Бүгінде Созақ ауданында шаруа қожалықтарды өркендету, оның ішінде мал шаруашылығы және ет өнімімен айналысу қарқынды даму үстінде. Бұл жөнінде аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков, халықпен есептік кездесу барысында айтты. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылып, субсидия бөлініп жатыр. Бірнеше шаруа қожалықтар жаңбырлатып суғару әдісіне көшті. Аудан басшысының тапсырмасына сәйкес, сала орынбасарлары мен тиісті бөлімдер, ауыл округтер, елді мекендерді аралап субсидиялау, жеңілдетілген несие, грант алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, аудан мал шаруашылығына қолайлы аймақ болғандықтан жылдан-жылға мал басының саны артып келеді.
Аудандағы жұмысын жандандырып отырған қожалықтардың бірі – «Балтабай» шаруа қожалығы. Қожалық 2005 жылы құрылып, 2018-2019 жылдары мал бордақылау алаңын салып, ет өндіру бағытына басымдық берген. Қожалықтың сыйымдылығы 250 бас малды бордақылауға мүмкіндік береді. Онда арнайы мал сою алаңы, қора жай, мал азығын сақтайтын орындар бар. Шаруа қожалық басшысы Темур Балтабаевтың айтуынша, қожалықта жылына 250-300 тоннаға жуық ет өнімі өндіріледі. Сондай-ақ, 26 адам жұмыспен қамтылған.
Жалпы, Түркістан облысында мал басы және өнімділігі орташа есеппен 4%-ға өсуде. Ет экспорты бойынша Түркістан облысы республикада бірінші орында тұр. Ірі қара мал етінің үлесі – 85%, ұсақ мал 60% құрайды. Биылғы 5 айда 5 мың тонна ірі қара мал еті, 3 мың тоннаға жуық қой еті экспортқа жөнелтілді.
Сондай-ақ, кәсібін дөңгелетіп отырған келесі бір созақтық кәсіпкер, Созақ ауылының тумасы Нұрбол Бейсүгіров ауылдан 20 шақырым қашықтықта түйе шаруашылығымен айналысуда. 1970 жылдары негізі қаланған шаруашылықты дамыту мақсатында 2004 жылы «Нұрбол» шаруа қожалығын құрған.
Бүгінде шаруашылықтың негізгі бағыты айыр өркешті «Вactriаnus» түйесінің санын арттыру. Шаруа қожалық 156,69 гектар аумақты қамтып отыр. Оның ішінде 150 га жайылымдық, 3,19 га шабындық, 3,5 га суармалы жерді құрауда. 8 адам жұмыспен қамтылып, қолайлы жағдай қарастырылған. Баспана және шаруаға қажетті техникалармен жабдықталған. Қазіргі таңда 30 дан астам түйені екі мезгілден сауып, тұрғындарды сапалы қымыранмен қамтып отыр.
Қожалық төрағасы Нұрбол Бейсүгіров- Шаруашылықтың ішіндегі тиімді бағыттарының бірі түйе түлігін асырау. Түйе түлігі негізінен жайылымда бағуды, күтімді, жылы қора-жайды аса қажет етпейтіндіктен, басқа ауыл шаруашылық малдарымен салыстырғанда тиімді. Сонымен қатар, түйе еті мен сүті күнделікті сұранысқа ие өнімдер. Бұл кәсіппен ең алғаш атамыз айналысты. Содан бері бұл ата кәсіпті жалғастырудамыз,-дейді.
Айта кетейік, қожалық егесі 2009 жылы айыр өркешті «Вactriаnus» түйесін дамыту бойынша Мемлекет тарапынан субсидия алған. Бүгінгі таңда мұнда 500 ге тарта түйе, 100 ден астам жылқы бар. Алдағы уақытта Республика бойынша іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, кәсібін жандандыруды жоспарлауда. Қазірдің өзінде қымыран өндірумен ғана шектелмей, ет өнімдерімен де айналысуда.
Мұндай кәсіпкерлердің қарасы Созақ ауданында күн санап өсіп келе жатыр десек, қателесе қоймаспыз. Мәселен, Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылының тұрғыны Гүлнахар Мамилаева қазақтың сәндік тоқыма қолөнерін қолға алып, сүйікті ісімен айналысып отыр. Алғаш кәсібін балаларға арналған сәнді үлгідегі киімдер мен ойыншықтар тігуден бастаған. Қазіргі таңда 53 жастағы кәсіп иесі қосымша аяқ киімдер тоқып, табыс көзін арттыруда. Тапсырысқа орай, үйге арналған тәпішкелер және балалар мен ересектерге арналған түрлі аяқ киім мен сөмкелер тоқуда.
– Бала жасымнан тоқыма тоқуға құмар болдым. Бұл іс сүйікті кәсібіме айналды. Тоқыманың барлық түрін тоқимын. Білімімді жетілдіріп, соңғы екі жылда аяқ киімнің түрлерін тоқуды табыс көзіне айналдырдым. Ендігі мақсатым – түйе және қой жүндерін өңдеп, заманауи техникаларды игеру арқылы үлкен кәсіп ашу. Үйде отырған қыз-келіншектерге өз білгенімді үйретіп, шәкірт тәрбиелеу ісін де қолға алдым. Қазіргі кезде тоқыма аяқ киімге сұраныстар артуда. Сапасы фабрикадан шыққан өнімдерден артық болмаса, кем түспейді. Халықтың арқасында табыс тауып отқан соң барынша сұранысқа сай үлгеріп, сапасына аса мән беру арқылы көптің көңілінен шығуға тырысамын, – дейді кәсіп иесі.
Айта кетейік, Гүлнахар Мамилаева бұған дейін облыс орталығында қолөнер мәдениетін қалыптастырып, ішкі туризімді дамыту мақсатында ұйымдастырылған өңірлік көрме-байқауына өз өнімдерін бірнеше мәрте ұсынып, шараға жиналған қонақтардың қошеметіне бөленген.
Тағы бір созақтық кәсіпкер, нақтырақ айтсақ, Созақ ауданында қарасты Жуантөбе ауылының тұрғыны, 49 жастағы Аманқыз Орынбасарқызы 2018 жылдан бастап нан жабу ісін қолға алған. Уақыт өте келе самса, қаттама, бәліш т.б тәтті нан өнімдері түрлерін шығара бастады. Бүгінгі таңда фасфуд өнімдерін де қолға алып, нәсібін ұлғайтуда.
- «Ас атасы – нан» демекші, барлық берекенің бастауын осы кәсіппен айналысқалы көріп келем. Жалпы өзім үй шаруасындағы анамын. Ең алғаш кәсібімді 2018 жылы нан жабу ісімен бастадым. Уақыт өте келе самса, қаттама, бәліш т.б тәтті нан өнімдері түрлерін шығарып, жұмысыма деген қызығушылығым арта түсті. Осылайша бұл салада кәсіби маман ретінде жұмыс істеуді ұйғарып, чикен, котлет, балық және лаваш сияқты фасфуд өнімдерін де қолға алдым. Ауылым аудан орталығынан шалғай орналасқандықтан сұраныстың басым көпшілігі жергілікті тұрғындар тарапынан түседі. Халықтың арқасында табыс тауып отқан соң барынша сұранысқа сай үлгеріп, көптің көңілінен шығуға тырысамын,-дейді кәсіп иесі Аманқыз Орынбасарқызы. Сонымен қатар, қазіргі таңда той, жиындар да жиі өткізілетіндіктен, қосымша тағамдарға да сұраныс түсіп отыратынын тілге тиек етті.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат