Сейсенбі, 07 Сәуір 2020 12:48

Шымкент: Үшемдер үйлеріне шығарылды

Шымкентте үш баланың анасы үшемді дүниеге алып келді. Қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлері мерзімінен бұрын туған үшемді аман алып қалды. Бес күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан сәбилердің беті бері қарап, бір айға жуық арнайы күтім жасайтын бөлімшеде дәрігерлердің бақылауында болған. Қазір жағдайлары жақсарып, үйлеріне шығарылды. 

Шымкенттің үшінші үшемі 16 наурызда дүниеге келген. 34 жастағы Арайлым Сембиеваға шұғыл түрде ота жасалып, сәбилер айы-күні толмай, дүние есігін ашқан. Қалалық перинаталдық орталық дәрігерлерінің қатаң бақылауында болған шақалақтардың әрқайсысы бүгінде салмақ қосып, жағдайлары жақсарған. «Қазір олардың өміріне еш қауіп жоқ», - дейді мамандар. Жақындары нәрестелерге Медина, Алина және Ясина деген есім беріпті. Үшемдерді үйінде күтіп отырған 2 ағасы мен бір әпкесі бар. Дәрігерлердің біліктілігі мен тынымсыз еңбегінің арқасында балаларын аман-есен бауырына басып, перзентханадан шыққан ана ақ халаттыларға алғысын білдірді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 563 рет