Сейсенбі, 14 Маусым 2022 20:03

«AZALA TEXTILE»: ҚАЛА КҮНІНЕ100 ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫН АШТЫ

 «Қала күні» мерекесі қарсаңында «AZALA Textile» фабрикасы өндірісін кеңейтті. Өндірістік қуаттың ұлғаюына байланысты мұнда қосымша 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Фабриканың салтанатты іс-шарасына қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, кәсіпорынға табыс пен өркендеу тіледі.

 –Баршаларыңызды келе жатқан қала күнімен құттықтаймын. Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда Шымкент қаласында қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгін шырайлы Шымкент қаласының туған күні қарсаңында «Azala Textile» фабрикасының тігін өндірісінің кеңейтілуіне байланысты салтанатты іс шараға қатысып отырмыз. Осы сәтті пайдалана отырып, кәсіпорын басшысына қаламыздың экономикасының дамуына қосып отырған үлесі үшін алғыс білдіріп, тағы да шын жүректен құттықтаймын, -деді қала әкімі. «Azala Textile» ЖШС – Шымкент қаласындағы толық циклдегі жалғыз тоқыма комбинат. Тігін өндірісін кеңейту үшін фабрикаға қосымша 200 млн. теңге инвестиция құйылып, 80 жуық тігін машинасы орнатылыпты. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақта орналасқан кәсіпорын тоқыма бұйымдары, медициналық төсек –жабдықтар мен отандық құрылыс компанияларының арнайы киімдерін өндіреді. Фабрикада әскери киім тігуге арналған «Берік» атымен белгілі болған мата әзірленіп, қазіргі уақытта халықаралық зияткерлік патенттеуден өтуде. Жаңадан өндірілген мата (камуфляж) сапасы жағынан Ресей елінің маталарынан кем түспейді. Қазіргі таңда «Azala Textile» фабрикасы ҚДС (мемлекеттік қорғаныс тапсырысы) бойынша Қазақстан Республикасының әскери құрылымдарының киімдеріне арналған маталарды өндіретін еліміздегі жалғыз кәсіпорын.

Тілге тиек етейік, «AZALA Textile» тоқыма өндірісі мақта-мата киім маталарын - бөз, миткаль, ені 155-тен 320 см-ға дейінгі атлас, киетін-твилл, дрилл, ені 160 см жартылай панама және орамал, түкті вафельді топтарды дайындайды. Мұнда жылына 35 млн шаршы метр мата өндіріледі.

Айта кету керек барлық құрылғы компьютерлік бақылау арқылы атқарылады. 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Оқылды 2982 рет