Дүйсенбі, 15 Сәуір 2024 11:15

Түркістан жиһазына көрші елдерден сұраныс көп

Соңғы жылдары Түркістан облысында кәсіпкерлікке басымдық беріліп, жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр.

Бұл орайда, заманауи, соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған жиһаз өндіруші «Asia Brand» кәсіпорыны ел экономикасының артуына елеулі үлесін қосуда. Жиһаз өндіру бойынша нарықта 13 жылдан астам тәжірибесі бар «Asia Brand» ЖК жиһаз өндірісін бір қызметкермен бастаған.

Компанияның бас директоры Ұйғын Әбішевтің айтуынша, қазіргі уақытта кәсіпорында 150-ге жуық адам еңбек етеді. Облыс орталығында жылына Түркістан қаласының брендіне айналған ас үйге және жатын бөлмесінің жиһаздар мен шкафтың 22 мың данасы өндірілуде. Компания өз өнімін сату үшін Қазақстанның барлық ірі қалаларында 14 қойма ашса, бұдан бөлек Өзбекстан және Ресей мемлекеттеріне экспорттап жатыр.

Ұйымшыл ұжымда түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында еліміздің дамуы жолында аянбай тер төгіп жүр. Саланың сан қырлы ерекшелігін мінсіз меңгерген оларды өз кәсібінің шынайы майталмандары деуге болады.

Айта кетсек, өткен жылдың желтоқсан айында Астана қаласында өткен салтанатты жиында «Asia Brand» кәсіпорыны Президенттің «Алтын сапа-2023» сыйлығына ие болды. Аталған кәсіпорын диплом, байқау эмблемасымен және жеңімпаздарды келесі кезең – ТМД-ның өнім және қызмет көрсету сапасы саласындағы байқауына қатысуын ынталандыру үшін 450 АЕК мөлшерінде қаржылай сыйақымен марапатталды.

Шағын және орта бизнесті дамыту экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы. Әсіресе, жеке меншіктің нақты өмірге жүзеге асуы және орта таптың қалыптасуының мемлекетімізде артқан сайын еліміз көркейіп, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады. Сонымен бірге, шағын және орта кәсіпкерлік – экономиканың тиімді әрі нәтижелі секторы. Шағын және орта кәсіпкерлік жұмыссыздықты жоюда, нарыққа қажетті тауарларды жеткізуде, жеке өндірушілердің монополиясын шектеуде және экономиканы тұрақтандыруда шешуші фактор болып табылады. 

Облыста қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп келеді. 5 жылда олардың саны 184 мыңға жетті. 5 жылда шығарылған өнім 11 есеге дейін өсіп, 1 трлн. теңгеден асты. «Кәсіпкерлікті дамытудың» ұлттық жобасы шеңберінде өткен жылы бизнес субъектілері 46 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Өз ісін бастауға ынталы азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» арқылы өткен жылы 22 336 қызмет түрі тегін көрсетілді. «Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бастамасы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсуіне ықпал етті. 5 жылда инвестиция көлемі 3 есеге артып, облыс экономикасына жалпы 3 трлн. теңгегедей инвестиция тартылды. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. 5 жылда облысқа салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2 млрд. АҚШ долларын құрады. Жалпы сомасы 422 млрд. теңгеге 133 инвестициялық жоба іске асырылып, 9 347 жұмыс орны құрылды.

Оқылды 20 рет