Дүйсенбі, 11 Қараша 2019 11:24

Түркістанда МӘМС жайлы түсіндірме жұмыстары жалғасуда

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) жүйесі 2020 жылы жүзеге асыру мәселесіне зор жауапкершілікпен қарап, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырған болатын.

Осыған орай Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев бастаған топ Түлкібас ауданының тұрғындарымен кездесіп Медициналық сақтандыру жүйесінде және тегін медициналық көмек жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Алғаш сөз кезегін алған Мұқан Кеңесбекұлының пікірінше, жүйе жүзеге асқан соң медициналық қызметтердің сапасы айтарлықтай жақсарып, бәсекелестік артады, әр адам өзіне ұнаған дәрігерді немесе емхананы таңдау мүмкіндігіне ие болады.
-МӘМС пакетіне табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін: МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер де енгізілді. Сондай-ақ, кепілдендірілген тегін көмек пакетіне енбеген сырқаттарға шалдыққан жағдайда стационарды алмастыратын көмек пен жоспарлы стационарлық көмектер осы пакет шеңберінде көрсетіледі.

Айта кетерлігі, еліміздегі кенжелеп қалған медициналық оңалту, қалпына келтіру көмектері жоғары тарифтермен кең ауқымда көрсетіледі. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық қызметкерлер әлеуметтік медициналық сақтандырудың толыққанды қатысушылары бола отырып, сапалы және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар, жұмысқа ресми түрде орналаспаған, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт бойынша қызмет көрсетпейтін азаматтар дербес төлем жасаушылар санатына жатады, сондықтан МӘМС жүйесіне қатысу үшін олар бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жасауы қажет – деді, Асхат Бейсенбаев.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 623 рет