– Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу мақсатында индустриалды аймақ пен шағын өндірістік парк құру үшін арнайы жер белгіленді. Қазіргі таңда тиісті құжаттары рәсімделуде. Бұдан бөлек, өзбекстандық инвестормен бірлесіп тоқыма фабрикасын салу жұмысы жүріп жатыр. Бұл мақсатта Асық ата кентінен 5 га жер бөлініп, бірлескен «TST GROUP» компаниясы құрылды. Инвесторға өнеркәсіпті даму қоры арқылы 7,6 млрд теңге жеңілдетілген несие беру қарастырылуда. Сонымен қатар, ресейлік инвестормен бірге жоңышқа грануласын өндіру және өзбекстандық инвестормен бірлесе жібек жібі мен қант өндірістерін құру жобалары бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы 2025 жылға дейін қосымша 4 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, - деді Серік Үсенұлы.
Тағы бір айта кетерліу ақпарат, Жетісай ауданына қарасты Жаңа ауыл ауылдық округінде орналасқан «Тоқыма емес мата өндірісі» цехы биыл алғашқы шыққан өнімдерімен таныстырған болатын. Жоба құны – 350 млн. теңге. Цех тәулігіне 5 мың метр тоқыма емес мата өндіруге қауқарлы. Мұнда 8 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұған дейін ауданда мұндай кәсіпорын болмаған. Бұл – алғашқысы. Бүгінде маман тапшылығына байланысты көршілес Өзбекстан елінен арнайы мамандарды шақыртып, технологияны оқыту және үйрену бойынша келіссөздер жүргізілуде. Кәсіпкер мемлекеттен жеңілдетілген пайызбен 65 млн. теңге несие алған. Цех басшысы Әбдісаттар Қолдасов қосымша мақта зауыттарына қажетті сымтемір шығаруды да қолға алып, бірнеше зауытпен келіссөздер жасағанын жеткізді.
Сондай-ақ, Жетісай қаласындағы «КазИнновацияЛидер» ЖШС де жұмысы жолға қойлыған кәсіпкерлік нысандарының бірі. Ержан Сламбаев басшылық ететін шағын цех 2014 жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында берілген 20 млн. теңгеге ашылған. Өндіріс орны синтепон өндірумен, жиһаздар жасаумен айналысады. Мұнда 18 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Бүгінде шағын цех өнімдері арнайы тапсырыспен еліміздің солтүстік және батыс өңірлеріне, Алматы және Түркістан қалаларына жіберіледі. Кәсіпкер шикізат тапшылығы болмаса цех тәулігіне 1,5 мың метр синтепон шығаруға қауқарлы екенін айтады.
Жетісай ауданы Асық ата ауылының тұрғыны Мадина Дәуренбек электр қуаты арқылы жарқырайтын гүлдермен көмкерілген шамдар жасайды. Ерекше дизайнмен әзірленетін бұйымдардың сапасы жоғары, бағасы да арзан. Сондықтан қызығушылар да көп. Негізгі тұтынушылары – Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Өскенмен қалаларының тұрғындары. Гүл, корзина, қуыршақ кейпінде жасалған бұйымдарын аптасына бір рет тапсырыс берушілерге пошта арқылы салып жібереді. Ал жақын маңдағы қалаларға автобустардың қызметін пайдаланды. Мадина жасаған заттарды алған адамдар сапасы бойынша әлі ешқандай сын айтпаған.
«Алғашқыда 30 000 теңгемен бастаған бизнесімнен қазір айына 400-500 мың теңге тауып отырмын. Қажетті заттарды Ресейден арнайы тапсырыспен алдырамыз» – дейді ол.Қолөнерші келіншек «Бизнес бастау» курсына қатысып, 505 000 теңге грантты жеңіп алған. Ол қаржығы қажетті құрылғыларды сатып алыпты. Ендігі мақсаты кәсібін кеңейтіп, жаңа цех салу. «Күніне 50 данаға дейін жарықшамдар жасаймын. Ең арзаны 4 000 теңгеден басталады. Қазір үйдегі бір бөлмемді цех ретінде пайдаланып келемін. Алдағы уақытта жаңа цех салуды жоспарлап отырмыз» – дейді тұрғын.
Сонымен қатар, ауданда биылғы жылдың 9 айында ауыл шаруашылығында өндірілген өнімнің жалпы көлемі 69,2 млрд теңгені құраған. Сондай-ақ, 321 шаруақожалық иелері 1 236 гектар жерден екі рет өнім алу жобасын іске асырған. Одан бөлек, ауданда мақта жинау науқаны жүргізілуде. Бүгінгі күнге 117 мың тонна өнім жиналған.
Инфрақұрылыммен қамту бойынша ауданда 2 газ таратушы станция құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін ауданды газбен қамту көрсеткіші 60%-ға жетпек. Сонымен қатар, 2023 жылы аудан бойынша жалпы 70,5 шақырымды құрайтын 104 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда елді мекендердегі ішкі көшелердің жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 60%-ды құрап отыр.
Айта кетейік, «Еңбек» бағдарламасы аясында ауданда биыл 9 айда 10 327 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» тапсырмасы аясында 2 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды.
Ауданның негізгі табысы агросекторға байланысты ауданның егістік жерінің басым бөлігіне мақта дақылы егілетінін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Аудан шаруаларының табысын арттыру үшін ауданда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселесі де кезек күттірмейтін, күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Бұл бойынша ауданға жан-жақты инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта өткен жолы көршілес Өзбекстан Республикасында мақта кластерін дамыту үшін инвесторлармен іскерлік кездесулер өткізіліп, екі жақты келіссөздер жүргізудің алғышарттары жасалды.
Биылғы жылы азаматтардың жеке қаражаттары есебінен Ж.Ералиев ауылдық округінен құны 300 млн теңгеге 10 мың тонналық «Тұран Мақта» ЖШС «Мақта шикізатын өңдеу зауыты» жобасын, Жаңаауыл ауылдық округіндегі құны 350 млн теңге болатын «Тоқыма емес мата өндірісі» жобасын, Мақталы ауылдық округінен құны 790 млн теңге болатын «Мақталы Жер» ЖШС «Тұқымдық шит өндірісі зауыты», 100 млн теңгеге бақша өнімдерін қайта өңдеу цехы, Жетісай қаласындағы құны 200 млн теңгеге аяқкиім өндірісі жобасын жыл соңына дейін іске қосу жоспарлануда.
Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданының климаты ауылшаруашылығына және мал шаруашылығына өте қолайлы. Айта өту керек биыл шетелге экспорттау жұмыстары ең алғаш Жетісайдан бастау алған болатын. Сонымен қатар аудан әкімдерінің баспасөз өкілдерімен атқарылған жұмыстары туралы есеп беру кездесулері еліміздің қоғамдық-саяси өмірін одан әрі демократияландырудың бір дәлелі. Өйткені халықтың билікке деген сенімі арта түседі. Алдағы уақытта атқарылатын шаруаларды бағамдау үшін аса қажетті мұндай бас қосулар мен ашық әңгіме әкімшілік өкілдері мен баспасөз өкілдерінің арасын жақындастырып, өзекті мәселелерді бірлесе шешуге жол ашатыны анық.
Жетісай ауданында мал шаруашылығы да жақсы дамыған. Жыл жылжыған сайын мал басы көбейіп келеді.Бүгінде Жетісай ауданында 152 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Солардың бірі – Жетісай ауданы Абай ауыл округіндегі «Махарам» шаруа қожалығы бүгінде жұмысын жақсы жолға қойған. Әрбір байланған қошқар орта есеппен 30-35 келі ет береді. Қазірдің өзінде қорада 300 бас жайдары қошқар жемге қойылған. Қожалықта өндірілген ет негізінен Алматы қаласының нарығына шығарылады. Бұдан бөлек, жекелей де сатып алушылардың қарасы қалың.
Аталған шаруа қожалығының өніміне сұраныс мол. Қазіргі таңда «Махарам» шаруа қожалығының иелігінде жалпы саны 5 мың бас қой бар. Олардың жем-шөбі, жалпы бағымы жүйелендірілген. Жетісай ауданында жайылым жер қат болғандықтан мұндағы отарлар Шардара ауданына қарасты құмда ұсталады екен. Сондықтан да күтім талғамайтын қой басы таңдап алынған. Жайдары қойлар шөл және шөлейт жер жайылымына көнбіс, күтім талғамайды. Ұсақ малдың жем-шөбін шауашылық өздері әзірлейді. Ол үшін шаруашылықтың өз егістік аумағы бар. Биыл 20 гектар жоңышқа мен 30 гектар жерге жүгері еккен. Шығымы жақсы болғандықтан өнімі де мол. Ала көктемнен қара күзге дейін тынбайтын шаруалар жоңышқаны 5 рет орып алады. Бұл малдың біраз жем-шөбіне қамсау болады. Егін егетін, оны оратын, жинайтын барлық қажетті техникалары да бар. Айта кетейік, бүгінде Жетісай ауданында 200 мыңға жуық ұсақ мал бар. Бүгінде ұсақ мал ұстап, оны бордақылаумен айналысатындардың қатары артып келеді.
Жайылымды жер демекші, Жетісай ауданында игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Аудан әкімінің 27.03.2023 жылғы №26 санды өкімі негізінде аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің жер қатынастары секторы тарапынан арнайы жұмысшы тобы құрылып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан жер учаскелеріне түгендеу жүргізілген.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат