Super User

Super User

Облыстық полицейлер спорттық марафонға қатысты

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің маңызды бөлігі ретінде қарастырылатын жастар мәселелеріне ерекше назар аударатыны белгілі. Жалпы жас ұрпақты есірткіні қолданудан қорғау және оларды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру-біздің міндетіміз. 

     Бүгінгі таңда осы мақсатта Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері түрлі жедел-профилактикалық іс-шаралар, соның ішінде "Есірткісіз болашақ" бір айға жоспарланған акциясын өткізуде. Мәселен Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Түркістан облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп, мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдары арасында Түркістан облысының құрылуының 4 жылдығына, 23 маусым - мемлекеттік қызметшілер күніне және 26 маусым - Халықаралық нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес күніне арналған марафон өткізді.

 Облыс орталығы - Түркістан қаласында өткен марафонға Түркістан облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Мәди Қожамұратов және 200-ге жуық мемлекеттік қызметші, құқық қорғау органдары мен күш құрылымдарының қызметкерлері қатысты.

 Спорттық іс-шараның қорытындысы бойынша Түркістан облысы ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері жүлделі орындарға ие болды. Нақтырақ айтсақ полиция капитаны Орынғай Нұрболат І-орынды қанжығасына байлады. Ал Қанатбек Сұлтанов пен Ғабит Елеусізұлы ІІ-орынды жеңіп алды. Іс-шара соңында барлық жеңімпаздар мақтау қағаздарымен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ марафонды ұйымдастырушылар мен қатысушылар естелік суретке түсті.

          Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Мәди Қожамұратов атап өткендей, мұндай маңызы зор іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Сондай-ақ тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға және есірткіге қарсы күреске өз үлесін қосуға шақырды.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Төлебилік ауыл тұрғынының үйінен есірткі заты тәркіленді

Төлеби аудандық полиция бөліміне ауыл тұрғындарының бірінен хабарлама келіп түскен.  Әйел адам онда өз танысының есірткіге ұқсас өсімдік өсіретіндігі туралы айтқан. Аталған жайтты полиция қызметкерлері  ҚР ҚК-нің 300-бабы «Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру» бойынша тіркеуге алды.

Осы жайтқа байланысты аудандық полиция қызметкерлерінен жедел тергеу тобы құрылды. Олар күдікке ілінген азаматтың жеке басын анықтап, тұрғылықты мекенжайына шықты. Полицейлер оның үйін тінту кезінде ауласында өсіп тұрған есірткіге ұқсас өсімдікті тапты. Полицейлер оны айғақты зат ретінде тәркілеп, сараптамаға жолдады. Сараптама қорытындысына сәйкес аталған өсімдіктер  «сора» есірткі заты деп анықталды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.  Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. 

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға заңсыз есірткі затын өсіру, баптау, тасымалмен айналысу қатаң жазаға тартылатындығын ескертеді. Бұндай өсімдіктер адам денсаулығына аса зиян келтіретіндігін еске салады.

 

 

                                                                                                                                                                   «AQ-QARA.KZ»- ақпарат

«Полицей физикалық тұрғыдан да, моралдық тұрғыдан да мықты болуы қажет»

Полицияның негізгі жұмысы – қылмыспен күрес. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз 9 жылдан бері қылмысты ашу, тергеу салаларында қызмет атқарып, қарымды еңбек  етіп жүрген білікті  маман. Ол – Қазақстан полициясының құрдасы, Түркістан облысы ПД   Жетісай АПБ криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция майоры Әлішер Есалиев Мамадиярұлы.

Әлішер өзі Жетісай қаласының тумасы. Ол мектеп жасынан полицей болуды армандап, 11 жылдық білім алған соң, 2009 жылы Бәрімбек Бейсенов атындағы ҚарАғанды академиясына оқуға түскен. Тіпті  құқық қорғау саласына қызмет етемін деп бала кезінен физикалық тұрғыдан өз бетінше шыңдалып, жекпе-жек өнерінің бір түрі каратэмен айналысқан. Бұған қоса бұл спорт түрінен жақсы көрсеткіштер көрсетіп, Қазақстанның түкпір-түкпірінде болған  дүбірлі додаларда топ жарып, Қазақстан чемпионатында бас жүлдені қанжығалап, «спорт шеберлігіне үміткер» атағын иеленген. Әлішер алғашқы қызмет жолын Қарағанды академиясын тәмамдаған соң, 2013 жылы Отырар АПБ-де тергеуші болып бастады. Міне сөйтіп жекпе-жек өнерінің әдіс-тәсілдерін керемет игерген каратэші жігіт, қылмыс ашудың қыр-сырын шебер меңгерген тәжірибелі тергеушіге айналды. Болашақ майор бұл лауазыммен 2014 жылы Мақтаарал  АПБ-де қызмет етіп, одан кейін Жетісай АПБ-ға ауысып, 5 жыл бойы тергеу саласында аянбай тер төкті.

 -Қылмыстарды ашып, тергеу амалдарын жүргізу өзіме ұнайтын жұмыс. 2018 жылы лауазымым өзгерсе де бұл саладан алшақтап кетпедім. Себебі бұрын қылмысты тергесем, қазір қылмыс ашумен айналысатын жедел уәкілмін. Біздер қауіпті сәттермен жиі кезігеміз. Қалай дегенмен қылмыс жасаған адам тек қолға түспеудің амалын жасап, ештеңеден тайынбайтыны айдан анық. Міне осындай сәтте бала кезден спортпен айналысуым көп септігін тигізеді. Қазір де жұмыстан қолым босағанда бұрынғыны еске түсіріп, жаттығу жасап тұрамын. Өйткені полицей физикалық тұрғыдан да, моралдық тұрғыдан да  мықты болуы қажет»,-дейді полиция майоры.

Криминалдық бағытта қызмет атқарып жүрген жедел уәкіл, түрлі мал ұрлықтарын, пәтер ұрлықтарын әшкерелеп,  арам оймен ақша табатын алаяқтардың жолын кесіп, қаншама  қылмыскерлерді құрықтауда белсенді қимылдады. Сол еңбектері еленіп,  түрлі  іс-шараларда, полицияның 25 жылдық мерекесінде, 10 жыл бойы қызметін адал атқарған әріптестерінің арасында алдыңғылардың бірі болып, медалдармен наградталып, арнайы алғыс хаттармен марапатталған. «Ұлық болсаң кішік бол» дегендей Әлішер әрдайым айналасына ізеттілік көрсетіп жүреді. Өзінің атақ-дәрежесі жеткілікті болса да әріптестерінің алдында кеудесін керіп, мақтанған кезі болған емес. Және осындай қасиеті үшін қызметтегі, өмірдегі достары оны қатты құрметтейді. Ендеше мамандық таңдаудан қателеспеген,   орда бұзар азаматтың алдағы қызмет жолына сәттілік, үлкен абырой, сарқылмас күш-қуат тілейміз!

  

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

Түркістан: Спорттық сайыстардан жүлделі орын алған полицейлер марапатталды

Тәртіп сақшылары қылмыспен күресу жолында ғана емес, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, түрлі спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Атап айтар болсақ, Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында спортшы полицейлерді департамент бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов өзі арнайы марапаттады. Жеңімпаз тәртіп сақшысының бірі – полиция капитаны Жәнібек Айдарбек. Ол Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласында ересектер арасында «Әмбебап» жекпе-жек спорт түрінен өткен жарыста «Спорт шебері» атағына қол жеткізген. Сонымен қатар  қаламызда өткен «Грэплинг» спорт түрінен Түркітілдес мемлекеттер арасында өткен Халықаралық турнирде 83 кг салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған.  Ал осы жарысқа 91 кг салмақта қатысқан полиция аға лейтенанты Жолдасбек Ануаров I-орынды иеленген. Аталған полицейлер арнайы медаль, дипломмен марапатталды.  Біз де жүлделі орындарға ие болған полиция қызметкерлерін құттықтаймыз. Алар асуларыңыз бен шығар белестеріңіз көп болсын! Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

 

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Осы RSS каналға жазылу