Жексенбі, 15 Қыркүйек 2024 16:39

Түркістан қаласының туристік және кәсіпкерлік әлеуетін көтеретін нысандар салынбақ

Түркістан облысында, әсіресе, облыс орталығында бой көтеріп жатқан нысандардың сәулеті қала кейіпіне сай болуы тиіс. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында айтылды. Жиын барысында облыстағы сәулеттік жобалар жан-жақты талқыланды.

Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығындағы тұрғын үй кешендері мен коммерциялық нысандардың қасбеті, аулаларды абаттандыру, көше бойына салынатын саябақ дизайны қаралды. «Қолөнершілер орталығы» мен «Күлтебе қалашығы» жобасы пысықталып, ұсыныстар айтылды. Өңір басшысы әрбір нысанның құрылысы талапқа сай әрі сәнді жүргізілуі тиіс екенін ескертті.

– Түркістан қаласының өзіндік келбеті қалыптасқан. Нысандардың сәулеттік жобалары талапқа сай болуы тиіс. Әрбір құрылысты зерделеңіздер. Құрылыстың тарихи нысандарға зияны келмеуі басты назарға алынсын. Әрбір нысанға жауапты әкім мен басқарма басшылары жобаның басы-қасында жүріп, тиісті жұмысты атқарсын, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиында әлеуметтік нысандар мен туристік ғимараттардың жобасы қаралды. Әрбір жобаны жіті қарап, ұсыныстарды тыңдаған Дархан Амангелдіұлы кемшіліктер бойынша ескертпелер айтты. Жауапты тұлғаларға жобаны жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырТүркістанға жасаған сапарында Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беруді ұсынғаны белгілі. Түркістанды атажұртымыздың алтын қазығы деп атап өткен болатын.

– Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті, – деді Президент. Мемлекет басшысы қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыздың осында жерленгеніне тоқталып, былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілгенін айтты. Президенттің пікірінше, бұл оқиға Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді дегенді білдіреді.

– Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр. Сол себепті, мен ата жолын ұстанып, Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Түркістанда өткізуді ұсындым. Онда ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы кейінгі жылдары болған оң өзгерістерді атап өтті. Президенттің дерегіне сәйкес, Түркістанға тартылған инвестиция көлемі 8 есе артқан. 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынған. Сонымен қатар шаһар жасыл-желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарған. Тұрғындарды ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілді деп айтуға болады. 2019 жылдан бері облысқа 2 миллионға жуық турист келген. Кейінгі үш жылда аймақтағы өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласы 1,5 есе өскен. Облыста 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылған. Мемлекет басшысы елімізде «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын айтып, оның халық саны көп оңтүстіктің тұрғындарын жұмыс күші аз өңірлерге қоныстандыруға арналған жоба екенін түсіндірді.

Президент Түркістан қаласының маңызы туралы әңгімелей отырып, «Түркістан тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені. Түркістан – сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары», деді. Сондай-ақ түгел түркінің темірқазығы саналатын Түркістанға тәу ету ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүр екенін айтты. «Қарап отырсаңыз, халқымыздың арғы-бергі тарихында ел бастаған, қол бастаған тұлғаларымыз да аса жауапты сәттерде, күрделі саяси шешімдер қабылдайтын уақыттарда Түркістанға тағзым ете барған», деді Қ.Тоқаев.

Туризм саласы соңғы уақытта Түркістан өңірінде қарқынды дамып, тұрғындардың туристерге сапалы қызмет көрсетіп, олжаға кенелуіне мол мүмкіндік бар екенін дәлелдеуде. Себебі Түркістан өңірінде туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету жергілікті биліктің күн тәртібіндегі басты талаптарының бірі болып отыр яғни, туризмді өңірдің негізгі драйверлерінің бірі ретінде дамыту назарда тұр.

Аймақта «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» жобасының инфрақұрылымын салу жұмысы жүргізілуде. Бұл жоба туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірлік маңызы бар туристификациялау картасының ТОП-50-іне енгізілген. Туризм саласын дамытуға бағытталған жұмыстар нәтижесінде өңірдің туристік әлеуеті күшейді. Нысандар пайдалануға беріліп, инфрақұрылымы жақсарды.

-«Керуен Сарай» – тарихтың кілті. Адам бәрібір бабалар тарихын аңсап тұрады. Сол заманға бір оралғысы келеді. Тым құрыса бірер мезетке. Ежелгі баһадүрлермен қауышу, олар жасаған нығметтерді көзбен көру, олардың рухы мен құдіретін сезіну – бойыңа айырықша күш сыйлайтынын айтқызбай түсінесің. Міне, осындай ғажайыпты киелі Түркістанда, соның ішінде «Керуен Сарайға» барып сезінуге болады, – дейді белгілі журналист Абай Қазбекұлы.

Кешеннің маркетологы Беласар Есенбектің айтуынша, «Керуен Сарай» кәдуілгі кілт пішінінде соғылған. Төбесінен қарасаңыз тап солай. Кілттің ұшы (кешеннен шығып кететін тұсы) Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіне барып тіреледі. Яғни, турист сараймен толық танысып болған кезде тарихымыз туралы білім жиып, Ясауи бабамыздың кім болғанынан жеткілікті мағлұмат алады. Сөйтіп, әрі қарай мавзолейді аралауға рухани тұрғыдан дайын болады. «Кешеннің кіре берісінде және шыға берісінде бесжұлдызды қонақүй орналасқан. Жалпы, кешеннің концепциясы мынадай: адам қыдырып келіп, қонақүйге орналасады, одан кейін су үстіндегі шоуды көреді, ол жерде «Қыз Жібек – Төлеген» фонтан шоуы қойылады. Одан шығып аттар шоуын көру үшін амфитеатрға барады. Одан бөлек түрлі концерттер бар. Сауда жасаймын дегендерге де ерекше жағдай жасалған. «Ұшатын театр» да адамға бұрын-соңды сезінбеген әсер сыйлайды. Бәрін аяқтаған соң мейрамханаға немесе фуд-кортқа барып тамақтана алады. «Керуен Сарай» кешенінің ерекшелігі – ескі тарихымызды жаңа заманауи технологиялармен үйлестіре отырып халыққа жаңа форматта көрсетеді», – дейді ол.

Altyn Samuryk «ұшатын театрының» ғажабын сөзбен сипаттап жеткізу тіпті қиын. Кешен ұйымдастырушылары бұл жобаны 8D соңғы технологиясымен жарақталған Орталық Азиядағы бірегей театр деп бағалайды. Арнайы креслоға отырған соң-ақ алтын самұрық сізді көне тарих тереңіне тартып әкетеді. Байырғы тарихи шаһарларды аралатып, одан заманауи Нұр-Сұлтан шаһарының төбесімен ұшырып, соңында түрік дүниесінің темірқазығына айналған Түркістан қаласына қайтып алып келеді. Кешендегі шоуларды ұйымдастыру және дамыту бойынша жетекші Алексей Храменковтың айтуынша, аттар шоуы қойылатын «Арена» сарайы 1500 орынға лайықталып салынған. Қазақстандағы ең үлкен LED экран да осы жерде қойылған. Аттар жаттығуды осы кешен ішінде жасайды. Барлығы да шетелден алдырылған жануарлар. Атқорадағы ат саны – 18. Аттар қойылымының жобасын франциялық каскадер және бапкер Марио Люраши жасап берген. Қазір Nomad каскадерлер тобы айналысады. Көз тартар кешен құрылысына «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ қолдау көрсеткен. Жоба құны – 87 млрд теңге.

«Соның ішінде инвесторлардың жеке қаржысы 47 млрд теңгені құрайды. Қазақстанның Даму Банкі 40 млрд теңге көлемінде қаржы құйды. Жоба 115 бөлмелі екі қонақүй, ойын-сауық орталығын салуды қамтыды. Қазіргі уақытта жоба сәтті жұмыс істеуде», – дейді Даму Банкінің Клиенттермен жұмыс жөніндегі дирекцияның аға банкирі Серік Ахметов.

Туристерге қолайлы болу үшін кешен аумағында бірнеше электрокар жұмыс істейді. Әзірге «Керуен Сарай» кешенін толыққанды коммерциялық жоба деп атау қиын. Десе де Алексей Храменков жобаның тартымдылығын арттыру үшін жоспарымыз көп дейді. Өйткені Түркістандағы әулие-әмбиелердің басына тәу ету үшін келетін адам саны біршама. Енді соларды туристік нысандар мен жобаларға сәтті тарта білу қажет. Қазір қыс маусымы болғандықтан келушілердің қарасы қалың емес. Ал биыл жаз кезінде судағы шоуды көрудің өзіне сағатына 13 мың адам жиылған.

«Статистика бойынша негізінен бізге Қызылорда, Шымкент, Алматы қалаларынан және Түркістан облысының өзінен адамдар көп келеді. Шетелдік туристер – негізінен Түркия, Франция және басқа да Еуропа елдерінен келушілер. Қазақтың салт-дәстүріне қызығушылық танытқан қытайлық туристер де көп болды. Шетелдік туристер үшін біз үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) еркін сөйлей алатын гидтерді де дайындап қойдық. Түрік тілінде еркін сөйлесетін қызметкерлеріміз де бар. Маусымның қызған кезінде күніне 20 мыңға дейін адам келді», – дейді Беласар Есенбек.

Кешен туристер үшін тынығып, демалып, көңіл көтеретін мекен болса, кәсіпкерлер үшін – табыстың көзі. Әсіресе, жаз маусымы кезінде бұл жерде күніне мың доллардан асырып сауда жасауға болады. Беласар Есенбектің айтуынша, кешен ішінде ашық және жабық базарлар ұйымдастырылған. Ол жерде әр апта сайын әр ауданның кәсіпкерлері келіп, өз өнімдері мен тауарларын сатылымға шығара алады. Әрі бұл үшін олардан бір тиын ақы алынбайды. Туристік орталық аумағын аралай жүріп әлемдік брендтердің сауда желілеріне бас сұғып, ұлттық тағамдар әзірленетін мейрамханалардан ас ішуге де болады. Наурыз айынан бастап естен кетпес әсерлі шоулар қайта басталмақ. Ойын-сауық жобаларының барлығы дерлік келушілердің ежелгі тарихпен, бабалар жолымен, қазақтың қасиетті салт-дәстүрімен таныстыру мақсатында жасалған.

Облыстық туризм басқармасының басшысы Г. Ахбердиева Түркістан облысын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес өңірде ішкі және сыртқы туризмді дамыту, келушілер мен туристер санын арттыру, салаға инвестиция тарту және өзге де міндеттер жүктелгенін айтады. Орындалуға тиіс міндеттер мен тапсырмалар және жоспарлар да аз емес. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Түркістанда мереке күндері «Керуен сарайда» атаулы іс-шаралар ұйымдастырылып, еліміз бен шетелдің танымал әншілері өнер көрсетіп келеді.

Жыл соңына дейін әншілер мен жұлдызды топтардың қатысуымен 17 іс-шара ұйымдастырылды. Үкімет бекіткен «Халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру жөніндегі кешенді жоспарға» сәйкес «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ тарапынан 25 іс-шараны өткізу жоспарланды. Қазіргі уақытта туризм басқармасы «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ-ы және «Керуен сараймен» іс-шаралар тізбесін пысықтауда. Биыл басқарма тарапынан өңірдің туризм саласын ілгерілетуге бағытталған Karavan Statue Street Art мүсіндер фестивалі, гастрофестивал секілді жобаларды жүзеге асты.

Түркістанда «Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы археологиялық мұражай паркін құрудың жалғасы ретінде заманауи сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасауға мүмкіндік беретін нысандар салынады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Қызықты әрі маңызды жоба жан-жақты талқылануда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басшылар мен мердігер компанияға бірқатар тапсырма берді.

Таяуда ғана Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен облыстағы сәулеттік жобалар талқыланған жиын өткенін де айта кетейік. Жиында өңір басшысы әрбір нысанның құрылысы талапқа сай, сапалы әрі сәнді жүргізілуі тиіс екенін ескертті. Сонымен бірге жаңа нысандардың қасбетінде ұлттық нақыштың ұмытылмауын, тарихи әрі туристік нысандарда тұтас бір үйлесімділік болуы керектігін айтты.

Күлтөбе қалашығы ежелгі Яссы қаласының бір бөлігі болған. Жоба мемлекетпен айрықша қорғалатын аумақта, ЮНЕСКО ұйымының Дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында іске асырылатындықтан, қазіргі археологиялық зерттеулер ЮНЕСКО мен ИКОМОС ұйымдарының дүниежүзілік мұра саласындағы халықаралық сарапшылар қауымдастығымен ынтымақтастықта жүзеге асуда.

Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру мен ғылыми-зерттеуге жергілікті ғалымдар атсалысты. Қалашықта әртүрлі кезең нысандарының эскиздері – қолөнершілердің тұрғын үйлері, заттар, ежелгі сауда көшелері, шеберханалар, ішкі аулалар және XII-XIX ғасырлардағы бекініс қабырғаларының элементтері табылған. Осы жәдігерлер «Күлтөбе қалашығы» паркіне орнатылып, саяхатшыларға ұсынылмақ.

Облысымыз тарихи және мәдени нысандарға бай өлке. Өз кезегінде өңірде Түркістан, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытында тарихи-танымдық туризмі, Сарыағаш курорты аумағында емдік-сауықтыру туризмі, Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарында экологиялық туризм түрлері қарқынды дамып келеді. Соның бірі ретінде туризмді дамытудағы алар орны ерекше «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» жобасы іске асырылуда.

Мәжілісте Күлтөбе қалашығы аймағындағы туристік нысан, Түркістан қаласы аумағында шығыс үлгісінде безендірілген мұнаралар салу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ «Қолөнершілер орталығы» нысанын салу жобасы да сарапталды. Әрбір нысан бойынша тиісті ескертпелер айтылып, ұсыныстар берілді. Олардың бәрі жұмыс жоспарына енгізіліп, тиісті жұмыс жүреді.

Түркістанның тек түркі халықтарының ғана емес, шығыс халықтарының да ақ ордасы болғаны мұқым елдің барлығына аян. Төменде Есімхан мен Әз-Тәукенің, Рабиға бегім мен Қаз дауысты Қазыбек бидің, ақылына қарашаны тоқтата білген би-шешендердің, сұлтандар мен батырларды түлеткен қасиетті Түркістан қаласының  туризм әлеуеті жайында халық қалаулылары мен қоғам белсенділерінен алынған сұхбаттарды назарларыңызға ұсынғалы отырмыз.

Әлемге назар салатын болсақ, экономиканың үздіксіз дамуына ілесіп және техниканың  жаңалануына байланысты халықаралық туризм күн өткен сайын қанатын кеңге жаюда. Көлік-коммуникациясы  қолайлы болған сайын қарым-қатынас, жүріс-тұрыс қарқын алып келеді. Адамдардың табысы жоғарылай бастаса, бірдеңе ойлай бастайды. Яғни дүниені кезіп, саяхаттау екінің бірінде болатын арман. Кәсіпкерлер мен тұрақты капиталы бар байлар онсызда әлемді шарлауды күн тәртібіне қояды. Осылайша туризм бүгінгі күннің жаңа өрлеуі болып отыр. Құрлықтарды кесіп, теңіздерді кешіп бөтен ел мен бейтаныс жерлерді көру  адамдардың көксегені. Жер шарындағы саяхат ежелден бар екені анық. Әскери және ғылыми экспедиция ретінде қалыптасып өмірге келген. Алайда, ол  ішінаралық қана болып келген еді. ХХІ ғасыр басталғалы саяхат пен туризмнің дәуірі туды деуге болады. Ақшасы бар адам материалдық жақтан қанағаттанып ылғида қарап отырмас еді. Ол үшін өзге дүниеден рухани ләззат алу керек болады. Сол сәтте ішпегенді ішіп, көрмегенді көріп рақаттануды ойлаған адам туризмге ден қояды. Ғаламшарға зер сала қарасақ, туризмнің заманы жүріп жатыр, оның өсу жылдамдығыда зор. Тек кезектегі «індеттің» тосқауыл болып, жұрттың қол аяғын байлап қойғаны болмаса, дүние қалыбына келіп, сабасына түссе туризм саласы дүр ете қалайын деп тұр.

Қазақстандықтар жөнінен айтар болсақ, сыртқы туризмге деген ынта жоғары. Ішкі туризмге деген қызығушылық бәсең. Ал, шетелдіктер үшін Қазақстан әлі де болса жабық, белгісіз өңір есебінде қаралады. Олай болатыны біз тәуелсіздік алғанымызға енді ғана 30 жылдан асты. Кеңестер одағының құрамында қалтарыста қалып келгендіктен жабық болдық. Үгіт-насихат, әлемдік ақпаратқа шығу енді ғана қолға алынып жатыр. НЕГІЗІ Туристерді тартатын екі үлкен нәрсе болады. Біріншісі, табиғаттың таңғажайып кереметтері. Тылсым дүниенің құпиялары, жаратылыстың сырлары. Таулары мен көлдері, құмдары мен орманы, даласы мен аң-құсы турис шақыратын бірінші нысан. Екіншісі, тарихи құнды жәдігерліктер дер едім. Мемлекетіміздегі сақталған ежелгі қалалар, ескі жұрттар, адамзат өркениетінің бастаулары. Осы екі нәрсе бар екені анық болса, үшінші болып, жол, көлік, қонақ үй секілді қызмет көрсету деңгейі қосылады. Яғни елдің «Сервистік» әлеуеті қаншалық? Ол да шешуші рөл атқарады.

Біздің мемлекетімізде, табиғат тылсымы мен жаратылыстың таңғажайыбы жеткілікті. Жеріміз кең, климаты әр түрлі болғандықтан, бір тамыз айының өзінде төрт маусымның элементтерін бір мезгілде көре аласың.  Жер бетінің жеті ықылымын бағындырған Әмір Темірдің табаны тиген тағдырлы жері осында жатыр. Қолтаңбасы басылған ТҮРКІСТАН әне тұр. Енді біз сол шахбаз шаһардың халықаралық деңгейдегі туризм орталығы болуына жұдырық болып жұмылып, ел болып ерен күш салсақ, туристер шоғыры өздігінен қаптайын деп тұр. Бұл өз кезегінде еліміз бен жаңа қаламыздың экономикалық-әлеуметтік дамуының теңдесіз, тамаша үлгісі болмақ. Түркі әлемінің бесігі саналатын қасиетті Түркістанның өркендеуіне үлес қосу арқылы өркениетті елдердің санатына жақындай түспекпіз. Ол үшін мүмкіндік те жоғары. Ұлы даламыз туристердің ұясына айналарына жұртшылықтың сенімі мол.                                                                         

Кәрі құрлыққа қара шаңырағының қазығын қаққан қаймана қазақтың рухани астанасы болған Түркістанның облыс орталығына айналуы өз бетінше жеке өмір сүрсін, қалғандары да біртіндеп жетіліп кетер деген сынды жай ғана жеңіл мақсатпен жасалған жаңалық емес әлбетте. Керісінше, одан әлдеқайда ауқымды, үлкен мақсатты көздеген шешім. Түркістан ежелден Ұлы Жібек жолының бойында жатқан қала, киелі шаһар. Біз бұл жаңалықты тек осы оймен, яғни тек сыртқы форма үшін жасалды деп ойламауымыз керек.  Оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстанда аса ауқымды жұмыстар басталып, ірі-ірі жобалар қолға алынып жатыр. Көрші мемлекетпен қатарласып, біздің шекара бойында жатқан облыс та одан әрі қарқынды түрде дамуы тиіс. Оған мүмкіндігі де, әлеуеті де әбден жеткілікті. Осы жағынан алғанда, бұл жаңалық біздің еліміз үшін, жаңа атауға ие болған облыс үшін тиімді болды. Сондықтан Түркістанның облыс орталығы болғанына көпшілік қуанышты, әрі қарай жан-жақты дами беретіні анық.

Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, Түркістан қаласының идеологиялық негіздемесін қалыптастыру бойынша 4 бағыт айқындалған болатын. Түркістан қаймағы бұзылмаған қазақтың қасиетті қарашаңырағы, берекесі ұйыған киелі мекені. Осы қастерлі де, қадірлі мекеннің даму даңғылы ретінде саналатын аталмыш бағыттарды өз кезегінде ұсынылған тамаша бастама екені анық. Енді, ол жердегі: «Түркістан - қазақ халқы мен түркі тілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы; Әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы; Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы;  Қожа Ахмет Ясауи - рухани тұлға сынды» төрт бағыттың айналасындағы атқарылар жұмыстар нәтижесін берсе, қаланың одан сайын қарыштап дами түсетіні уақыт күттірмейді.

Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы.  Енді, облыста туризмді, ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың, бизнестің, инфрақұрылымның дамуына серпін бере отырып, Түркістанның тек киелі мекен емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызады. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етеді.  Жаңа әлеуметтік нысандар, тұрғын үй және басқа да жобалар қарқынды түрде жүзеге асырылады. 

Әлем жұртшылығы Қазақстанда демалу мүмкіндіктері жайлы енді ғана біліп жатыр. Жалпы бізде динамика өте жақсы деуге болады. Орта есеппен 10% деңгейіндегі келушілер туризмі бойынша біз жыл сайын өсіп келеміз. Мұндай пікірді «Kazakh Tourism» ҰК АҚ төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов білдірді.– Жалпы әлем үздіксіз даму үстінде. Туризм көптеген елдерде басымдығы мол сала. 2030 жылға қарай жалпылама көрсеткіш бойынша 1,8 млрд-тан астам адам ағылады күтіліп отыр. Яғни, бұл дегеніңіз, осыншалықты адам халықаралық шекаралардан өтетін болады деген сөз. Ал, Қазақстанда келер болсақ, бізде бұл үдеріс енді басталып, біртіндеп қолға алынып жатыр. Қазақстандағы демалу мүмкіндіктері жайлы әлем жұртшылығы ақпараттанып жатыр. Біздегі динамика көрсеткіші өте жақсы. Орта есеппен 10% деңгейіндегі келушілер бойынша бізде жыл сайынғы өсім байқалады. Соңғы 5-6 жылдағы ішкі туризм бойынша динамика 10-15% деңгейін құрап отыр. Бұл дегеніңіз көңіл көншітерлік нәтиже.Бір қуантарлығы, біздің азаматтарымыз барынша көбірек Қазақстандағы демалыс орындарын таңдауда. Өзінің демалысын Отандық демалыс орындарында өткізуге өткізуге ниетті адамадар саны көп. Шетелге жылына үш рет шыға алатын адамдар бар, бірақ олар кемінде бір демалысын Қазақстанда өткізеді. Туризм түрлері бойынша беталыстар туралы айтатын болсақ, әлемде этнографиялық және саяхатшылық туризм кеңінен танымал болып келеді. Егер эко және этнотуризм әрқашан қызықты болса, онда аdventure-туризмге деген сұранысты жыл сайын 46%-ға дейін артуға болады– дейді Қайрат Серікұлы

Бүгінде тікелей Түркістан қаласына көп көңіл бөлініп отыр. Түркістандағы бүгінгі келушілер ағымы Шымкент қаласынан есебінен орын алуда. Көптеген туристер күндіз келушілер немесе киелі орындарға бағыт алғандар. Сондықтан, негізгі міндет - адамдар Түркістанға түнеуге келіп, бірнеше күнге қалып, қаржыларын осында жұмсап, кәделі сыйлар алуына, мейрамханаларға баруына жағдай жасау болып отыр. Бізге осы жағына көп көңіл бөлу керек дейді мамандар.

Қазірдің өзінде, әуежайдан басқа, қонақ үйлер де көптеп салынуда. Ендігі кезекте тұрақты темір жол мен автобус қатынасын жолға қою қажет екені түсінікті. Түркістан мен Шымкент қалалары қандай жағдайда да бірге дамитынын түсінуіміз қажет. Өйткені, мұнда үлкен ішкі нарық бар. Шымкент қаласында шағын және орта бизнестің шоғыры қалыптасқан. Дәл сондай нарықты Түркістанда да қалыптастыру қажет. Бірыңғай маркетинг бағдарламасы мен бірыңғай инфрақұрылымдық даму жоспары қалыптасатын болса, түркі тілдес дүниеде де, ислам әлемінің басқа елдерінің арасында да Түркістанның алар әлеуеті зор болмақ.

Түркістанның мемлекетіміздің экономикалық, әлеуметтік, идеологиялық дамуында алар орны ерекше. Түркістан өңірі әлмисақтан сауда-саттық пен ынтымақтың алтын ордасы болған. Түркістанды облыс орталығына айналдыруы – ең бір ұтқыр да көреген шешім болды. Еуразия кіндігінде орналасқан, Ұлы Жібек жолының дархан даласына айналған өлкеде ертеден қалалар соғылып, мәдени ошақтар салынды. Ғажайып сырға толы өзен-көлдер мен тау-тастар, ормандар мен шөлейіттер массиві тарихи кезеңдердің куәсі болып келеді. Мыңжылдық өркениет тоғысы бар шежірелі қалалар, ондағы ескерткіштер мен мәдени орындар, ескі ғимараттар өскелең ұрпаққа ұлағатты тарих болып қалары сөзсіз. Облыс орталығы мәртебесін иеленген Түркістан қаласы қашанда тарихи туризмнің алтын ұясы саналып келеді. Бұл жақта туризм кластерінің басым бағыты саналатын көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған. Қала басында қала қонақтары мен тұрғындарына қажетті ойын-сауық орталығы, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театрлар, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквопарк, спорттық демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынған. Бұл өз кезегінде туристерге толықтай сапалы қызмет көрсете алатын жағдай деген сөз.

ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген: Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, көне Отырар мен Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесі,  Бәйдібек би ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас аудандарының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бәрі-бәрі осы облыста орналасқан. Бұл шежіреден сыр шертер орындарымыз әлі талай саяхатшыларға таңдай қаққызады деп сенімді түрде айта аламын. Өткен жылдың өзінде Түркістанға 1 миллионнан астам турист келген. Саяхаттаушылардың басым көпшілігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, АҚШ, ҚХР, Германия және Италия азаматтары болып отыр. Бұл дегеніңіз қызығушылықтың өте жоғары екенін аңғартады Шетелдіктерден бөлек өзіміздің Қазақстанның барлық аймағынан шипажайларға, тарихи орындарға келушілер дені көп. Туризм Оңтүстік үшін таптырмас табыс көзі болғалы тұр. Облыс орталығы мәдени астана ретінде алдағы уақыттарда талай туристі қонақжайлықпен қарсы алатыны анық. 

 Қазақстандағы туризм саласының дамуы жан-жақты жүргізіліп келеді. Соның ішінде мәдени туризмнің орны бөлек. Мысалы, Қазақстанға жылына 4 млн. 560 мың адам келіп, ЖІӨ-нің 5,3% туристік қызметтерден түскен қаржыдан құралады. Бұл көрсеткішті «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасында» 8% дейін жеткізу көзделуде. Қазірге дейін ЮНЕСКО тізіміне Қазақстандағы 2 табиғи және 3 архитектуралық объектінің кіруі әлемдік статистикалық көрсеткіштерде еліміздің мәдени туризмді дамытуға қолайлы екендігін түсіндіреді. Қазақстанның туризм саласының мәдени немесе этнотуризмге негізделуі оның көне көшпелі өркениет пен Жібек Жолы бойындағы қалалық мәдениеттің сақталуының нәтижесі болып отыр. Себебі Қазақстандағы табиғи және архитектуралық ескерткіштердің бүгінгі күнге жетуі халықтың этномәдениетімен тікелей байланысты.

Қазіргі кезде Түркістан қаласының маңындағы археологиялық ескерткіштердің саны 99-ға жетіп отыр. Бұл өңірдегі көне қалалардың мәдени қабатының тереңде екендігін көрсетеді. Түркістанның көне мәдениетінің соңғы кезеңдері Қазақ хандығымен тікелей байланысады және онда қазақ хандары мен билерінің пантеоны қалыптасқан (өз кезегінде қазақ халқы Түркістанға зиярат етуді «кіші қажылыққа» теңеген). Қаладағы бұл нысандар археологиялық және этнографиялық кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасындағы» ТОП-10 енген туристік нысандарға Түркістан облысы жылына 1,5 млн. турист тартуы қажет. Ал, осы бағдарламада Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне қатысты арнайы «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» кластері қарастырылады. Бұл кластер Қызылорда облысының орталық және шығыс бөлігін, Түркістан облысының оңтүстік-батыс және солтүстік-батыс бөлігін, Жамбыл облысының оңтүстік-батыс бөлігін қамтиды. Сондай-ақ, «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» кластері кезең-кезеңмен кеңейтіліп, «Ұлы Жібек жолының жүрегі» ретінде сипатталатын болады. Жалпы алғанда, Түркістан облысының туристік кластеріндегі мәдени туризмнің орны ерекше. Оның келешекте даму әлеуеті жан-жақты дамытылатын болады. Бұл Қазақстанның тек туристік саласы үшін ғана емес, сонымен қатар, бүкіл Орталық Азияның экономикалық және мәдени платформасы ретінде қызмет атқаратыны сөзсіз. Сондай-ақ, облыс халқының әлеуметтік құрылымының өзгеруіне де оң ықпалын тигізеді.

Қазақтың тарихы, ешкімге ұқсамайтын болмысы, тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы, дәстүрі кім-кімді болмасын қызықтыратын сөзсіз. Шет елден сапарлап келушілер өзге де өркениетті көргісі келеді. Еуропа, Азия елдерін айтпағанда, іргеміздегі жатқан Өзбекстан мемлекеті бұл жағынан бізден біршама алға адымдап кетті. Олар сан ғасырлық тарихы, қайталанбас шығыстық дара сәулеті бар Бұқара, Самарқан, Қоқан мен Хиуа секілді көне қалаларын туризм орталығына айналдырғалы біраз уақыт өтті. Жалпы, туристер қауымына заманауи қалалардан гөрі көне, тарихи қалалар көбіне қызығырақ екенін ескерсек, Түркістанға да туристер ағылатындай алғышарттар жасалынуы тиіс. Оның туризм әлеуетін қалыптастыруға толықтай мүмкіншілік те, жағдай да бар.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 48 рет