Жұма, 17 Маусым 2022 19:55

АБАЙЛАҢЫЗ, ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРЫЛҒАН!

Шымшаһарда осындай жазуы бар орындар көбейді. Себебі, жаз басталып, күн ысығалы қалада шыбын-шіркей, маса мен кеміргіштер көбейді. Осы орайда сала мамандары өалада залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда масаға қарсы дәрі бүрку жұмыстарының екінші кезеңі жүзеге асырылды. Жалпы, қалада мұндай залалсыздандыру жұмыстарының 4 кезеңі жоспарланған. Бұған қоса кеміргіштерге қарсы күрес те қатар жүргізілуде.

Жауапты мамандар дендросаябақ пен «Қасірет» мемориялы секілді адамдар көп жүретін қоғамдық орындар аумағында залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Мұндағы жолдардың бойына арнайы техникамен дәрі бүркілді.

Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы өкілдерінің мәліметінше, бұл дәрі тек масаға әсер етеді, адамдар мен құстарға зиянды әсері жоқ.

– Қаламызда биыл бірінші рет қолға алынған масаға қарсы дәрілеу жұмыстарына сәйкес, жалпы аумағы 4 млн шаршы метрге жуық жерді өңдеуден өткізу жоспарланған. Оның ішінде 1,3 млн шаршы метр – өзен-каналдар аумағы, 2,3 млн шаршы метр – саябақтар аумағы, ал қалған 855 мың шаршы метр – гүлзарлар мен аллеялар аумағы. Залалсыздандыру жұмыстары жаз бойы жүргізіледі. Саябақтар мен гүлзарлардағы тиісті жұмысты – бір мекеме, ал өзен-каналдар аумағында екінші мекеме жүргізеді, – деді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров.

Мамандардың айтуынша, бұған қоса, қала аумағындағы кеміргіштерге қарсы улау және ауыл шаруашылығы жануарларының энзоотиялық ауруларына қарсы жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде жылқы мен шошқаға дәрі бүркілсе, уақ мал арнайы сұйықтыққа тоғытылады, қора-жайлар мен буферлік аумақтарға дәрі бүркіледі.

Айта кетейік, көп қабатты тұрғын үйлердің қоқыс-жәшіктері, өзен-каналдар аумағын залалсыздандыру жергілікті бюджет есебінен тегін жүргізілетін болады. Ал жеке үйлер мен кәсіпкерлік нысан иелері өз қаражаты есебінен жүргізуге міндетті. 2022 жылы кеміргіштерге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге 9 916,6 мың теңге қаржы қаралған.

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Оқылды 3088 рет