Дүйсенбі, 15 Сәуір 2024 12:18

Түркістанда жылына 72 мың данадан астам өнім өндіретін кәсіпорын бар

Түркістанда жылына 72 мың данадан аса темір-бетон бұйымдарын өндіруге қауқарлы «Нұр Строй ЛТД» ЖШС мекемесінің жұмысымен қала басшысы Нұрбол Тұрашбеков арнайы танысты. Ал кәсіпорынның осы күнге дейінгі жетістіктерін мекеме басшысы Жеңіс Аманбаев аралау барысында мәлімдеді.

Аталған кәсіпорын 2008 жылы іске қосылған. Бүгінде мекемеде 200-ге жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорынның жылдық айналымы 6 млрд теңгеден асады. Сондай-ақ мұнда айына 5 мыңнан аса темірбетон, 4 мың тоннадан астам асфальт жабындысы, темір қоршаулар, темір бағаналар, плита жабындылары, т.б үй жағдайына қажетті құралдар өндіріледі.

Айта кетейік, Түркістан қаласында өнеркәсіпті дамытуға біршама көңіл бөлініп келеді. Оған дәлел, өткен жылы шаһардың негізгі капиталына тартылған инвестициялар арқылы қалада «Ali Construction Group» ЖШС, «Grand Strоy Kaz» ЖШС, «Бозарық АБЗ» ЖШС секілді ірі жобалар жүзеге асырылып, биыл 159 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Одан өзге, Түркістан қаласының индустриалды аймағында 20 кәсіпорын іске қосылып, мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды. Ондағы кәсіпорындар – жиһаз жасау, күйдірілген кірпіштер дайындау, бетон бұйымдары, жол құрылысы материалдары, темір торлар, POS терминалдары сынды өнім түрлерін шығарады. Сонымен қатар биыл жол құрылысына қажетті материалдар мен бетон бұйымдарын жасауға бағытталған 3 ірі кәсіпорынды іске қосу көзделген.

Мемлекет басшысы былтыр 1 қыркүйекте «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа кезекті Жолдауында өңдеу өнеркәсібін дамыту туралы тапсырма бере отырып, шетелдің және еліміздің инвесторларын бастапқы үш жылда салықтан және басқа да міндетті төлемдерден босатқан жөн екендігін нақты айтты. Бұл өңдеу өнеркәсібі индустриясына айтарлықтай серпін берері анық. Жолдау аясында ірі кәсіпорындардың шикізатты кезең-кезеңімен қайта өңдеу жөніндегі міндеттемелерін бекіту жөнінде айтылды. Сол үшін де экономиканың өсімін арттыруда жан-жақты жұмыстар атқару керек. Бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсетілуі тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып келеді.

Тағы бір айта кетерлігі, отандық инвесторлар тарапынан Ордабасы ауданында мұнай өнімдерін өңдеу зауытын салынды. 650-ден астам адамды жұмыспен қамтитын өндіріс орнында жылына 2 млн. тонна өнім өндіріледі. Түлкібас ауданында каустикалық сода, ПВХ, кальций карбиді, әк цемент өндіру зауыты салынуда. Бүгінде зауыттынң инфрақұрылымы жасақталуда. Созақ ауданында фосфорит кендерін өңдеу зауытының іске қосылғанда 1 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазығұрт ауданындағы Өгем өзенінде Каскад ГЭС құрылысы қарқынды. Түлкібас ауданында компания қуаты 320 МВт газ электр станциясының құрылысын жүргізілуде.

Түркістан облысында жалпы өнеркәсіп өнімінің 44,6% үлесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Биыл бұл саладағы өнім көлемін 422,2 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. Өнеркәсіп саласында 14,3 мың адам жұмыспен қамтылған. Өңдеу өнеркәсібінде 2023 жылы жалпы сомасы 26,1 млрд. теңгеге 540 жаңа жұмыс орнын құрайтын 20 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда жалпы 5,4 млрд. теңгеге 6 жоба 215 жаңа жұмыс орнымен іске қосылды.

Мемлекет басшысы шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ең басты назарда болуға тиіс екендігін атап өткені белгілі. Осы орайда облыста қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп келеді. 5 жылда олардың саны 184 мыңға жетті.Кәсіпкерлердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы (48,3%), сауда (23,3%), туризм және қызмет көрсету (20,3%) және өнеркәсіп (6%) саласында. 5 жылда шығарылған өнім 11 есеге дейін өсіп, 1 трлн теңгеден асты (2018 ж. 130,9 млрд теңге). «Кәсіпкерлікті дамытудың» ұлттық жобасы шеңберінде өткен жылы бизнес субъектілері 46 млрд теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Өз ісін бастауға ынталы азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы өткен жылы 22 336 қызмет түрлері тегін көрсетілген.

Түркістан облысы аумағында тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда өткен жылы  343,4 млрд теңгеге өнім өндірілді. Осы тұста жұмыспен қамтылғандар саны – 8 401 адамға жетті. Республикада облыстың тау-кен өндіру саласының үлесі 19,0%-ды құрайды. Бұл салада жұмыс істейтін кәсіпорындар «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қарасты еншілес кәсіпорындары болып табылады. Сонымен қатар Уран өндіру бойынша Түркістан облысы бірінші орында, фосфориттер мен темір кендері бойынша — Қазақстанда үшінші орында келе жатыр. Металлургия өнеркәсібі саласында былтырғы жылдың 10 айында 83,8 млрд теңгеге өнім өндірілді. Салада жұмыс жасайтын кәсіпорындар «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ тиесілі. Сонымен қатар қара металлургия саласында шағын «KARLSKRONA LS AB» ЖШС және «Гульсан» ЖШС кәсіпорындары жұмыс атқаруда. Металлургия саласы өңдеу өнеркәсібі саласының 25,7%-ын құрайды.

Бұдан бұрын Түркістан облысында металлургия комбинатын салу жоспарланған болатын. Жоба Абай кен орнында жүзеге асырылды. Жалпы құны – 36,8 млрд теңге. Ақпаратқа сәйкес, теміржол тұйығы мен газ құбырына жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Айта кетейік, кен орнында бастапқыда 31 млрд теңгеге темір рудасын өндіру мен байытуды ұйымдастыру жоспарланған болатын. Оның жобалық қуаты жылына 250 мың тонна кенді өндіру тиіс еді. Бұдан басқа, 7,8 млрд теңгеге бағаланған тікелей қалпына келтірілетін темір өндіру зауытының құрылысы жүргізіледі.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 17 рет