Сейсенбі, 16 Сәуір 2024 11:36

Түркістан: облыс әкімі кәсіп ашуға ниетті инвесторлармен кездесті

Жеке инвесторлар Түркістан қаласында бизнес ашып, кәсібін дөңгелетуге ниетті. Олардың қатары күн санап артып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен қызығушылық танытып отырған азаматтар облыста кәсіп ашуға жасалған жағдайдың қолайлы екенін алға тартады. Кәсіпкерлер автосалон, жекеменшік емхана, сауықтыру кешендері мен спорт кешендерін салуға қызығушылық танытып отыр.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиналыста облыс орталығында жаңадан салынатын жобалар таныстырылып, құрылысы жүріп жатқан жаңа нысандардың сәулетіне қатысты талқылау өткізілді. Түркістан қаласында салынатын жаңа ғимараттардың сыртқы әрлеу жұмысы, ішкі дизайны мен сыртқы көрінісіне қатысты сәулеттік үлгілер ұсынылды. Оған жауапты басқарма басшылары, сәулетшілер, қала әкімдігі мен өзге де мекемелердің басшылары қатысты.

Облыс әкімі әрбір нысанның құрылысы тұрақты бақылауда болатынын айтып, жаңа нысан салуға бел буған жеке инвесторларға бастаған құрылысты орта жолдан аяқсыз тастауға болмайтынын қатал ескертті. Сапа мен құрылыс мерзімінің қатаң сақталатынын жеткізді.

– Түркістанда бизнес ашуға келген жеке кәсіпкерлер өз істеріне аса жауапкершілікпен қараса игі. Мемлекеттен жерін алып, бастаған істі орта жолдан аяқтаусыз қалдыруға жол берілмейді. Түркістанның әрбір нысаны талапқа сай болуы тиіс. Басталған құрылыс мерзіміне сәйкес уақытта аяқталуы қатаң бақылауда болады. Құрылыс пен абаттандыру жұмыстары үйлесімді атқарылуы тиіс Құрылыс саласының соңғы технологиялары қолданылған жөн, – деді Дархан Сатыбалды.

"Әкімшілік-іскерлік орталығы" мен мәдени-рухани орталық маңындағы барлық жобалар тұрақты бақылауда. Жиында ұсынысын таныстырған кәсіпкер Түркістан қаласында автосалон салуға ниетті. Жоба іске асқан жағдайда 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Кәсіпкер араға уақыт салып, кәсібін ұлғайтуды көздейді.

Енді бір жоба – сауықтыру орталығы. Кәсіпкер оның сыртқы келбетіне ерекше мән беріп, абаттандыруына атсалысатын болды. «Жаңа қала» аумағында құрылысы басталған 9 қабатты 7 көпқабатты тұрғын үй кешенінің қастебіне қатысты бірнеше үлгі ұсынылды. Мамандардың ұсыныстары тыңдалды.

Баспаналардың қасбеті ұлттық нақышта безендірілуі тиіс. Сонымен бірге отырыста модульді үйлер салу, жекеменшік емхана салу, спорт кешенін салуға ниеттілер өздерінің жобаларын таныстырды. Жиынды қорытындылаған Дархан Сатыбалды әрбір жоба тереңінен зерделеніп, екі тарапқа да ұтымды шешім шығарылу керектігін айтты.

Жалпылай айтқанда, Түркістан облысына инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдері Қытай мен Өзбекстан мемлекеттеріне іссапармен барып, өндірісті дамыту бағытында тәжірибе жинады.

Былтыр жыл басынан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациялармен кездесулер өткен.

Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 трлн. теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен.

Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 30,2 млрд теңге болатын 20 жоба іске асырылып, 594 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бүгінде 384 жаңа жұмыс орнымен жалпы құны 11 млрд теңге 10 жоба іске қосылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Өңірде ірі жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қосымша 100 млрд теңгеге көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі таңда 10 жоба іске қосылды (11 млрд теңге, 384 жұмыс орны).

Облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 1,4 есе артып, 751 млрд теңгеден асты. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 225,3 млн АҚШ долларына жетті. Жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 194 инвестициялық жобалардың пулы қалыптасты. Олар 2023-2026 жылдар аралығында іске қосылып, 16 467 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Биыл 51 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, жыл басынан 39 жоба іске қосылды. 1230 жұмыс орны ашылған.

2023 жылы Түркістан облысының экономикасына 972 млрд. теңге тартылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 126,1%-ға артты. Оның ішінде жеке инвестициялар 705,1 млрд. теңге болса, бюджеттік инвестициялар – 266,9 млрд. теңге. Өсім динамикасы бойынша облыс республикада 3-орында тұр. Үкіметпен бекітілген жоспар (908,2 млрд. теңге) 107%-ға орындалды.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірді дамытуда инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту, өндірісті дамыту және туризм саласына басымдық беріп отыр. Оның ішінде инвестиция тартуға айрықша көңіл бөлінген.  Өңірлік инвестициялық штаб тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Штаб отырысында инвесторлармен тікелей байланыс орнатылып, нақты келісімдер жасалады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 21 рет