Super User

Super User

БЕЛСЕНДІ ӨМІР СҮРУ ОРТАЛЫҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ

Шымкент қаласындағы зейнеткерлерге арналған Белсенді өмір сүру әлеуметтік-медициналық орталығы жалғызілікті қарияларға күні бойы қызмет көрсете бастады. Бұл мақсатта орталық жанынан 8 сағаттық күндізгі стационарлық жағдайда сауықтыру шараларын көрсететін арнайы бөлімше ашылды.

 

Бүгін қала әкімі әлеуметтік қызмет көрсету нысандарын аралау барысында осы орталықтың бөлімшесіне арнайы барып, қызмет сапасын бақылады.

 

Қазір  Шымкент қаласында 83 928 зейнеткер бар, оның 568-і жалғызілікті қариялар. Жалғызілікті қарттарға арналған бөлім ашуды қала әкімі Мұрат Әйтенов өткен жылы орталықты аралау барысында тапсырған болатын. Қала әкімі бастамасымен ашылған бұл сауықтыру бөлімшеде дәрігерлік тексеру, фитобар, емдік массаж бен физиотерапия кабинеті мен тұз шахтасы, сурет салу, қыш қолөнер шеберханасы мен еңбек терапиясы секілді 27 сауықтыру қызмет түрі бар. 25 орынға лайықталған бөлімде 3 мезгіл ыстық тама та қаралған.

 

–Кәрілік шағында қараусыз қалған қарияларымызға асқан қамқорлық қажет. Онсыз да жалғыздық адам жанына бататыны анық. Бөлімшені ашудағы мақсатымыз – оларға барынша қамқорлықпен емдік-сауықтыру шараларын көрсету болатын. Орталық мамандары қарияларға барынша мейірімділікпен қарап, жоғары сапалы қызмет көрсетуі қажет,-деді қала әкімі.

 

Сауықтыру мекемесінде 300-ге жуық зейнеткерге күнделікті 2 ауысымда 4 сағаттық арнаулы әлеуметтік қызмет түрлері көрсетіледі.  Күн тәртібі дәрігерлік тексеруден басталады. Қарияларға қызмет көрсету үшін кардиолог, терапевт, невропатолог және физиотерапевт дәрігерлері жұмылдырылған.

 

Бұл жерде емдік дене шынықтырудан бастап йога, би, бильярд, үстел теннисі, тренажерлық жаттығулар да қаралған. Қызмет алушылардың кино, сенсорлық бөлме, кітапханада демалуға мүмкіншіліктері бар. Белсенді өмір сүру ұзақтығын қалыптастыру мақсатында дендросаябаққа, театр және спорт кешені мен бассейнге бару кестесі түзілген.

 

Осы орталық қызметін алуға ниеттенген зейнеткерлер қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына өтінім қалдыруы қажет. Әрі қарай кезектік негізде емдеу-сауықтыру іс-шараларымен қамтылады.

 

«ШАРЫҚТАЙ БЕР, ШЫМҚАЛАМ!» КОНЦЕРТІ ӨТТІ

Үшінші мегаполистегі Қала күніне арналған іс-шаралар гала-концертпен қорытындыланды. Әл-Фараби алаңында өткен мерекелік кешті Айгерім Қалаубаева, Ғазизхан Шекербеков, Ләйлә Сұлтанқызы және Нұрсұлтан Құрман жүргізді.

«Құрметті шымкенттіктер, қадірлі достар! Бүгін барлығымыз Шымкент қаласының туған күнін атап өтеміз. Сондықтан, бүгін барлығымыз шымкенттікпіз, жерлеспіз» деген жүргізушілер түрлі қызықты сұрақтар қойып, естеліктер айтып, көпшіліктің көңіл-күйін көтеруге атсалысты. Ал қала әкімі Мұрат Әйтенов мегаполис тұрғындарын құттықтады.

– Құрметті шымкенттіктер! Баршаңызды қала күнімен құттықтаймын! Шымкент тұрғындарының орташа жасы – 28-де, қаламыз жастардың қаласы саналады. 2200 жылдан астам тарихы бар шаһардың мегаполис атанғанына да биыл 4 жыл толды. Осы  уақыт ішінде қалада көптеген өзгеріс орын алып, Шымкент бұрынғыдан да дами түсті. Бүгін футболшыларымыз да қала күніне сыйлық жасады. «Ордабасы» клубы Оңтүстік дербиінде «Тараз» командасынан 3-2 есебімен басым түсті. Ал осынау мерекелік концертті ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін. Шымкент қаласы дами берсін! – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Бұдан кейін Қазақстан эстрадасының жұлдыздары көпшілікке арнап ән салып, концерт көркін қыздыра түсті. Халық алдында Заттыбек, Медеу Арынбаев, Бауыржан Исаев, Айгерім Қалаубаева, Ғазизхан Шекербеков, «Жігіттер», FM топтары және тағы да басқа өнерпаздар өнерлерін паш етті.

Айта кетейік, қала күні қарсаңында Шымшаһарда мәдени, экономикалық, әлеуметтік бағытта бірнеше іс-шаралар өткізілді. Атап айтар болсақ, екі күнге созылған бос жүмыс орындарының жәрмеңкесі, қолөнершілердің көрмесі, үлгілі отбасылардың сайысы, азық-түлік жәрмеңкесі, жүгіру марафоны мен балмұздақ фестивалі сияқты іс-шаралар шымкенттіктер мен қала қонақтарының назарына ұсынылған болатын.

 "AQ-QARA.KZ"-ақпарат

 

 

ШЫМКЕНТТЕ РӘМІЗДЕР ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

Шымкентте бір топ шерушілер Мемлекеттік рәміздерді ұлықтау мақсатында автокөлікпен, велосипедпен қала аумағынан жүріп өтті.

 Мемлекеттік рәміздерге 30 жыл толды.

 Атаулы күнге орай, ҚР Мемлекеттік Ту ұстаған шымкенттік шерушілер үш бағытпен жүріп өтті.

Алдымен 30 автокөлікке отырған шерушілер Төле би көшесінен шығып Ордабасы алаңында бас қосса, 30 велоспортшылар Қазыбек би көшесі арқылы олар да осы алаңға жетті. Ал үшінші топ— Ту көтерген 30 еріктілер Әйтеке би көшесінен өтіп олар да Ордабасы алаңына келді.

 Шерушілер Мемлекеттік рәміздер еліміздің тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі екенін көпшілікке паш етті. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер екенін осы іс шара арқылы жеткізді.

 Мерекелік іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық маслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов және депутаттар, қоғам қайраткерлері, Ауған соғысы ардагерлері, еріктілер, белсенді жастар қатысты.

 

 Іс-шара Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен өтті.

Айта кетейік, Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.

Еліміз­дің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба тәуелсіздігіміздің жариялануының дәл 130-шы күні, яғни 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілгенінен оқырман қауым хабардар болса керек.

 Біле білсеңіз, рәміздер жобаларын жасау конкурсында 600-ден астам адам қатысқан екен. Мемлекеттік ту эскиздері бейнеленген шығармашылық еңбектері бар түскен өтінім 1200-ді құраған. Сондай-ақ конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты.

 

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

ШЫМКЕНТТЕ "BALMUZDAQ FEST" ӨТІП ЖАТЫР

Шымшаһардың туған күніне арналған іс-шаралардың ең тәттісі  басталды. Арбат саябағында мегаполисте бұрын-соңды болмаған «Balmuzdaq Fest» жобасы өтуде. Осылайша шымкенттіктер балмұздақтың сан түрін өндіруші бағасымен жеу мүмкіндігіне ие болды.

Балмұздақ фестке қатысуға жалпы саны 35 кәсіпкер өтінім білдіріпті. Оның 17-сі балмұздақ сатумен айналысатындар болса, ал 18-і келушілерге ыстық тағам түрлері мен тәттілер ұсынуда.Фестивальде басқа да тағам түрлері ұсынылып, кәуап те пісірілді. Сондай-ақ, келушілер үшін аква грим мен қыш құмыра жасаудан шеберлік сабақтары өткізілді. Алғаш рет өткізіліп отырған іс-шараның мақсаты қала тұрғындары мен қонақтарына жақсы көңіл күй сыйлау дейді ұйымдастырушылар. Олар бұл фестиваль – кәсіпкерлерге өз өнімін таныстыруға үлкен мүмкіндік екендігін айтады.

«Шымкент қаласы қонақжайлылығымен, тағамдарымен әйгілі, ауа-райы да тамаша. Қала тұрғындар мен қонақтары енді біздің балмұздақтан да дәм ауыз тиіп кетсін деп ұйымдастырып жатырмыз. Бүгін бізге тағы да ұсыныс келіп жатыр, даладағы балмұздақ сататындар да мүмкіндік беруді сұрап жатыр. Біз келісімізді бердік, ертең олар да өнімдерін шығарады»,-деді, Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров.

Балмұздақ фестке тек қала тұрғындары ғана емес, шетелдік қонақтар да келіпті. Катар елінің азаматы Абдул Азиз Қазақстанға жасаған іссапарының Шымкенттің туған күнінен тұспа-тұс келгеніне ерекше қуанғанын, мұндай фестивальге алғаш рет қатысып отырғанын айтты.

Екі күн бойы өтетін фестиваль күндізгі 11-ден кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Мұнда тек тіскебасарлар ғана ұсынылып қоймай, келушілерге мерекелік көңіл сыйлау үшін концерттік бағдарлама да ұйымдастырылған.

-  Фестивальде келушілер арасында түрлі ойындар өткізіп, жеңімпаздарға мәдени-тарихи орындарға тегін экскурсия, мейрамханаларға сертифкат сыйға берілді. Жалпы балмұздақ фестивалін жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді жоспарланып отырмыз»,- дейді ұйымдастырушылар.

Қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар шаһардың бірнеше жерінде өтіп жатыр. Мәселен, Абай саябағында «Отбасы фест» байқауына 16 жанұя қатысып, үлгілі отбасыны анықтады. Бірнеше кезеңнен тұратын фестиваль жеңімпаздары қаржылай сыйлыққа ие болды. Ал мегаполистің туған күніне арналған іс-шаралар легі мерекелік концертпен жалғасады.

 

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

 

Осы RSS каналға жазылу