Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024 16:35

Вице-премьер С.Жұманғарин Сарыағаш ауданындағы жылыжай иелерімен және жұмысшыларымен өзекті мәселелерді талқылады

Вице-премьер Серік Жұманғарин Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы жылыжай шаруашылықтары иелерімен және жұмысшыларымен өзекті мәселелерді талқылады. Кездесуге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, аудан басшысы Арман Абдуллаев қатысты.

Қазақстандағы барлық жылыжайлардың 70%-дан астамы облыс аумағында орналасқан. Мамыр айының басында жылыжайда құлпынай өсірушілер ел нарығына енген импорттық және арзан тәтті жидектердің көптігі туралы мәселе көтерген болатын. Арзан импорт оларды шығынға ұшырауына ықпал етті. Тегісшіл ауылдық округінде Серік Жұманғарин фермерлердің мәселелерін тыңдау үшін жергілікті жылыжай иелерімен кездесті.

«Абдураман» шаруа қожалығының басшысы Аширафи Шымбергенов жалпы ауданы 33 га ашық және жабық жерде құлпынай өсіру жобасына 300 млн теңге инвестиция салған. Оңтүстік корея технологиясы бойынша салынған жылыжайдың көлемі 5,5 га. Технологияның ерекшелігі – күн сәулесін пайдаланады және арнайы жамылғымен жылытылған, соның арқасында жылыжай дақылдарын салу және өндіру қарапайым өнеркәсіптік жылыжайларға қарағанда 3 есе арзан. Жылуды аса көп қажет етпейді. Қыс мезгілінде шығынның 70%-на дейін жылуға жұмсайтын шаруашылықтар үшін бұл өте маңызды технология.

«Абдураман» ЖШС жылыжай шаруашылығын дамытуда Жапонияның да заманауи технологиясын ендіріп, құлпынай өндірісін қолға алып отыр. Жылыжайдың ерекшелігі – күн сәулесі және арнайы тігілген көрпешелер арқылы өсіріледі. Осы арқылы қыс мезгілінде жылытуға аз шығын жұмсап, жылыжайда құлпынай өсіруге болатынын дәлелдеді. Бұл қаржылық тиімділікпен бірге, өнімнің өзіндік құнының төмендеуіне де ықпалын тигізуде.

А.Шымбергеновтің айтуынша, Қытай мен Кореяда бұл технология барлық жерде қолданылып, қызанақ, қияр және басқа да жылыжай дақылдарын өндіру құнын арзандатуда. Оны төмен температурада да қолдануға болады. Болашақта шаруа қожалығының басшысы қазақстандық құлпынай экспортын бастауды жоспарлап отыр.

Вице-премьермен кездесуде шаруа қожалығының басшысы өндірісті кеңейту үшін инвестициялық субсидия ала алмайтынын айтып, мәселе көтерді. Оны басқа жылыжайлар да қолдап, мемлекеттік қолдаудың бұл түрі олар үшін қолжетімді емес екенін атап өтті. Жылыжай шаруашылықтары қауымдастығының төрағасы Данияр Қалтаев қазіргі жылыжайлар ауа-райының қолайсыздығына төзімді екенін атап өтті. Серік Жұманғарин ұсыныстарды тыңдап, мәселелерді мүдделі мемлекеттік органдармен бірге қарауға және шешім қабылдауға уәде берді.

Осы тұста айта кетер болсақ, Түркістан облысы жылыжай шаруашылығын дамытудан және жылыжайлар көлемі бойынша республикада бірінші орында тұр. Облыста 1640 гектарды құрайтын 3366 жылыжай бар. Оның ішінде 87,2 гектары – өнеркәсіптік жылыжайлар. Онда 12 мыңнан астам адам еңбек етеді.

2023 жыл қорытындысымен өңірдегі жылыжай шаруашылықтарынан 140,0 мың тонна өнім жиналды. Бұл маусымаралық кезеңде (қазан-наурыз) республика халқы қажеттілігінің 42 пайызын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда, жылыжайларда 2024 жылдың бірінші айналымына көшет отырғызу жұмыстары атқарылуда.

Жылыжай шаруашылықтарын қолдау, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатына облыс әкімдігінің ұсынысымен Үкімет тарапынан өткен жылы кешенді шаралар қабылданды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен жылыжайларды жеңілдетілген көмірмен қамту ісі қолға алынды.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі тарапынан 2023 жылдың 1 мамырында «Фермерлік жылыжайларға жалпы техникалық талаптарының мемлекеттік стандарты» бекітілді. Бүгінде 801 фермерлік жылыжай сертификатталды. Жылыжай шаруашылықтарын жылыту маусымында субсидиялаудың жаңа тетігі енгізілді. Бағдарлама арқылы өнеркәсіптік және фермерлік жылыжайларда пайдаланылған электр энергиясы, көмір және газ шығындарының 20 пайызы субсидияланады. Фермерлік жылыжайлардың гектарына 4,8 млн. теңге, өндірістік жылыжайларға 8,1 млн. теңге бөлінеді.

Осы мақсатта 2023 жылы облыстық бюджеттен 565 млн. теңге қаржы төленді. 2024 жылға 1,4 млрд. теңге қаралып отыр. Аймақта жылыжайларды дамыту бағытында жұмыстар жалғасады.

Оқылды 111 рет