Одан бөлек, Түркістан қаласына жаңа инвестициялық жобаларды тарту мақсатында жалпы құны 37,6 млрд. теңге болатын және 1 000-ға жуық жаңа жұмыс орындарын құратын шет елдік 26 ірі инвестициялық жобалармен келіссөздер жүргізілуде. Жыл басынан бері құны 6,6 млрд.теңге болатын және 160 жаңа жұмыс орнын құратын 5 ірі инвестициялық жоба іске асырылды. (Тұран Мебель БК ЖШС, Қазақстан Нұр 001 ЖШС, Гранд Строй Каз ЖШС, Мырза ШҚ, Арыстанбаева ЖК).
Қазіргі таңда аймақта шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен өнім шығарылымы 82,8 млрд.тг. құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 11,3% артқан. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айына 22 292 бірлікті құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 25,5% құрады. Ал өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – өнеркәсіп саласында 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айына 18,8 млрд.теңгенiң өнімі өндіріліп, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 4,3% артты.
Сала мамандары биыл инвестиция саласы бойынша көрсеткіште оң динамика қалыптасқанын айтады. Яғни, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 245,8 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 23,3% артқан. Оның ішінде: жеке инвестиция көлемі 154,6 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 55% құрады.
«Соңғы бес жылдағы өзгерістер қала дамуына жаңа мүмкіндіктер ашқанын ерекше атап өткім келеді. Халық табысының өсуіне және олардың әл-ауқатына оң әсерін тигізетін жобаларды жүзеге асыруға облыс орталығында барлық жағдайлар қарастырылған. Сол себепті, қазір жекеменшік секторды нығайтуға арналған ауқымды реформаларды жүзеге асыруға басымдық беріп отырмыз. Бұл өз кезегінде бәсекелестікті арттыруға, жалпы, экономиканың өсуіне ықпал етеді», — дейдіТүркістан қаласының әкімі Н.Тұрашбеков.
Расында, халық табысының өсуі үшін көптеген жағдайлар жасалғандықтан, қаламызда кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар саны артып келеді. Кәсіпкерлікті жүргізу үшін өңірде қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Бизнес үшін қаржылай қолдау шаралары қолжетімді. «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары кәсіпкерлерге айтарлықтай ықпалын тигізіп жатыр. Осы бағдарламалар арқылы кәсіпкерлер 17 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиелерді пайдаланды. Жалпы, бағдарламаларды орындау бойынша өңір республикада алғашқы үштіктің қатарында келеді. Бұдан басқа жергілікті деңгейде жас кәсіпкерлер және стартап жобаларды қолдау үшін қажетті бағдарламалар қабылданған. Мәселен, кәсіпкерлер жаңадан құрылған «Атамекен-Түркістан» микроқаржы ұйымы арқылы жеңілдетілген 6%-бен несие ала алады. Бүгінде бұл мүмкіндікті кәсіпкерлер ұтымды пайдаланып, 1,8 млрд. теңгеге қаржыланып отыр.
Осы орайда облыс орталығы Түркістан қаласында кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, көптеген бағдарламалар қолданысқа еніп, кәсіп иелерінің игілігіне жаратылуда. Мұның барлығы өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы саласында көрініс табуда. Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты тиісті сала мамандарының айтуынша, өз кәсібін ашамын деушілерге бүгінде мол мүмкіндіктер берілген. Қазіргі таңда өнеркәсіпте, шағын және орта бизнес түрлерінде жетістіктерге жетіп жатқан азаматтар аз емес.
Айта кетелік, Түркістан қаласында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы қарқынды түрде жүргізілуде. Түркістан қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, жүйелі жұмыстар нәтижесінде «Еңбек» бағыты бойынша 7 143 азамат жоспарланса, 6 501 азамат белсенді шараларға тартылды. Атап айтсақ, 3 679 азамат тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылса, 201 азамат уақытша ұйымдастырылатын әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Сондай-ақ, 535 жас түлек «Жастар практикасымен», 102 жас алғашқы жұмыс орындарымен, 175 азамат – «Күміс жас» жобасы аясында жұмыспен қамтылса, 1 242 тұрғын ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жолданды.
Кәсіпкерлікті қолдау шаралары бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі. 150 тұрғынның бастапқы бизнес жоспарларына комиссия шешімімен қайтарымсыз грант қаражаттары берілді. 29 азамат мемлекет тарапынан өз кәсібін ашу үшін шағын несие иегері болды. Адам бойындағы тынымсыз еңбек, ештеңеден қаймықпай алға ұмтылу түбінде мақсатқа жетуге септігін тигізеді. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен осындай талабы мен табандылығын бір арнада тоғыстырып, кәсібін шалқытып отырғандар баршылық. Осы сөздерімізге дәлел ретінде қаламыздағы бірнеше кәсіпкерлерді мысалға келтірейік.
Түркістандық жеке кәсіпкер Шәмшиддин Айметов «Ideal» кәсіпорнының негізін 2018 жылы қалады. Ол қонақ бөлмелер мен мейрамханаларға арналған хан тағындай теңдесі жоқ үстел, орындықтар шығарады. Әуелі осы кәсіптің түбін аз ғана жұмысшылармен бастап, санқилы жолдармен зерттеп, зерделеген Шәмшиддин бүгінде 100 адамды жұмыспен қамтитындай деңгейге көтерілді, бұйыртса, жыл соңына дейін 200 адамға жұмыс орнын беруді жоспарлайды. Халықты жұмыспен қамту орталығымен байланыс орнатып, бос жұмыс орындарын іздеп жүрген жұмысшыларға көмек қолын созуда. Кәсіпкер сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауына, дәлірек айтқанда көптеген құжат мәселелерінің оңтайлы шешілуіне дән риза. Бағасы да қолжетімді бұйымдар ыстық-суыққа төзімді ABS материалынан жасалады, қазіргі таңда үстелдің 7 түрі, орындықтың 12 түрінен 150-200 данасын шығаруға әлеуеті жетеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мол ізденіс пен талпыныстың арқасында сәнді әрі сапалы дүниелері қазір зор сұранысқа ие. «Қазақстанның үздік тауары» іспетті түрлі форумдар мен көрмелерге қатысып, «сынбайтын үстел» атауымен танымал кәсіпорынның үздік өнімдері көпшіліктің көңілінен шығып, сатып алушылар қатарын толықтыруда. «Бізде алдымен сандық бағдарламамен басқарылатын станоктардың көмегімен үстелдің пішіні кесіледі, содан соң үстел жиналып құрастырылады, одан кейін ағаштар тегістеледі, грунт себіледі, сосын дөрекі беті тегістеледі, одан әрі сырлауға дайындалады, патина, лак жағылады, ең соңында ысып жылтырату арқылы түрлі процестерден, яғни он шақты шебердің қолынан өтіп барып бір үстел әзірленеді», — дейді кәсіпкер жұмыс барысымен таныстырып жатып.
«Мол шыдамдылық пен табандылықты қажет ететін осы жұмыста қаншама адам жұмысқа кіріп, қаншамасы шыдай алмай шығып кетті деуге болады. Өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, «мен осы мақсаттан таймаймын, көздегеніме жетемін» деген жігерлі жан және кез келген өндірістің «ішкі кухнясымен» толық таныс адам ғана кәсіпті алып кете алады деп ойлаймын», — дейді шынайы ойымен бөліскен Шәмшиддин.
Өз ісін ашып, ырысқа кенелген еңбекқорлардың арасында үй тірлігімен қатар жеке кәсібін дөңгелетіп отырған нәзік жанды әйелдер де жетерлік. Солардың бірі қаламызда «Тәтті әлемі» түрлі кондитерлік өнімдерін шығаратын Жанат Тұрғанбаева ханым. 2016 жылдан бастап үй ішінен ашылған цехте бүгінгі таңда 30-ға жуық адам жұмыс істейді. Олар кондитер өнімінің алуан түрлерін, яғни күніне 50-ден астам торт түрлерін, атап айтсақ, вупипай, сүтті қыз, сникерс, рафаэлло, пломбир, фисташкалы, құлпынайдан, бананнан әзірленген торттар, профитроли, симит (күнжітпен қапталған түрік нандары), құймақ, 1000-ға жуық самса шығарады, одан бөлек үй жағдайындағы түшпараны, қуырылған түшпараны қолдан бүгіп дайындайды. Сонымен қатар қаладан кондитер өнімдерін сататын бірнеше сауда орындарының нүктесін, кофеханалар ашып, тәттілер әлемінде өз брендін қалыптастыруда. Дәмі тіл үйірер торттарды бір жеген адам бүгінде қайта айналып келетін тұрақты тұтынушыға айналғаны жасырын емес. Кәсіпкер мұның сырын былай түсіндіреді: «Тұтынушылардың көптеп тартылуының себебі — дайындалатын өнім заттарының сапалы және таза табиғи өнімдерден жасалатын болғандықтан деп білемін. Мәселен, миндаль ұнын, жаңғақ түрлерін, кілегей қаймақ сияқты өте қажетті заттарды Шымкент, Астана, Қарағандыдан арнайы алдыртамыз. Өйткені, құрамында сапалы заттар болса, өнім де керемет шығады, халыққа да ұялмай ұсынасың. Осындай ойда болғандықтан, біз алдымен өнімнің бәсекеге қабілетті болуын мақсат етеміз».
Иә, қолынан іс келетін адам үшін арман-мақсатын жүзеге асыруға ештеңе сылтау бола алмайды. Тек қарым-қабілет пен ықыласы үйлессе жеткілікті. Бүгінде істің қиюын келтіріп, кәсібінен нәпақасын тауып жүрген жандарды көргенде ерекше қуанасың. Былайша сырт көзге оңай көрінгенімен, кәсіп ашып, оны әрі қарай жетілдіру әр адамның қолынан келе бермейді. Өйткені қандай да бір істі бастар жолда алдыңнан шығатын тосқауылдарға төтеп беру ерік-жігердің мықтылығына байланысты. Ал мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары тәй-тәй басқан кәсіпкердің аяғынан нық тұру алғышарттарының бірі болар еді. Өйткені бұл шаралар бизнесті қолдау және қаржыландыру шараларының қолжетімділігін арттыратынына, сондай-ақ бизнестің ел экономикасына үлесін көбейту мүмкіндігін тудыратынына сенім мол.
Түркістандағы жұмысы жолға қойылайын деп тұрған тағы бір өндіріс орны ретінде «Artel»компаниясы 1 млн-ға дейін газ плитасын шығармақ. Облыс әкімінің Ташкент қаласының әкімі Джахонгир Артыкхуджаевпен өткен кездесуі барысында Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп тұрмыстық техника шығаратын кәсіпорын ашу туралы келісімге келді. Көрші ел инвесторлары Түркістанның индустриалды аймағында газ плиталары мен су жылытқыш құрылғыларын өндірмек. Жоба аясында 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Техника бағасы да тұтынушы үшін қолжетімді болмақ. Түркістан облысының әкімі жобаны жүзеге асыру барысында әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін айтқан болатын. «Достық қатынастарға негізделген Қазақстан – Өзбекстан ынтымақтастықтығы нығая түсуде. Бүгінгі жоба біраздан бері талқыланып келген. Бұл бірлескен жұмыстың басы ғана. Жалпы, Өзбекстандық инвесторлар Түркістан қаласына бірнеше өндіріс орнын ашуға қызығушылық білдіріп отыр», – деп атап өтті.
«Artel» компаниясы Түркістан облысында ас үй плиталарын, қалыптау бұйымдарын және электр су жылытқыштарын шығаратын зауыт салады. Айта кету керек, өткен жылдың соңында компания өкілдері Түркістан қаласына келіп, өңірдің инвестициялық ахуалы, экономикалық мүмкіндіктері және индустриалдық аймақтағы инвесторлар үшін жасалынған мүмкіндіктермен танысқан болатын. Сонымен қатар, Өзбекстан еліне сапары барысында облыс әкімі Чиназ ауданында болып, тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында бой көтерген тоқыма өнімдерін шығаратын ірі тігін фабрикасының ашылу рәсіміне қатысты. Тігін индустриясын дамытып, шалғай жерлерде қажетті жұмыс орындарын құратынын жоба жетекшілерін облыс атынан құттықтады.
«Qojakent Textile» компаниясы қысқа мерзім ішінде үкіметаралық өнеркәсіптік кооперация шеңберінде Түркістан қаласында тігін фабрикасын іске қосқаны белгілі. «Artel Electronics» — өзбекстандық компания, тұрмыстық техника және электроника өндірушісі. Штаб-пәтері Өзбекстанның Ташкент қаласында орналасқан. Компания тұрмыстық техниканы, компоненттерді, тұрмыстық электрониканы өндірумен және сатудан кейінгі қызмет көрсетумен айналысады. Өзінің Artel брендімен өнімдерді ұсынады. Shivaki, Avalon, Vista және Royal серіктестері болып табылады және Өзбекстандағы Samsung және Viessmann ресми аймақтық серіктесі. Artel Electronics Group компаниясының жылдық кірісі 450 миллион доллардан асады. Өзбекстанның алты аймағында 10 000 қызметкері, 20-дан астам өндірістік кәсіпорны және өз өнімдерін әлемнің 20-дан астам еліне экспорттайды.
Таяуда Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды «Golden Camel group LTD» төрағасы Ян Джи мырзамен және «Win Lun» компаниясының басшыларымен кездесті. Кездесу барысында «Golden Camel» зауытының жұмыс барысы талқыланды. Түйе сүтін өңдеу маусымдық жұмыс болғандықтан, инвесторлар алдымен дайындық жұмыстарын бастайтын болды. Зауыт басшылығы техниқалық тексерістен соң, бір айда зауыт жұмысын қайта бастайтынын жеткізді. Одан бөлек түйе сүтін қайта өңдей отырып, құрғақ таблетка күйінде шығаратынын атап өтті. Айта кетейік, облыс әкімінің Қытайға жұмыс сапарында «Golden Camel» зауытының басшыларымен кездесіп, жұмысын тоқтатқан зауытты қайта іске қосу туралы мәселені талқылаған болатын. Нәтижесінде, инвесторлар кәсіпорынды қайта жандандыратын болды.
– Өздеріңізбен Түркістанда қайта қауышқанымызға қуаныштымын. Өзіңізді Түркістан облысының дамуына алғашқы ірі инвестиция салған азаматтардың бірі ретінде танимыз. Зауыт жұмысын жандандыру туралы ұсынысымызды қабыл алғандарыңыз үшін алғыс білдіреміз. Өңірімізде қытайлық компаниялардың қатысуын арттыруды жоспарлап отырғанымызды атап өткім келеді. Ол үшін бірқатар бағытта өңіраралық кооперацияны дамытудың жоғары әлеуеті зор. Зауытты қайта іске қосу және әрі қарай дамыту барысында мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Алда өзге де жобаларға атсалысуға шақырамын. Кентау қаласы Оранғай елді мекенінде орналасқан арнайы экономикалық аймағының маңынан Қазақ- Қытай арнайы экономикалық аймағын құруды жоспарлап отырмыз. Біз өз тарапымыздан қытайлық компаниялардың бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп үміттенеміз, – деді Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды.
Түркістан қаласында орналасқан «Turan» арнайы экономикалық аймағын инженерлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Ондағы құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатаң бақылауында тұр. Бүгінгі таңда өрт сөндіру депосы, газ жүйелері, интернет желісінің жұмыстары 100%-ға аяқталған. Жолдың 1,4 шақырымына асфальт жабындысы төселді. Жол құрылысын 2024 жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланған. Теміржол құрылыс жұмыстары 40%-ға орындалып, теміржолдың 2,1 шақырымына релстер орнатылды.
Сонымен қатар су және кәріз желілерінің құрылыс жұмыстары 70 %-ға орындалып, су құбырының 8,5 шақырымы тартылды. Кәріз жүйесінің 3 шақырымына құбыр жүргізілді. Аталған нысандарыдың құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Электрмен жабдықтау жұмыстарын аяқтау 2025 жылға жоспарланған. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысы облыстық құрылыс басқармасының мамандарының тұрықты қадағалауында. «Turan» арнайы экономикалық аймағындағы инженерлік инфрақұрылымдардың құрылыс жұмыстары аяқталған соң, мұнда 50-ге жуық кәсіпорын орналасып, жұмысын бастайды. Нәтижесінде, 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.
«Turan» арнайы экономикалық аймағын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобасы 6 кезеңнен тұрады. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев «Тұран» арнайы экономикалық аймағын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету барысын баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда 5 кезеңнің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 2 жобаның құрылысы аяқталды. Пайдалануға тапсыру жұмыстары атқарылуда. Яғни, 1-кезең бойынша газбен қамту жұмыстары жүргізілсе, 3-кезең өрт сөндіру және өткізу бекеттерін салу, абаттандыру, байланыс желісімен қамту, қоршау жұмыстары аяқталған. Газбен қамту жұмыстарын «Баянды Құрылыс» ЖШС жүргізген. Жоба құны – 1,58 млрд теңге. Газ құбырының жалпы ұзындығы – 25,4 шақырым. Құрылыс жұмыстары 100%-ға орындалған.
Қазіргі таңда «ИнтерГАЗ» АҚ-на қарасты АГРС-14-ке тапсыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Үшінші кезеңді «Баянды Құрылыс» ЖШС жүзеге асырған. Жоба құны – 1 млрд теңге. Бүгінгі таңда пайдалануға тапсыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Қалған кезеңдер бойынша жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда. Жиын барысында индустриалды аймақтардағы өзекті мәселелер де ортаға салынды. Ондағы жүзеге асып жатқан жобалар мен инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарының барысы қаралды. Түркістан облысында жалпы ауданы 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ бар. Олар Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Ордабасы, Мақтаарал, Қазығұрт, Түлкібас, Шардара, Бәйдібек, Сауран аудандарында орналасқан.
Қазіргі уақытта құны 114,2 млрд теңгені құрайтын 79 жоба жүзеге асырылуда. Жоба аясында 5 624 адам жұмыс орнымен қамтамасыз етілген. Атап өтсек, машина жасау бойынша 5 жоба, тамақ өнеркәсібі бойынша 6 жоба, жеңіл өнеркәсіп бойынша 14 жоба, құрылыс бағытында 44 жоба, экономиканың басқа да салалары бойынша 11 жоба іске қосылуда. Арнайы аймақтарды инфрақұрылым жүйелерімен қамту, инвесторларды тарту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
Түркістан өңірінде бірнеше бағыттарда өңіраралық кооперацияны дамытудың жоғары әлеуеті бар. Біріншіден, өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіптер, маталар мен кілемдер өндірісімен тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі мол. Сонымен қатар пластмассадан жасалған бұйымдар пластикалық ойыншықтар, пластикалық ыдыстар, автомобиль жасау, электроника, цифрлық технологиялар және т.б. өндірісін дамытуға болады. Екіншіден, агроөнеркәсіп кешені саласында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша ел көшбасшыларының бірі екені белгілі. Ірі қара және ұсақ мүйізді мал басы (5,9 млн.), ет экспортының көлемі (80%), сондай-ақ жеміс-жидек экспорты (26%) бойынша үнемі алдыңғы қатарда. Бүгінгі таңда өңірде дәнді, жеміс-көкөніс, бақша дақылдары мен ет-сүт өнімдерін терең өңдеу басым бағытқа ие. Түркістан облысының негізгі инвестициялық кешендері – дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен қатысушыларына түрлі салық жеңілдіктерін беретін «Түркістан» арнайы экономикалық аймағы. Арнайы экономикалақ аймақ шамамен 4000 га аумақта орналасқан және 6 қосалқы аймақтан тұрады, олар: тарихи-мәдени орталық (862 га), әкімшілік-іскерлік орталық (1580 га), 3 өнеркәсіптік аймақ (365 га - Оранғай, 180 га - Түркістан, 35 га - Кентау) және әуежай (967 га).
Инвестиция – экономиканы дамытудың тұрақты және жоғарғы қарқынын қалыптастыруды, ғылыми-техникалық прогресстің жетістіктерді енгізуді, инфрақұрылымды дамытуды көздейтін басты фактор. Инвестицияны дамытуда кәсіпорындарды қаржыландыратын және ұзақ мерзімге несие беретін мамандандырылған инвестициялық банктер мен акционерлік қоғамдардың акцияларынан құрылған инвестициялық қорлар ерекше роль атқарады. Сөйтіп, қорлар экономиканың неғұрлым пайдалы салалары мен кәсіпорындарына капиталдың құйылуына жағдай жасайды. Қаржылық инвестициялар инвесторлар үшін ішкі және сыртқы инвестициялар жағдайында белгілі бір тәуекелділікпен байланысты болатынын ескерген жөн. Бұл тәуекелділік басшылардың біліктілігімен және олардың епті әрекеттерімен, есеп пен бақылау жұмысын ұйымдастыруымен, валютаның бағамдық пайыз мөлшерлемесінің өзгерістерімен, орта мерзімді және қысқа мерзімді несиелерді тартудың қиындылықтарымен және т.б. осы сияқты мәселелерімен байланысты болып келеді. Сонымен қатар, табиғат зілзаларымен және саяси тәуекелділіктерімен байланысты болатынын ескерген абзал. Қаржылық инвестициялар техникалық-экономикалық есептеулер жасалған соң және сол инвестицияланатын объектіні қажетті зерделеуден өткізгеннен кейін барып, жүзеге асырылады. Осы жағдайда ғана нарықтық қарым-қатынастар жағдайындағы тәуекелділіктер төмендеуі мүмкін. Қаржылық инвестиция ― бұл субъектінің табыс алу мақсатында пайдаланатын активі, инвестицияланған капиталдың өсімі немесе алынатын басқа да олжалар. Сондай-ақ, қаржылық инвестицияға пайдаланбай тұрған жылжымайтын мүліктер де жатады. Қаржылық инвестицияның бір түрі болып бағалы қағаздар да саналады. Барлық бағалы (құнды) қағаздар екі топқа бөлінеді ― ақшалай және күрделі болып. Ақшалай бағалы қағаздарды алған кезде ақшалай қарыздарды алғандағыдай етіп рәсімделеді. Бұл борыштық құнды қағаздар. Оларға: вексельдер, депозиттер және жинақ сертификаттар және т.б. жатады. Осы бағалы қағаздар бойынша табыс бір мәртелік сипатқа ие болады және олар өзінің номиналдық (атаулы) құнынан төмен бағаға сатып алудың есебінен қалыптасады. Ақшалай бағалы қағаздар, әдетте, қысқа мерзімге (бір жылдан аспайтын уақытқа) беріледі. Капиталды бағалы қағаздар кәсіпорынды дамыту үшін, оның капиталын (қорын) құрастыру немесе ұлғайту мақсатында шығарылады. Инвестициялар деп өнеркәсіптің, құрылыстың, ауыл шаруашылығының және экономиканың басқа да салаларының кәсіпорындарына капитал түрінде салынып, жұмсалатын шығындардың жиынтығын айтамыз. Инвестициялық қызметтің мақсаты ― түпкі нәтижесінде кәсіпкерліктен табыс немесе пайыз алу болып табылады.
Инвестициялардың мақсаты: жаңа технологияларды, алдыңғы қатарлы техниканы және ноу-хауды енгізу; ішкі нарықты жоғары сапалы тауарлармен толтыру және қолайлы қызмет көрсету; отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау және ынталандыру; экспортқа бағытталған және импортты алмастырушы өндірістерді дамыту; Қазақстан Республикасының шикізат көздерін тиімді және кешенді пайдалану; қазіргі заманғы менеджмент пен маркетингтің әдістерін енгізу, жаңа жұмыс орындарын құру; жергілікті мамандардың үздіксіз оқу жүйесін енгізу, олардың біліктілік деңгейін көтеру; өндірістің жедел дамуын қамтамасыз ету; қоршаған табиғат ортасын жақсарту. Еліміздің экономикасын көтеруде және оны одан әрі дамытуда шетелдік инвесторлардың атқарар ролі зор. Шетелдік инвестицияларға табыс алу мақсатында кәсіпкерлік қызметтің объектілеріне инвесторлар салып отырған мүліктік құндылықтар және оған қоса олардың құқықтары, яғни интеллектуалдық меншік құқығы да кіреді. Шетелдік инвестициялар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларының жарғылық капииалына қатыса отырып, ондағы қабылданатын шешімдерге өз үлестерін және құқықтарын қорғауына болады. Шетелдік инвесторлар заңға қайшы келмейтін кез келген қызметпен, атап айтқанда: бірлескен кәсіпорындарды құруға және олардың шетелдік филиалдарын ашуға, мүліктік құқын сатып алуға, қарыз, несие беруге т.б. қызметтермен шұғылдануына болады. Шетелдік инвесторлар өздерінің қызметінен алған табысын өз қалаулары бойынша пайдалануға құқылы, Қазақстан аймағында қайта қаржыландыру үшін, тауарлар алуға және басқа да мақсаттар үшін, яғни Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған кез келген қызметпен айналысуына болады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат