Бейсенбі, 21 Қараша 2019 03:15

Түркістан облысы: Сарыағаш ауданында «Көк төбе» бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету орталығы ашылды

Бүгін Дербісек ауылдық округінде заман талабына сай «Көк төбе» бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету орталығы ашылды. Нысанның ашылу салтанатына арнайы келген облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы М.Егізбаев жаңа нысанның лентасын қиып, ақ халатты абзал жандардың алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. 

Сонымен қатар аудан әкімі М.Отаршиев, облыстық мәслихаттың депутаты А.Салимов, ауыл ақсақалы Б.Нұрбеков те көпшілікке өзінің жүрекжарды ізгі тілектері мен ақ батасын берді. Осыдан кейін мердігер мекеменің «Arkua group» ЖШС-нің басшысы Б.Абишев орталық меңгерушісі Б.Есенбековаға ғимараттың кілтін табыстап, нысанды ресми түрде пайдалануға берді. Осындай игілікті істің куәсі болған Дербісек ауылдық округі тұрғындары аудан әкімдігіне өз ризашылықтарын жеткізді. Іс-шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.

Айта кетейік, медициналық мекеме заман талабына сай медициналық құралдармен жабдықталған. Мұнда акушер-гинеколог, усчаскелік дәрігерлер, невропатолог, кардиолог, лор, инфекционист, хирург, травматолог, окулист, мейірбике, кіші қызметкерлер және УЗИ-диагностика дәрігері медициналық қызмет көрсетеді. Сонымен қатар аудан тұрғындарына қызмет көрсетіп отырған аудандық орталық ауруханасының ғимаратында «Жарақат бекеті» және «Қабылдау бөлімі» заман талабына сай салынып, ауруханаға келушілерге жылдам көмек көрсету мақсатында ескі лифтілер жаңартылды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 603 рет