Вице-премьер бастаған топ Сайрам ауданындағы «Nurym Group» ЖШС-де болып, кәсіпорын жұмысымен танысты. 2018 жылы іске қосылған кәсіпорын 14 мың мал басына арналған. Мал бордақылаумен және ет өңдеумен айналысады. Жоба қуаттылығы жылына – 5 мың тонна ет. Ет еліміздің өңірлерінен бөлек, Ресей мен Өзбекстанға экспортталады. Цех «БЖК 2020» бағдарламасы аясында қаржыландырылған. Мұнда 25 адам қызмет етеді. Сонымен қатар Астанадан келген жауапты тұлғалар Сайрам ауданындағы заманауи «Қайып ата» мал сою бекетінің жұмысын көрді. Аталған бекеттен шетелдерге ет экспортталуда.
Кәсіпкер Сырым Ертаев жаңа ет комбинатын, мал базарын салу және және жем-шөп шығару жобасымен таныстырды. Сонымен бірге ірі қара малдың ішек-қарны мен сүйегін, қанын терең өңдеп, біразын Қытайға экспорттау жоспарланып отырғанын жеткізді. Жобаларына қолдау көрсетуді сұрады. Премьер-министр орынбасары мәселе назарға алынатынын айтты.
Премьер-Министрдің орынбасары мен облыс басшысы Ордабасы ауданы Бадам елді мекенінде орналасқан «Бөрте Милка» сүт тауарлар фермасында болды. Ферма сиыр сүтін өндірумен және өңдеумен айналысады. Өндіріс орны тәулігіне 9 тонна сүт өндіреді. Бұдан бөлек, тәулігіне 50 тонна сүт өңдеп шығарады. Мұнда 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорында Венгриядан арнайы әкелінген асыл тұқымды ірі қара малдардың сүттері өңделеді. Зауытта Швеция және Италия мемлекеттерінен дүние жүзіне әйгілі компанияларының құрал-жабдықтары орнатылған. Сүт зауыты 2017 жылдың желтоқсан айында іске қосылды.Сүт фермасының маңында Түркістан облысында сүт өңдеу саласына қатысты жобалар таныстырылды. Кәсіпкерлер тарапынан өтініштер мен ұсыныстар берілді.
Вице-премьер Серік Жұманғарин мен облыс әкімі Дархан Сатыбалды Шұбар ауылдық округінде орналасқан көкөніс өндірумен айналысатын ЖК «Тулебаев Мейрамбек» жылыжай кешенінде болды. Жалпы жер көлемі 10 гектар аумақта орналасқан жылыжайдың инвестициялық құны – 300 млн. теңге. Жоба 2018 жылы іске қосылған. Мұнда 30 адам жұмыс істейді. Жеке кәсіпкерлік жылына 500 тонна өнім өндіреді.
Жылыжай шаруашылығымен айналысатын азаматтармен кездескен басшылар жұмысқа кедергі келтіретін факторларды бүкпесіз айту керектігін жеткізіп, жеке кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан тұрақты қолдау болатынын атап өтті. Шаруалар мен кәсіпкерлердің өтініштерін тыңдады. Жылыжай шаруашылығына мемлекеттік қолдаулар күшейтілгені, оның шарттары туралы да мағлұмат берілді. Бүгінде өңірде жылыжайларға қолдау күшейтіліп, көмір мәселесі реттелген. Бұл бағытта жұмыс жалғасады.
Мемлекет басшысы макроэкономикалық саясатты қайта жүктеу үшін бюджеттік - салықтық саясатты дамытуды тапсырғаны белгілі. Сонымен бірге биыл экономиканың өсімін 4% денгейінде қамтамасыз етуді жүктеді. Биыл Түркістан облысының жалпы өңір өнімін 3,5 трлн. теңгеге немесе 3,6% өсімге қол жеткізу жоспарланған. Бұдан бөлек, облыс экономикасының өсімінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 2024-2028 жылдарға арналған Әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының 2-кезеңі әзірленуде. Болжамға сәйкес 2028 жылға жалпы өңірлік өнімнің көлемі 1,5 есеге көбейтіп, 5,2 трлн. теңгеге жеткізу көзделіп отыр.
20 индикатор бойынша статистикалық есеп жүргізу мерзімі бар. Ауыл шаруашылығы саласында 20 индикатор жоспарланып, 14-і орындалса, Қоғамдық даму басқармасында 6 индикатор бойынша жұмыс атқарылған. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында 8 индикатор жоспарланып, 6-ауы жүзеге асқан. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қатысты 11 индикатордың 9-ы орындалса, Облыстық денсаулық басқармасына қатысты 14 көрсеткіштің 13-і орындалған. Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында 128 нысаналы индикатор қарастырылған, оның 121 индикаторы 2022 жылға жоспарланған. 2022 жылдың қортындысымен 74 (61,2%) индикаторға қол жеткізілген.
Түркістан облысының 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының кешенді жоспары әзірленуде. Өңірдің дамуының негізгі мақсаттары, алда қол жеткізетін көрсеткіштер, басты бағыттар мен экономикалық бастамалар осы құжатқа енгізіледі. Бұл мақсатта ауқымды зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Құжатты дайындау үш кезеңнен тұрады. Жоба жұмысына бір топ сарапшылар атсалысып жатыр. Маңызды құжатты дайындауда өңір дамуындағы проблемаларды ескере отырып, дамыған елдер тәжірибелері де ескерілуде. Аталған құжатта 8 негізгі стратегиялық бағыт айқындалып, сол бойынша іс-шаралар кешенін қамтиды.
Жоба теңгерімді аумақтық даму, адами капиталдың сапасын арттыру, халыққа қолжетімді инфрақұрылым, халықтың табысын арттыру, тұрақты экономикалық өсу секілді стратегияны іске асыру алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге, басымдықтарды дамытуға және өңір тұрғындарының әл-ауқатының тұрақты өсуіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Басты стратегиялық мақсат ретінде алдағы жылдарға облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын арттыру саналады. Дамудың басты драйвері – ауыл шаруашылығы саласы. Халықтың табысын арттыру – басты назарда.
Облыстағы 833 елді мекеннің 814-і орталықтандырылған электр желісіне қосылған, қалған 19 елді мекен дербес электр қондырғысынан электр қуатын пайдалануда. Сонымен қатар облыс аумағында жаңартылатын энергия көздері саласын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар іске асырылуда. Қазіргі таңда, Түркістан облысы аумағында жалпы қуаты 228,6 МВт құрайтын 23 жаңартылатын энергия көздері жобалары іске асырылған. Биыл қазан айына дейін Отырар ауданы, Шәуілдір елді мекенінде қуаты 50 МВт құрайтын «Шәуілдір» күн электр станциясының құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі. 2023 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша 833 елді мекеннің (2 млн. 119 063 тұрғын) 465 елді мекені (55,9 %) немесе 1537 588 тұрғын (72,6 %) табиғи газбен қамтамасыз ету мүмкіндігіне қол жеткізді.
Жолдауда ірі кәсіпорындардың шикізатты кезең-кезеңімен қайта өңдеу бағытындағы міндеттемелерін бекіту жөнінде айтылды. Көкөністі, жеміс-жидекті, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісі жанданады. Осы орайда, аталған саланы дамытудың маңыздылығын ескере отырып, отандық және шетелдік инвесторлады тарту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, мақтаны терең өңдеу және кластер құру бойынша өзбекстандық «Global Textile» және қытайлық «Peng Sheng» компанияларымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар Шардара ауданында «КазКрахмал» ЖШС жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылысын жүргізуде және «Atmo Capital Turkistan» ЖШС-і қызанақ және бақша дақылдарын терең өңдеу зауытын жүзеге асыруды жоспарлауда.
Түркістан қаласында пияз және сарымсақ дақылдарын терең өңдеу арқылы кептірілген дайын өнімдерге қосылатын дәмдеуіштерін өндіру зауытының құрылысы қарастырылуда. Сондай-ақ Сайрам ауданында «Nurym Group» ЖШС құрама жем өндірісі және ірі қара мал қалдықтарын терең өңдеу зауытының құрылысын жоспарлап отыр. Одан өзге де жоспарлар бар.Айта кетейік, Түркістан облысында өнеркәсіп саласында соңғы 5 жылда өнім көлемі 2 есе өсіп, 2022 жылы 866,6 млрд. теңгеге жетті. 2023 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша 519,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексінің 104,5% құрады. Аталған салада 350-ден аса кәсіпорын жұмыс атқарып, 31,7 мың адам жұмыспен қамтылған.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат