Сейсенбі, 27 Қазан 2020 21:40

Түркістан: 200 орынды жаңа аурухананың құрылысы жуырда аяқталады

Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында 200 төсек-орынға негізделген модульді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы жүріп жатыр.

Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды Түркістан облысының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Жыл бойынша елімізде 13 модульді инфекциялық стационар салынуы жоспарланған болатын. Аталмыш тізімдегі модульді инфекциялық стационардың бірі Түркістан шаһарындағы нысан болып табылады.

Айта кетерлігі, 200 төсек-орынның 180-і инфекциялық жұқпалы ауруларға, ал 20 орын болса реанимациялық ауруларға арналған. Ауруханада цифрлы рентген аппараты, ултрадыбыстық аппараттар және тағы басқа озық үлгідегі техникалар емделушілерге қызмет ететін болады.

Айта кетейік, нысанның құрылысы жоспарланған аймақта барлық қажетті инженерлік желілер мен көлік инфрақұрылымы бар. Жалпы, инфекциялық стационардың құрылыс жұмыстары қараша айында аяқталады деп жоспарлануда.

Қазіргі уақытта Түркістан облысы пандемияның болуы мүмкін екінші толқынына тиянақты дайындық жасап жатыр. Сонымен қатар, өңірдегі өзге облыспен шектесетін жолдарға блок-бекет қою туралы шешім шықты.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат            

Оқылды 420 рет