғалым. Әсіресе, кең ауқымды екі томдық «Тағдыр тағылымы» кітабында өзінің өмір жолын айрықша толғаныспен жазады. Этнографиялық ғылыми еңбектері, рухани құнды кітап­тары әлі талай ұрпақтың ой-санасын жаңғыртары анық. Бағалы әрі рухани құнды «Ежелгі Отырар», «Жаңғырық», «Жолайрықта», «Алтын домбыра жайлы аңыздың ізімен», «Уақыт керуені», «Қазақ киімі», «Дәстүр және уақыт», «Эхо», «Первый этнограф Казахстана» тағы басқа көптеген еңбектерді жазып, тірнектеп жинап, шәкірттеріне қалдырды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰҒА академигі, заң ғылымының докторы, профессор Сұлтан Сартайұлы атамыздың «Кейде адамның өмірі ағып өткен жұлдыздай, істеген ісі, өнері, ұмытылмас мың жылдай» деген өлең жолдарын еске түсірмеу мүмкін емес. 

Қашанда біртұтас ұлт қағидатын сақтайтын ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халқымның сенімі – маған аманат» атты мақаласында «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген сөзді бекер айтқан жоқ. Елге арнап айтты. Ал кемел ойдың кемеңгері Өзбекәлі Жәнібек әділдіктің салтанат құруы үшін ұлтқа адал қызмет еткен, марқасқа ұлдардың бірі. Дәл бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда мұндай озық ойлы, отаншыл адамның көп болуы керек-ақ. Ең маңыздысы сол, Өзбекәлі Жәнібек мектебінің ұлағаты ғасырлық, ол ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жалғаса береді.

Өзбекәлі Жәнібек 1998 жылдың 22 ақпанында дүниеден озды. «Жақсының аты, ғалымның хаты, әділдіктің заты өлмейді» деген халық нақылы бекер айтылмаса керек. Ал елі үшін еңбек етіп, ғибратты ғұмыр кешкен Өзбекәлі Жәнібек шынында да қазақ елі аман-сау тұрғанда арымайтын, уақыт жылжып, ғасыр өткен сайын елінің дара азаматы, арда тұлғасы болып қала беретін ұлтымыздың ұйытқысы екені хақ.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 23 рет