Super User

Super User

ТҮРКІСТАНДА ЖОЛ АПАТЫ 41%-ҒА АЗАЙДЫ

Түркістан облысында «Сергек» орнатқалы жол-көлік оқиғалары салдарынан жарақат алушылар саны 41% азайды. 2020 жылы өңір республика бойынша жол апатынан қаза тапқандар саны бойынша 2-ші орында болған. Бүгінде бұл көрсеткіш төмендеген.

Бүгінде пилоттық жоба аясында Түркістан қаласының қиылысында 26 «Сергек» камералары орналасқан. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер өткелі бар жерлерде 30 желілік «Сергек» кешендері және қала ішіндегі қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында қойылған 200 бейнебақылау камералары жұмыс істеуде.

Былтыр «Сергек» пилоттық жобасын іске асыру бойынша Түркістан облысының әкімдігі мен полиция департаменті және «Көркем Телеком» ЖШС арасында меморандумға қол қойылған болатын. 

Сондай-ақ Түркістан қаласында «Қорғау»  жүйесі іске қосылды. Аталған жүйе  «Сергек» камераларының көмегімен патрульдік полиция қызметкеріне 10 минут ішінде жол жүру ережесін бұзған автокөліктерді, жалған нөмірлер орнатылғанын, айыппұл төленбегенін хабарлай алатын немесе іздеуде жүрген қылмыскерлер туралы ақпаратты беріп отырады.

Облыс аумағындағы автокөлік тас жолдарында орналасқан «Сергек» кешеніндерін айта кететін болсақ, бұл желілік камера кешендері P-31 автожолының Кентау-Түркістан бағыты бойында (Оранғай ауылдық округі), М-32 халықаралық автожолының Түркістан-Шымкент бағыты бойында (Спатаев, Көкарал, Қайнар, Шұбарсу елді мекендері), А-2 автожолының Түлкібас-Шымкент пен Шымкент-Ташкент бағыттары бойында (Атамекен, Құлтума, Қарабұлақ, Рабат елді мекендері), А-15 автожолының (Бесқұбыр және Жаңа Дәүір ауылына бұрылған жерде) бойында орналасқан.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Сейфудин -- Жылдың үздік полицейі

Сейфудин Әмірбайұлы Айтбаев дүниеге келген жыл Қазақстан полициясының құрылуымен тұспа-тұс келген болатын. Жастайынан өзін полиция формасында елестететін бала Сейфудин Келес ауданындағы мектептің 9 жылдығын аяқтап, Шымкент қаласында Манап Өтебаев атындағы колледжге құқықтану мамандығы бойынша оқуға түседі. Және мұнымен тоқтап қалмай, колледжді бітірген бойда Шымкент университетіне барып, құқықтану саласын тереңірек зерттеп оқиды. Алайда алға қойған мақсаты бірден орындала қоймады. Өз дегеніме қалай да болса жетпей қоймаймын деген талапшыл жігіт Түркістан облыс орталығына айналған жылы құқық қорғау саласындағы алғашқы еңбек жолын бастады. Ол Түркістан облысы Полиция департаменті Жедел басқару орталығында 1 жылдан астам нәтижелі жұмыс атқарды. Содан соң Келес ауданы полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі патрульді полиция тобының инспекторы болып, яғни өзінің туған жеріне қызметке орналасты.

– Әрбір полиция қызметкерінің өз қызметіне сай мойнына жүктелген міндеті бар. Сол секілді азаматтардың жол ережесін сақтап жүруін бақылауда ұстау менің жұмысым. Бұл біріншіден тұрғындардың өз өмірлерінің қауіпсіздігі, екіншіден маған берілген қатаң тапсырма. Қазіргі таңда жол бойында орын алатын апатты оқиғалардың алдын алу бойынша нақты жоспарлармен іске кірісудеміз. Тіпті ереже бұзған азаматтарға жауапкершілік пен жаза күшейгені белгілі. Әрине мұндай жасалып жатқан әрекеттер әрбір адамның өміріне алаңдаушылықтан жасалып жатыр.

Өзіне берілген тапсырманы мүлтіксіз орындауға дағдыланған құқықтық сауаты өте жоғары лейтенант үнемі белсенділік танытып жүреді. Және осы еңбегі еленіп, 2020 жылдың қорытындысы бойынша аудандағы «Жылдың үздік полициясы» номинациясының иегері атанған болатын. Бұдан бөлек облыс, аудан атынан алған марапаттары жетерлік. Қазіргі таңда 1 қыз бен 1 ұлдың әкесі атанып отырған Қазақстан полициясының құрдасы орда бұзар отызға аяқ басты. Ендеше жол жүрісінің тұрақтылығы, сақшының қырағылығы болған соң лейтенанттың қызметтегі дәрежесі биіктей берсін демекпіз. Осыдан 4 жыл бұрын жаңа облыстың жап-жаңа полицейі атанған Сейфудиннің Түркістанмен бірге түлеп, халықтың алғысына бөленіп, Республика мен облыстың «жылдың үздік полициясы» номинацияларын жеңіп алуына тілектеспіз!

 

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Мақтаарал: Балаларға кітап сыйлады

 Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Әділбек Сапарбеков пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері, «Мейірім-шапағаты» оңалту орталығының мүмкіндігі шектеулі балаларына тосынсый жасады. Полицейлер ерекше бүлдіршіндердің сауығып, қанаттанып кетуіне ниет білдіріп, түрлі тәттілер мен балалардың ой өрісін дамытатын «Халық ертегілері» кітаптарын тарту етті. Сонымен қатар денсаулықты жақсартып, балалардың сауығып кетуіне жәрдемші болатын жаттығу жасауға арналған спорттық құрал-жабдықтар сыйлады.

 

 

 «AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

 

Кентаулық тәртіп сақшыларының балалары сурет салудан сайысты

Кентау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері жасөспірімдер арасында көркем сурет салудан жарыс ұйымдастырды. Ерекшелігі сол, сайысқа полиция қызметкерлерінің 20-ға жуық ұл-қыздары қатысты. Жарыс барысында учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Бекзат Қабылбековтың қызы, А.Бөкейханов атындағы №23 мектептің 1 «в» сынып оқушысы Еркеназ Болат топ жарып шықты. Жарыс жеңімпазы Кентау қалалық полиция бөлімі бастығының грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар сайысқа қатысқан барлық балаларға ынталандыру ретінде алғыс хаттар беріліп, сыйлықтар табысталды. Бұл бағыттағы шаралар полицейлер тарапынан алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Осы RSS каналға жазылу