Сейсенбі, 07 Сәуір 2020 13:26

Шымкентте модульдік инфекциялық жаңа аурухананың құрылысы жүріп жатыр

Вирус жұқтырғандардың саны артуына байланысты Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында шұғыл түрде модульдік инфекциялық жаңа ауруханалардың құрылысы жүріп жатыр. Компания мердігерлерінің айтуынша, қазір бетон жұмыстары аяқталып, модульдік құрылымдық жұмысы жүргізілуде. 

Нысандар халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес салынады. «Қазіргі ауруханалар 60-70-ші жылдары салынған. Олар әрдайым заманауи стандарттарға сәйкес келе бермейді. Бұл мәселелер модульдік құрылымдарды салу кезінде ескерілетін болады», – дейді денсаулық сақтау саласының өкілдері.

Бұған дейін үш карантиндік медициналық модуль құрылысына 14,8 млрд. теңге бөлінеті белгілі болған-ды. Шымкенттегі аурухана көршілес Өзбекстан елінің тәжірибесіне сүйене отырып салынады. Яғни жеке желдеткіші бар контейнерлерден құрылатын болады. Ауруханалар дәрігерлерге қысқа мерзімде тапсырылуы қажет екенін атап өткен жөн. 

«Дүниежүзін дүрбелеңге салған COVID-2019 вирусын жұқтырғандар саны әлемде өршіп, бүгінде 1,5 млн.-ға таяды. Індет құрбандарының саны70 мыңнан асады. Вирустың «отаны» – Қытайда ауру жұқтырғандар мен одан көз жұмғандар саны күрт азайса, керісінше, Еуропада жағдай ушығып кетті. Кесе-көлденең келген кеселден адамзат шынымен де абдырап қалды. Бүгінге дейін күллі әлем Қытайға қарап алаңдап отыр еді, енді әр ел өз жағдайын ойлап, мазасы қашты» - дейдіШымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Амангелді Нұрлыбаев.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 438 рет