Super User

Super User

ҮЛГІЛІ ОТБАСЫЛАР САЙЫСҚА ТҮСТІ

Қала күніне арналған кереметтей іс-шараның бірі - "ОтбасыFest" байқауы.  Шаһарымыздың сүйікті демалыс орны Абай саябағында өткен отбасылық жарысқа  алдын ала іріктеуден өткен  16 отбасы қатысты. "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды" анықтайтын "ОтбасыFest" байқауы отбасы құндылықтары насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұйыдсатырылып отыр.

Қалалықтардың қуанышымен бөлісуге келген шаһарымыздың бас ұстазы Жанат Тәжиева сайыскерлердің барлығына сәттілік тілеп, жиналған қауымды «Қала күнімен» шын жүректен құттықтады.

— Отан — отбасынан басталады. Сондықтан мемлекет іргесі мықты болу үшін отбасы институты берік болуы тиіс. "ОтбасыFest-тің" көздеген мақсаты да осы. Орын алудан бұрын сахна төріне шығып, жұртшылыққа өнерін таныстырған, отбасы тәрбиесіндегі үлгісі мен тәжірибесін көрсетудің өзі бір бақыт. Біз үшін әлемде жоқ Шымқаладай әсем шаһар біреу ғана. Сондықтан оның дамуына, өркендеуіне үлес қосу әрбір саналы азаматтың парызы, - деді Жанат Арысбекқызы.

Байқау шарты бойынша отбасылар алдымен өздерін таныстырды. Сосын келесі сайыста өнерлерін ортаға салып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Соңғы турда спорттық сайыстан жүлдеге таласады.

Мерейлі де өнегелі отбасылардың арасынан ең үздік деген отбасыны анықтау әділ қазы алқаларына оңайға түспейтіні жасырын емес. Бұл ауыр таңдау  қазылық еткен Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер және білім басқармаларының өкілдерінің еншісінде.  

"ОтбасыFest" байқауында жеңіске жеткен отбасылар бағалы сыйлықтарға ие болады.

Еске сала кетейік, 2018 жылдың 19 маусымында Мемлекет басшысы Шымкент қаласына республикалық дәреже беру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Содан бері 19 маусым Шымкентте Қала күні ретінде аталып өтіледі. Яғни бұл күн Шымкент қаласының мерейлі мерекесі. Биыл мегаполистің туған күнін 4-ші жыл тойлап отырмыз.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Шымкент: Тауарлар 15-20 пайызға арзан сатылды

Жеміс-жидектер, көкөніс пен азық-түлік. Ет, сүт өнімдері,  макарон, шұжық, тұрмыстық химия, текстиль жəне өзге де өнімдер осында тиімді бағада саудалануда. Базар нарқынан тауар түрлеріне қарай  10-15 пайызға төмен ұсынылуда.

Шымкентте  ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Бұл жәрмеңке өзгелерден ерек. Себебі, ауқымды түрде өтіп жатқан бұл іс-шара Шымшаһардың туған күніне орай ұйымдастырылды. Жалпы халық күнделікті бірінші кезекте тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері және олардың бағалары басты назарда. Бұл бойынша Шымөаламызда бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Қала күніне орай ұйымдастырылған жәрмеңке - соның бірі.

Мақсат - әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру, халықты тиімді бағадағы қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету және делдалдық қызметті шектеу болып табылады.Жәрмеңкеге Шымкенттегі тауар өндірушілермен қатар Түркістан облысының көрші аудандарынан ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілер, дихандар мен шаруалар қатысуда.

– Дәстүрлі жәрмеңкеге 200-ге жуық кәсіпкер қатысуда. Олар өз өнімдерін базар нарқынан 10-15 пайызға төмен сатуда. Жалпы көлемі 100 тоннадан астам өнім ұсынылған, – деді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Жандос Ханаев.

Айта кетейік, жәрмеңкеде құмшекер де сатылуда. Жалпы салмағы 4 тонна шекер әр адамға бес келіге дейін, келісі 480 теңгеден босатылуда.

Тілге тиек етсек, ауылшаруашылығы - мемлекет экономикасының өсіміне септігін тигізетін сала. Бұл ретте, Шымкент өзінің болашағын ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеумен және АӨК саласындағы логистикамен тығыз байланыстырады. Өйткені, қала - аграрлық аймақтың орталығы.

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

ШЫМКЕНТТІКТЕР ЖҮГІРУ МАРАФОНЫНА ҚАТЫСТЫ

Шымшаһарда қала күніне орай түрлі шаралар өтіп жатыр.  Жалпықалалық бұқаралық жүгіру сайысы соның - бірі. «Royal» фитнес клубының алдынан басталып, Наурыз алаңында қорытындыланған 5 шақырымдық жаппай жүгіру сайысына  500-ден астам қала тұрғыны қатысты.

Қала күніне орай ұйымдастырылған бұл шараны қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов ашып берді. Ол саламатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Таңмен таласа оянып жүгіруге келген қарапайым жұрттың арасында әлем чемпиондары да бар. Олар тұрғындарға қолдау білдіруге келіпті. Солардың бірі - біржан Жақыпов.

"Мен өзім жүгіру марафондарын қалдырмаймын. Бүгін де таңертең тұрып, қала тұрғындарымен бірге жүгіруге келдім. Спорт-салауатты өмір кепілі. Спортпен шұғылданайық",- деді ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Біржан Жақыпов.

Жалпы спортшылар берілген жолды 40 минутта жүгіріп өтуі қажет болған. Алайда алғаш болып финишке жеткен Азизхан бұл шыңды небәрі 15 минут 58 секундта бағындарыпты. 

Қалалық дене шынықтыру және спорт басқарамсындағылардың айтуынша, көптің көңілінен шыққан жаппай жүгіруге бюджет қаражатынан бірде-бір ақша бөлінбеген. Шара 100 пайыз демеушілердің есебінен ұйымдастырылыпты.

"Ең басты мақсатымыз бірінші,екінші орынды анықтау емес. Мұндағы жүгіруге қатысқан әрбір шымкенттік бұқаралық спорттың дамуына үлес қосуда. Әрі бұл жерде жүлде қоры деген жоқ. Барлық қатысушыларға естелік марапаттар табысталды. Әрі арнайы қала күнінне орай 500 медаль дайындалды. Бірақ қатысушылар саны одан да көп болды. Бұл, әрине, қуантарлық жайт",-деді Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқарма басшысының орынбасары Ермек Дәрменов.

Саламатты өмір салтын насихаттап, белсенді қатысқан тұрғындар естелік медальдармен марапатталды.

Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов іс-шара одан әрі жалғасын табатынын атап өтті.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ 10 ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Қала күніне орай «Шымкенттің шырайы – Шәмші» атты композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған концерт өтті. Мерекелік шараны қала әкімі М.Әйтенов,  қалалық мәслихаттың хатшысы Б. Нарымбетов, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары тамашалады.

Концерт шаһар басшысының жылы лебізімен басталды. Қала әкімі жиылғандарды атаулы мерекемен құттықтап, Шымкент қаласының  әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық дамуына зор үлес қосқаны үшін «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағын 10 азаматқа табыстады.

- Қала күні – қала халқы үшін ерекше мереке. Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарына арналған түрлі іс-шаралар апта бойы өтіп жатыр. Солардың ішінде айрықша атап өтетін салтанатты концерт  – ұлтымыздың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың рухына бағышталады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ халқының музыка өнерін дамытудағы айрықша еңбегі үшін композитор Шәмші Қалдаяқовқажоғары дәрежелі ерекшелік белгісі  – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойды. Халқымыздың ұлы тұлғасына, қазақ музыкасына көрсетілген құрметпен баршаңызды құттықтап қоюға рұқсат етіңіздер! Халқымыздың бағына туған Шәмші ағамызға арналған концерт аясында, қала күні қарсаңында бүгін біз дәстүр бойынша  «Шымкент қаласының құрметті азаматы» мәртебесін  салтанатты түрде марапаттағалы отырмыз. 4 жыл бұрынғы тарихи шешім өзінің өміршеңдігін көрсетті. 4 жылда қаламызда тұрғындар саны 12 пайызға, өнеркәсіп өнімінің көлемі 60 пайызға, қала бюджеті 3,9 есеге артты. Барша жетістік тұрғындардың белсенділігі мен қолдауының арқасында болып отыр. Талай жылдар бойы қаншама ұрпақтың терімен тұрғызылған қаламыз жылдан жылға дами берсін. Шәмшінің әуезді әндері әрбір үйдің қуанышында шырқалсын!- деп тілек білдірді М.Әйтенов.

Вальс падишасына арналған шығармашылық кеште елімізге еңбек сіңірген жұлдыздар - Роза Рымбаева, Майра Мұхамедқызы, Нұрғали Нүсіпжанов, Медеу Арынбаев, Уралхан Сейілбекова, Нұржамал Үсенбаева, Жұбаныш Жексенұлы, Бауыржан Исаев секілді өнерпаздар өнер көрсетті. Шәмші Қалдаяқовтың үздік әндерін орындап, жиналғандардың көңілін бір көтеріп тастады.  

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Осы RSS каналға жазылу