Сейсенбі, 21 Мамыр 2024 11:23

Мақтааралда жылына 5 мың тонна құс етін өндіретін фабрика іске қосылды

Мақтаарал ауданында жылына 5 мың тонна құс етін өндіретін фабрика іске қосылды. «Мырзашөл-құс» ЖШС-ң құс фабрикасы - ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру мақсатында құрылған.

Сондай-ақ, өндіріс орны - азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңір тұрғындарын құс етімен, жұмыртқамен қамтуға бағытталған. Жобаның І кезеңі бойынша 10 мың бас етті «Бройлер» тауығының балапандары өсірілуде.

«Фабриканы барлық стандарттарға сай жасақтап жатырмыз. Құстарға жем, су беру толық автоматтандырылған. Мақсатымыз - халыққа сапалы, жоғары сұрыпты құс өнімдерін ұсыну. Бүгін жобаның І-кезеңін іске қосып отырмыз. Фабрикамыздағы құстар гармондық қоспаларсыз, өсу стимуляторлары қолданылмай, генетикалық түрлендіргіш заттарсыз өсіріледі. Алдағы уақытта фабрикамызды үлкейтіп, бірнеше кезең бойынша өнім санын да арттырмақшымыз. Қазіргі таңда 5 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы жобаның IV кезеңінде жұмысшылар саны 15-ке жететін болады» - деді, фабриканың басшысы Қасымхан Муталиев.

Айта кетейік, кәсіпорынның І, ІІ кезеңдері бойынша жылына 20 миллион жұмыртқа, 5 мың тонна құс етін өндіру және ІІІ, IV кезеңдері бойынша тәулігіне 48 тонна өнімді құрайтын жем цехын іске қосу көзделген.

Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында мал шаруашылығын субсидиялау тетігін одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Бақылаушы органдардың ескертулерін назарға ала отырып, субсидиялау қағидаларынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар нормалар алып тасталды. Қабылданған шаралар нәтижесінде елдегі эпизоотиялық ахуал тұрақтандырылды.

Өткен жылы жұқпалы аурулар бойынша саламатсыз пункттер саны 13,5%-ға, ал осы жылдың 5 айында 2 еседен астам қысқарды. Мал шаруашылығының жанама өнімдерін, ең алдымен, былғары шикізаты мен жүнді өткізуге ынталандыру. Былғары шикізатының экспортын тежейтін фактор 1 тонна үшін 200 еуро мөлшеріндегі экспорттық баж болып отыр. Қазіргі уақытта ұсақ мал бойынша экспорттық баж толығымен алынып тасталды, ал ірі қара мал бойынша 100 еуроға дейін төмендетілді.

Селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты, ең алдымен, геномдық талдау және математикалық модельдеу қағидаттарына негізделген жануарлардың асыл тұқымдық құндылығын бағалаудың заманауи әдістерін өндіріске енгізу бөлігінде жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, оны іске асыруға биыл асыл тұқымды жануарларды индекстік және геномдық бағалауды енгізуді, асыл тұқымды малдың шығу тегі туралы нақты ақпарат беруге мүмкіндік беретін молекулалық-генетикалық сараптама жүргізу тәртібін регламенттеуді көздейтін 16 нормативтік-құқықтық акт қабылданды.

Азық өндіруді одан әрі дамыту. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бүгінде ірі азықпен қамтамасыз ету 80%, шырынды азықпен қамтамасыз ету 60%, құнарландырылған азықпен қамтамасыз ету 50%-ды құрайды, дегенмен мал шаруашылығының тұрақты дамуы үшін толық қамтамасыз етуден басқа, азықтың сақтандыру қоры да болуы керек екені белгілі. Осы мәселені шешу үшін қабылданған Азық өндіру саласын дамыту жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы жергілікті жерлерде тиісті деңгейде іске асырылмайды. Жергілікті атқарушы органдар ауыспалы егістегі, бірінші кезекте суармалы жерлерде азықтық дақылдар үлесін кеңейту, жерді жалға алу шарттары аясында жер пайдаланушыларға қойылатын талаптарды қатаңдату есебінен жайылымдық алқаптарды үстірт және түбегейлі жақсарту және жайылымдар айналымын енгізу жолымен жайылымдық алқаптардың өнімділігін арттыру бойынша бар мүмкіндіктерді толық көлемде пайдаланбайды.

Оқылды 115 рет