Абай ауылындағы «Домалақ ана» тігін цехында болған өңір басшысы цех жұмысымен танысты. Биыл наурыз айында іске қосылған өндіріс орнында 14 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы 120 мың теңге көлемінде. Кәсіпкер өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен Қытай Халық Республикасына аудан әкімімен барып, 16 тігін машинасы мен 1 дана көрпе тігетін станок сатып алған.
Кәсіпкер өз қаржысы есебінен, сонымен қатар қосымша «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында қаражат алып кәсібін дөңгелетіп отыр. Негізінен қыз жасауы, ұлттық нақыштағы көрпе-төсек, құрақ, ұлттық киімдер шығарады.
Бизнесті дамытып, қосымша жұмыс орындарын ашу үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмек. Тігін цехына 50 тігін машинасын сатып алынатын болды. Сондай-ақ «Күміс жас» жобасымен тігіншілер жұмысқа алынады. Бұл жобаға 50 жастан асқан жұмыссыз адамдар зейнеткерлік жасқа толғанға дейін қатыса алады.Кәсіпорын негізінен Түркістан облысының нарығына өткізеді. Жобаның жалпы құны 408 млн теңге.
Облыс басшысы сондай-ақ, жылыжай шаруашылықтары иелерімен кездесіп, маңызды мәселелерді талқылады. Облыс басшысы Біртілек ауылдық округіндегі «Орынкүл» шаруа қожалығының жылыжайында болды. Кездесуде шаруалар өткізу нарығына қатысты және өндірісті кеңейту үшін инвестициялық субсидия алу мәселесін көтерді. Облыс әкімі ұсыныстарды тыңдап, мәселелерді жауапты органдармен бірге қарап, шешім қабылданатынын айтты.
Шаруа қожалығында баклажан, қызанақ, қияр, тағы басқа көкөністер мен қара өрік өсіріледі. Жобаның жылдық қуаттылығы – 200 тонна. Жобаның жалпы құны – 110,0 млн. теңге. Шаруа қожалығы 2015 жылы іске қосылған. 10 адам тұрақты, 100 адам маусымдық жұмыспен қамтылған. Жұмысшылардың орташа жалақысы 150 000 теңге. Жалпы 10,8 гектар жердің 0,80 гектарына жылыжай орналасса, қалғаны – бау-бақша. Облыс әкімі ауыл шаруашылығын дамыту, осындай жобаларды қолдау жөнінде тапсырма берді.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданына жұмыс сапары барысында«Мерген-Н» ЖШС-нің минералды су, алкоголсіз сусындар шығаратын зауытының жұмысымен танысу барысында да мемлекетті дамытудағы негізгі қозғаушы күш кәсіпкерлік екеніне тоқталды. Жауаптыларға инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлерге қолдау көрсету жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
– Біз жергілікті өндірісті дамытып, экспортты ұлғайтсақ қана өңір бюджеті толығады. Осы бағытта жұмысты күшейту керек, – деді облыс әкімі.Айта кетейік, бүгінде «Мерген-Н» ЖШС-нің өнімдері елімізбен қатар Ресейге де экспортталып жатыр. Жобалық қуаттылығы – сағатына 2,5 мың дана. 2002 жылы іске қосылған зауытта 35 адам жұмыс істейді.