Бейсенбі, 03 Қазан 2024 12:21

Миландық маман шымкенттік өнімге қызығушылық танытты

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Туризм кеңесінің отырысы өтті. 

Жиынға Палата директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев, Италияның Милан қаласының индустриализация қауымдастығының өкілі Урсу Лилиана, Шымкент креативті индустрия қауымдастығының төрағасы Жанна Байтелиева, қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының, мәдениет, тілдерді дамыту және авхивтер басқармасының жетекшілері, «Shymkent» ӘКК» өкілдері, қолөнершілер мен кәсіпкерлер қатысты. Бауыржан Берікұлы алдымен Кәсіпкерлер палатасындағы кәсіпкерлерді қолдау бағытындағы шаралар туралы қысқаша баяндап, Италия мен Қазақстанның арасындағы іскерлік байланысқа тоқталып өтті.

«Италия Қазақстанның экспорт бойынша басты серіктесінің бірі саналады. 2024 жылдың 8 айында екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 14 млрд долларға жуықтады, оның ішінде Қазақстаннан Италияға экспорт көлемі 12,9 млрд долларды құрады. Қазақстанда Италияның қатысуымен 251 компания тіркелсе, соның екеуі Шымкентте жұмыс істеп тұр», – деді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары.

Шымкент қаласының креативті индустрия қауымдастығының төрағасы Жанна Байтелиева осы кездесуді ұйымдастыруға көмектескені үшін Палата өкілдеріне алғысын білдіріп өтті.

«Креативті индустрия қауымдастығы мен Кәсіпкерлер палатасы және «Shymkent» ӘКК» АҚ басшылығы арасында меморандум түзіліп, өзара әріптестік орнаған. Соның бір бағыты – осы кездесу. Шымкенттік кәсіпкерлерге енді шетелдік әріптестерімен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік бар. Сол үшін сонау Милан қаласынан қонақ шақырып отырмыз», – деді Жанна Байтелиева.

Бұдан кейін Милан индустриализация қауымдастығының өкілі Урсу Лилиана сөз алып, өз қаласының мүмкіндіктері мен жетістіктері туралы таныстырып өтті.

«Қазақстанның экономикалық әлеуеті туралы таныспыз. Барлық саласы, оның ішінде тоқыма, жеңіл өнеркәсіп салалары да қарқынды дамып келеді. Осыған орай біз сіздерді тікелей әріптес болуға шақырамыз. Мысалы, сіздерде креативті индустрияда қолданылатын былғары илеуге қажет тері, мата тоқуға қажет жіп, мақта сияқты шикізат жеткілікті. Ендеше, сол теріні шетелде емес, өздеріңізде де өңдеп, былғары шығаруға қажет техникаларды, құрылғыларды жеткізіп бере аламыз. Осылайша дайын өнім шығарудың толық циклі өздеріңізде болады», – деді Урсу Лилиана.

Жиын барысында тараптар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты, өзара әріптестік туралы жан-жақты талқылады. Соның бір бағыты ретінде миландық маман жергілікті «Azala Cotton» компанияның тоқыма жіптерін сатып алуға қызығушылық танытты. Ал Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және авхивтер басқармасы басшының орынбасары Мөлдір Оңдасынова Италияда шымкенттік музейлердің көрмесін ұйымдастыру туралы ұсынысын білдірді.

Оқылды 248 рет