Дүйсенбі, 13 Мамыр 2024 12:19

Арыстағы мұнай өңдеу зауыты келешекте ішкі нарықты қамтымақ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласында мұнай өнімдерін өңдейтін зауыт жұмысымен танысты. «Қаратау Транс Сервис» зауыты мұнай өнімдерін өңдеумен айналысады.

Инвестиция көлемі 11 млрд. теңгені құраған. Зауыт басшылығы Арыста өндірілетін мұнай өнімдерімен ішкі нарықты қамтуды көздейді. Кәсіпкер өндіріс орнын кешенді дамытуға арналған алдағы жоспарларымен бөлісті.

Өндірісте 45 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын жылына 125 мың тонна мұндай өнімдерін өңдейді. Оның ішінде, жылына 26 180 тонна жанармай, 28 000 тонна дизель отынын, 12 420 тонна керосин мен 54 250 тонна мазут өнімдерін шығарады. Зауыт кәсіпкердің жеке қаражат есебінен салынған.

Жұмыс сапары барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласында орналасқан «Арыс» минералды су ЖШС-нің жұмысымен танысты. Табиғи минералды суға сұраныс жоғары. Мұнда тәулігіне 15 мың құты, жылына 18 млн. литр минералды су сатылымға шығарылады. 20-дан астам арыстық азамат жұмыспен қамтылған. Шипалы сусын 1870 метр тереңдіктен алынады. Судың емдік қасиеті мол, ол жөнінде курортология институтының қорытындылары алынған. Табиғи минералды ауызсу Арыс қаласы мен Түркістан облысының өзге аудандарына және көрші облыстарға жөнелтілуде.

Облыс әкімі Арыс қаласында өндіріс саласы өркен жайып келе жатқанын атап өтті.

– Арыста соңғы жылдарда тартылған инвестиция көлемі едәуір ұлғайды. Біздің міндетіміз – инвестиция тарту ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашу. Оның ішінде, жергілікті халықты жұмыспен қамту басты назарда. Сондықтан, бұл жұмыстарды ширату керек, – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, осы күні Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс кестесіне сәйкес Арыс қаласы тұрғындарымен кездесті. Атқарылған жұмыстарды баяндап, өзекті мәселелерді қозғады. Мемлекет басшысының инвестиция тарту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су үнемдеу технологиясын енгізу жөнінде тапсырма бергеніне тоқталған облыс әкімі осы бағыттарда жұмыс жанданатынын айтты. Арыстың ажарын ашып, инфрақұрылымы мен әлеуетін көтеретін жұмыстарды баяндады.

– «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Арыс қаласында 2023 жылы 5 елді мекенде 947 млн. теңгеге 11 жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Жиделі, Ақдала елді мекендерінде Мәдениет үйінің, Қожатоғай елді мекенінде спорт залдың құрылысы, Атамекен, Сырдария елді мекендерінде 24 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 5 елді мекенде 730 млн. теңгеге 8 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 770 млн. теңгеге 131 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге жолданған жас мамандарға қолдау көрсету мақсатында 2023 жылы 17 маманға 6 млн. теңге бір реттік көтерме жәрдемақы, 5 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 26 млн. теңге көлемінде бюджеттік несие берілді, – деген Дархан Сатыбалды Арыста өндірісті дамытып, зауыттар ашуға мүмкіндік мол екенін, осы бағытта жұмыс жүріп жатқанын жеткізді.

Арыста жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 23 пайызға өсіп, 2023 жылы 56 млрд. теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 36 пайызға өсіп, 2023 жылы 6 мыңға жетсе, олардың өндірген өнім көлемі 75 млрд.теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 34 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2023 жылы 9 млрд. теңгеден асып, жоспар 1,3 млрд. теңгеге артығымен орындалды.

Кездесуде Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың есебі тыңдалды. Облыс әкімі қала әкімі мен басқарма басшыларына Арысқа тартылған инвестиция көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығын жандандыру, ауыз су, газ және өзге де мәселелерді шешу жөнінде тапсырма берді. Тұрғындар тарапынан өткір мәселелер қозғалып, сұрақтар қойылды. Сонымен бірге облыс әкімінің жеке қабылдауында да мәселелер легі тоқтаған жоқ. Тұрғындар әкіммен еркін пікір алмасып, өтініш пен ұсыныстарын жеткізе алды. Ол мәселелер Дархан Сатыбалдының қадағалауына алынды.

Арыс қаласында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қатары да жыл санап артып келеді. Қазір мұндай кәсіпкерлік субъектілердің саны алты мыңнан асып отыр. Олардың ішінде мемлекет қолдауына ие болып, қайтарымсыз грант арқылы кәсібін дөңгелетіп отқандар саны жыл санап көбеюде.

Соның бірі – Арыс қаласының тұрғыны Алексей Радивил. Ол өткен жылы Арыс қаласы әкімдігі «Халықты жұмыспен қамту» орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, «Бизнес бастау» оқуын оқуып, мемлекеттік грантқа қатысу үшін «Ет бағытында бордақылау кәсібі» ісі бойынша бизнес жоспарын ұсынып, жобаны комиссия мүшелерінің алдында сәтті қорғап шыққан. Нәтижесінде 400 АЕК (1 225 200) көлемінде грантқа қол жеткізіп, қаражатқа төрт бас бұқа сатып алған. Оның үшеуі – қазақтың етті ақбас сиыры.

«Әкем бала кезімде мал бордақылаумен айналысты. Ғаламторды ақтарып, мүйізді ірі қараның толайым табысқа жетелейтініне көзім жетті. Қалалық жұмыспен қамту бөліміне құжат өткізіп, грант жеңіп алдым. Алдағы уақытта ірі кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігінен көріп-білгенімді өз кәсібімде қайталап көрмек ойым бар», дейді 21 жастағы Алексей Радивил.

Жас фермердің айтуынша, қара малдың ішінде оңдысы да, қоңдысы да қазақтың төл малы – ақбас сиыр. Бір жастан асқан бұқашығы 200-215 кг ет береді екен.Қазақша еркін сөйлейтін Алексей анасы және інісімен бірге отбасылық кәсіпті жандандырып, алдағы уақытта сүтті бағытта да шаруашылықты дамытуды жоспарлап отыр.

«Бизнес Бастау» жоба­сының басталғанына бір­неше жыл болды. Бағдар­ламаның игілігін көріп, кә­­сіп ашқандар да баршы­лық. «Бизнес бастау» жобасы «Еңбек» бағ­­дарламасы шеңберінде жү­зеге асырылып келеді. Ал «Еңбек» бағдарламасы жұмыссыздық­ты азайту және монополист ком­пания­ларға бәсекелестік тудырып, нарық­тағы бағаларды төмендету мақ­сатында ұйымдастырылған. «Биз­нес Бастау» жобасы нақты жұ­мыссыздарға және кәсіпкерлікті енді бастаған жандарға арналған. 5 жыл ішінде 185 мыңға жуық қазақ­стандық кәсіпкерлік негі­зін оқып, 53 мың бизнес-жоба жү­зеге асырылды. Яғни, «Бизнес Бас­тау» жобасының әр үшінші түле­гі өз кәсібін бастаған. Жоба тү­лек­тері 70 мыңға жуық жұмыс ор­­нын ашып, 1,5 млрд теңгеден аса салық төледі.

Былтырдан бастап жаңа бизнес-­идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз грант беру шарттарына өзгерістер енгізілгені белгілі. Мемлекеттік грант мөлшері 200-ден 400 айлық есептік көрсеткішке дейін артты. Жобаға тіркелу наурыз айының со­ңында басталады. Оқу ұзақтығы – 21 күн. Қатысушы оқу барысында жоба дайындап, қорғап шықса, 1 225 200 теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алуға мүмкіндігі бар. Бұған дейін бұл қаржы 584 мың тең­ге болатын. Сонымен қатар бұрын мемлекеттік гранттарға барлық санаттағы азаматтар үміткер бола алса, биылдан бастап тек 29 жасқа дейінгі жастар мен әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар грант ала алады. Былтыр Business.Enbek деген жаңа портал іске қосылды. Бұл портал арқылы кәсіп ашамын деген азамат өз категориясын анықтай алады. Бұрын үміткерлер жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, одан кейін «Атамекен» кәсіпкерлік палатасынан оқу басталғанша жолдамаларын күтетін. Жаңа порталдың тиімділігі – осы процестерді жеңілдету.

Бес жыл ішінде «Бизнес Бастау» нағыз халықтың жобасына айналды, әсіресе елді мекендерде жобаға деген сұраныс жоғары. Осы уақытқа дейін іске асырылған жобалардың 80 пайызы – ауыл шаруашылығы саласында. Қалған бөлігі қызмет көрсету, сауда, тігіншілік, тамақ өнеркәсібі және басқа бағыттарды қамтиды. Ауылда ашылған жобалардың көпшілігі, шамамен 80 пайызы мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығына тиесілі.

Оқылды 82 рет