Жұма, 27 Қыркүйек 2024 10:25

Түркістан қаласында шағын және орта кәсіп экономиканың дамуында айрықша рөл атқарып отыр

Түркістанда бірқатар кәсіпкерлік нысандар бой көтеріп келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында кәсіпкерлік саласын тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырды. Бүгінде облыста аталған мәселелер бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облысымызда 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар Президент автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керектігін айтқан болатын. Битум әртүрлі жол жұмыстарында кеңінен қолданылады. Өнімнің бір ерекшелігі, ауа-райының кез-келген температурасына бейімділігі. Битум жол төсенішінің біркелкілігін және түрлі деформацияланудан сақтайды. Полимерлі битумды пайдаланатын асфальт бетон қоспасы жолды тозып кетуден қорғайды. Цехта жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған. Бүгінде Түркістан қаласында инвестиция тарту жұмыстары күшейтіледі.

«Жалпы бірінші кезекте индустриалды аймақтардың жер мәселесі және оған қажетті инфрақұрылым бойынша бөлек-бөлек Жол карталарын әзірлеуіміз керек. Кәсіпкерлер мен инвесторлар біздің өңірде электр тарифі арзан емес екенін айтады. Инвесторлармен дұрыс жұмыс істеу қажет. Осыған байланысты тиісті басқармалар мен мекемелерден, басшылардан нақты ұсыныстар күтемін. Аудан, қала әкімдерінің негізгі индикаторларының бірі – инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу. Осы бағытта жұмысты жандандырыңыздар. Индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтар кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етуі тиіс» деген Дархан Сатыбалды индустриалды аймақтарды дамыту, жұмыс орындарын ашу мәселелері тұрақты түрде күн тәртібінде тұратынын айтты.

Сонымен бірге, ірі компаниялар мен инвесторларға қолайлы жағдай жасап, Түркістанға шақыру керектігін жеткізді. Мәжілісте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, облыстық инвестиция және экспорт басқармасы, облыстық құрылыс басқармасы мен Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің және «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС басшылары мен өкілдерінің пікірлері тыңдалды. Өңір басшысы электр қуатына қатысты тарифті төмендету және реттеу жөнінде жауапты мекемелермен бірлесе жұмыс істеп, тиімді шешім шығаруды тапсырды. Сондай-ақ индустриалды аймақтарда жұмысты жандандыру, жаңа кәсіпорындарды ашу ісін күшейту жөнінде тапсырма берді. Индустриалды аймақтарды басқаратын компанияларды оңтайландырып, нақты нәтижеге жету жолында жұмыс істеуді жүктеді.

Түркістан облысында 9 индустриалды аймақ бар. Олар Мақтаарал, Шардара, Созақ, Қазығұрт, Түлкібас, Бәйдібек, Ордабасы аудандары мен Түркістан және Кентау қаласында орналасқан. Индустриалды аймақтарда құны 24,054 млрд теңге болатын және 2614 жұмыс орнын құрайтын 56 жоба орналасқан. Оның ішінде құны 15,542 млрд теңге болатын және 2087 жұмыс орнын құрайтын 40 жоба іске қосылып, жұмыс атқаруда. Биыл 266 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 7 жобаны іске қосу межеленген. Өңірде «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда 365 гектар өнеркәсіптік аймағының инфрақұрылым жүйелерінің І және ІІІ кезеңдерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мұнда бірнеше жоба жүзеге асыру бойынша нақты келісімдер бар. Алдағы уақытта арнайы экономикалық аймаққа ірі инвесторларды тарту көзделіп отыр.

Түркістанда Қазақстан мен Өзбекстан бірлесе тігін фабрикасын ашты. Тігін фабрикасы Түркістанның индустриалды аймағында салынған. Жобаны іске қосуға 700 миллион теңге жұмсалды. Өндірістің қуаттылығы айына 13 мың тоқыма бұйымдарын шығаруға бағытталған. Кәсіпорын әйелдер үшін 1000-нан астам жаңа жұмыс орындарын ашады. Сонымен қатар, үкімет басшылары екі ел арасындағы сауда ынтымақтастығын талқылады. Тараптар жылдық тауар айналымын 10 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Сондай-ақ, көрші елдің инвесторлары Түркістанның индустриалды паркінде газ плита мен су жылытқыш құрылғылар өндіруге ниеттіӨңір басшысының айтуынша, бүгінде Арнайы экономикалық аймаққа коммуналдық желі толықтай тартылған. Енді осы жерге іргедегі көршілер зауыт салатын болса, шарапатын қос тарап бірдей көрмек. Біріншіден, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Әрі тұрмыстық техниканың бағасы тұтынушылар үшін әлдеқайда арзандауы мүмкін.

— Ол біраздан бері талқыланып келе жатқан жоба. Енді қазір келісімшартқа қол қоятын кезі келді. Соны талқыладық. Бұл жоба бойынша Түркістанда 1 млн дейін газ плитасын шығарып, Қазақстанға сатылады. Біз Ресеймен Кедендік одақта болғаннан кейін Ресейге экспорттауға ыңғайлы деп Түркістанды таңдап отыр. Бұл әзір тек басы ғана. Өзбекстандық инвесторлар, мемлекеттік органдар Түркістан қаласына өздерінің көптеген өндірісін апаруға қызығушылығын білдіріп отыр. Түркістанның іргесінде құрылыс материалдарын дайындайтын зауыт іске қосылды. Жаңа кәсіпорын темірбетон өнімдерін шығарады. Құрылысы қарқынды өңір үшін жаңа зауытта жаңа технология қолданылады. Нарықта өнімге деген сұраныс өте жоғары. Зауыттың жобалық құны 1 млрд. теңгеден асады. Оның тең жартысы инвестордың өз қаржысы есебінен, қалғаны жеңілдетілген несиемен жүзеге асқан. Жаңа жұмыс орнында 20-ға жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Жобаның келесі кезеңінде мамандар саны тағы артпақ. Ол кезде шығарылатын өнім түрлері 10-ға дейін көбейеді. Түркістанның индустриалдық аймақтарында жалпы құны 32 млрд. теңге құрайтын, 44 жоба іске қосылып, нәтижесінде 2 368 жұмыс орны ашылды. Биыл құны 4,2 млрд. теңгені құрайтын 246 жаңа жұмыс орнын ашумен 6 жобаны іске қосу жоспарлануда. Қазіргі таңда 793 млн. теңгеге 2 жоба іске қосылып, 36 жұмыс орны құрылды. Жалпы өнеркәсіп өнім көлемін 2022 жылдың қорытындысымен 751,3 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда. Түркістандағы Индустриалды аймақта жыл сыңына дейін жалпы құны 2,6 млрд. теңге болатын 7 жоба іске асырылады деп күтілуде. Жоспар жүзеге асқанда 446 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. «Бекзат» мөлтек ауданындағы 40 гектар жерді алып жатқан индустриалды аймақ 350 гектарға дейін ұлғайтылады. Қазіргі таңда, Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта жұмыс істейтін азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін тиісті шаруалар атқарылуда. Атап айтқанда, аймақтың жолдары асфальтталып, веложолдармен қамтылуда. Мұны мамандар жұмысшылардың емін-еркін қатынауына оң әсер беретінінімен байланыстырады. Сондай-ақ, онда шағын футбол алаңшасы мен теннис корды салынып, жұмысшылардың тиісті деңгейде салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік туады.

Бүгінде Түркістан қаласында шағын және орта кәсіп экономиканың дамуында айрықша рөл атқарып жатқаны аңғарылады. Цифрларды сөйлетсек, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаланы сипаттайтын басты көрсеткіш — жалпы өңірлік өнім көлемі 222,6 млрд.теңгеге жетіп, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 15% артты.  Қазіргі таңда аймақта шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен өнім шығарылымы 82,8 млрд.тг. құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 11,3% артқан. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айына 22 292 бірлікті құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 25,5% құрады. Ал өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – өнеркәсіп саласында 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айына 18,8 млрд.теңгенiң өнімі өндіріліп, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 4,3% артты.

Сала мамандары биыл инвестиция саласы бойынша көрсеткіште оң динамика қалыптасқанын айтады. Яғни, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 245,8 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 23,3% артқан. Оның ішінде: жеке инвестиция көлемі 154,6 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 55% құрады. «Соңғы бес жылдағы өзгерістер қала дамуына жаңа мүмкіндіктер ашқанын ерекше атап өткім келеді. Халық табысының өсуіне және олардың әл-ауқатына оң әсерін тигізетін жобаларды жүзеге асыруға облыс орталығында барлық жағдайлар қарастырылған. Сол себепті, қазір жекеменшік секторды нығайтуға арналған ауқымды реформаларды жүзеге асыруға басымдық беріп отырмыз. Бұл өз кезегінде бәсекелестікті арттыруға, жалпы, экономиканың өсуіне ықпал етеді», — деген болатын Түркістан қаласының әкімі Н.Тұрашбеков.

Расында, халық табысының өсуі үшін көптеген жағдайлар жасалғандықтан, қаламызда кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар саны артып келеді. Кәсіпкерлікті жүргізу үшін өңірде қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Бизнес үшін қаржылай қолдау шаралары қолжетімді. «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары кәсіпкерлерге айтарлықтай ықпалын тигізіп жатыр. Осы бағдарламалар арқылы кәсіпкерлер 17 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиелерді пайдаланды. Жалпы, бағдарламаларды орындау бойынша өңір республикада алғашқы үштіктің қатарында келеді. Бұдан басқа жергілікті деңгейде жас кәсіпкерлер және стартап жобаларды қолдау үшін қажетті бағдарламалар қабылданған. Мәселен, кәсіпкерлер жаңадан құрылған «Атамекен-Түркістан» микроқаржы ұйымы арқылы жеңілдетілген 6%-бен несие ала алады. Бүгінде бұл мүмкіндікті кәсіпкерлер ұтымды пайдаланып, 1,8 млрд. теңгеге қаржыланып отыр.

Осы орайда облыс орталығы Түркістан қаласында кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, көптеген бағдарламалар қолданысқа еніп, кәсіп иелерінің игілігіне жаратылуда. Мұның барлығы өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы саласында көрініс табуда. Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты тиісті сала мамандарының айтуынша, өз кәсібін ашамын деушілерге бүгінде мол мүмкіндіктер берілген. Қазіргі таңда өнеркәсіпте, шағын және орта бизнес түрлерінде жетістіктерге жетіп жатқан азаматтар аз емес.

Айта кетелік, Түркістан қаласында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы қарқынды түрде жүргізілуде. Түркістан қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, жүйелі жұмыстар нәтижесінде «Еңбек» бағыты бойынша 7 143 азамат жоспарланса, 6 501 азамат белсенді шараларға тартылды. Атап айтсақ, 3 679 азамат тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылса, 201 азамат уақытша ұйымдастырылатын әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Сондай-ақ, 535 жас түлек «Жастар практикасымен», 102 жас алғашқы жұмыс орындарымен, 175 азамат – «Күміс жас» жобасы аясында жұмыспен қамтылса, 1 242 тұрғын ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жолданды.

Кәсіпкерлікті қолдау шаралары бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі. 150 тұрғынның бастапқы бизнес жоспарларына комиссия шешімімен қайтарымсыз грант қаражаттары берілді. 29 азамат мемлекет тарапынан өз кәсібін ашу үшін шағын несие иегері болды. Адам бойындағы тынымсыз еңбек, ештеңеден қаймықпай алға ұмтылу түбінде мақсатқа жетуге септігін тигізеді. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен осындай талабы мен табандылығын бір арнада тоғыстырып, кәсібін шалқытып отырғандар баршылық. Осы сөздерімізге дәлел ретінде қаламыздағы бірнеше кәсіпкерлерді мысалға келтірейік.

Түркістандық жеке кәсіпкер Шәмшиддин Айметов «Ideal» кәсіпорнының негізін 2018 жылы қалады. Ол қонақ бөлмелер мен мейрамханаларға арналған хан тағындай теңдесі жоқ үстел, орындықтар шығарады. Әуелі осы кәсіптің түбін аз ғана жұмысшылармен бастап, санқилы жолдармен зерттеп, зерделеген Шәмшиддин бүгінде 100 адамды жұмыспен қамтитындай деңгейге көтерілді, бұйыртса, жыл соңына дейін 200 адамға жұмыс орнын беруді жоспарлайды. Халықты жұмыспен қамту орталығымен байланыс орнатып, бос жұмыс орындарын іздеп жүрген жұмысшыларға көмек қолын созуда. Кәсіпкер сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауына, дәлірек айтқанда көптеген құжат мәселелерінің оңтайлы шешілуіне дән риза. Бағасы да қолжетімді бұйымдар ыстық-суыққа төзімді ABS материалынан жасалады, қазіргі таңда үстелдің 7 түрі, орындықтың 12 түрінен 150-200 данасын шығаруға әлеуеті жетеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мол ізденіс пен талпыныстың арқасында сәнді әрі сапалы дүниелері қазір зор сұранысқа ие. «Қазақстанның үздік тауары» іспетті түрлі форумдар мен көрмелерге қатысып, «сынбайтын үстел» атауымен танымал кәсіпорынның үздік өнімдері көпшіліктің көңілінен шығып, сатып алушылар қатарын толықтыруда. «Бізде алдымен сандық бағдарламамен басқарылатын станоктардың көмегімен үстелдің пішіні кесіледі, содан соң үстел жиналып құрастырылады, одан кейін ағаштар тегістеледі, грунт себіледі, сосын дөрекі беті тегістеледі, одан әрі сырлауға дайындалады, патина, лак жағылады, ең соңында ысып жылтырату арқылы түрлі процестерден, яғни он шақты шебердің қолынан өтіп барып бір үстел әзірленеді», — дейді кәсіпкер жұмыс барысымен таныстырып жатып.

«Мол шыдамдылық пен табандылықты қажет ететін осы жұмыста қаншама адам жұмысқа кіріп, қаншамасы шыдай алмай шығып кетті деуге болады. Өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, «мен осы мақсаттан таймаймын, көздегеніме жетемін» деген жігерлі жан және кез келген өндірістің «ішкі кухнясымен» толық таныс адам ғана кәсіпті алып кете алады деп ойлаймын», — дейді шынайы ойымен бөліскен Шәмшиддин.

Өз ісін ашып, ырысқа кенелген еңбекқорлардың арасында үй тірлігімен қатар жеке кәсібін дөңгелетіп отырған нәзік жанды әйелдер де жетерлік. Солардың бірі қаламызда «Тәтті әлемі» түрлі кондитерлік өнімдерін шығаратын Жанат Тұрғанбаева ханым. 2016 жылдан бастап үй ішінен ашылған цехте бүгінгі таңда 30-ға жуық адам жұмыс істейді. Олар кондитер өнімінің алуан түрлерін, яғни күніне 50-ден астам торт түрлерін, атап айтсақ, вупипай, сүтті қыз, сникерс, рафаэлло, пломбир, фисташкалы, құлпынайдан, бананнан әзірленген торттар, профитроли, симит (күнжітпен қапталған түрік нандары), құймақ, 1000-ға жуық самса шығарады, одан бөлек үй жағдайындағы түшпараны, қуырылған түшпараны қолдан бүгіп дайындайды. Сонымен қатар қаладан кондитер өнімдерін сататын бірнеше сауда орындарының нүктесін, кофеханалар ашып, тәттілер әлемінде өз брендін қалыптастыруда. Дәмі тіл үйірер торттарды бір жеген адам бүгінде қайта айналып келетін тұрақты тұтынушыға айналғаны жасырын емес. Кәсіпкер мұның сырын былай түсіндіреді: «Тұтынушылардың көптеп тартылуының себебі — дайындалатын өнім заттарының сапалы және таза табиғи өнімдерден жасалатын болғандықтан деп білемін. Мәселен, миндаль ұнын, жаңғақ түрлерін, кілегей қаймақ сияқты өте қажетті заттарды Шымкент, Астана, Қарағандыдан арнайы алдыртамыз. Өйткені, құрамында сапалы заттар болса, өнім де керемет шығады, халыққа да ұялмай ұсынасың. Осындай ойда болғандықтан, біз алдымен өнімнің бәсекеге қабілетті болуын мақсат етеміз».

Иә, қолынан іс келетін адам үшін арман-мақсатын жүзеге асыруға ештеңе сылтау бола алмайды. Тек қарым-қабілет пен ықыласы үйлессе жеткілікті. Бүгінде істің қиюын келтіріп, кәсібінен нәпақасын тауып жүрген жандарды көргенде ерекше қуанасың. Былайша сырт көзге оңай көрінгенімен, кәсіп ашып, оны әрі қарай жетілдіру әр адамның қолынан келе бермейді. Өйткені қандай да бір істі бастар жолда алдыңнан шығатын тосқауылдарға төтеп беру ерік-жігердің мықтылығына байланысты. Ал мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары тәй-тәй басқан кәсіпкердің аяғынан нық тұру алғышарттарының бірі болар еді. Өйткені бұл шаралар бизнесті қолдау және қаржыландыру шараларының қолжетімділігін арттыратынына, сондай-ақ бизнестің ел экономикасына үлесін көбейту мүмкіндігін тудыратынына сенім мол.

Түркістандағы жұмысы жолға қойылайын деп тұрған тағы бір өндіріс орны ретінде «Artel»компаниясы 1 млн-ға дейін газ плитасын шығармақ. Облыс әкімінің Ташкент қаласының әкімі Джахонгир Артыкхуджаевпен өткен кездесуі барысында Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп тұрмыстық техника шығаратын кәсіпорын ашу туралы келісімге келді. Көрші ел инвесторлары Түркістанның индустриалды аймағында газ плиталары мен су жылытқыш құрылғыларын өндірмек. Жоба аясында 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Техника бағасы да тұтынушы үшін қолжетімді болмақ. Түркістан облысының әкімі жобаны жүзеге асыру барысында әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін айтқан болатын. «Достық қатынастарға негізделген Қазақстан – Өзбекстан ынтымақтастықтығы нығая түсуде. Бүгінгі жоба біраздан бері талқыланып келген. Бұл бірлескен жұмыстың басы ғана. Жалпы, Өзбекстандық инвесторлар Түркістан қаласына бірнеше өндіріс орнын ашуға қызығушылық білдіріп отыр», – деп атап өтті.

«Artel» компаниясы Түркістан облысында ас үй плиталарын, қалыптау бұйымдарын және электр су жылытқыштарын шығаратын зауыт салады. Айта кету керек, өткен жылдың соңында компания өкілдері Түркістан қаласына келіп, өңірдің инвестициялық ахуалы, экономикалық мүмкіндіктері және индустриалдық аймақтағы инвесторлар үшін жасалынған мүмкіндіктермен танысқан болатын. Сонымен қатар, Өзбекстан еліне сапары барысында облыс әкімі Чиназ ауданында болып, тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында бой көтерген тоқыма өнімдерін шығаратын ірі тігін фабрикасының ашылу рәсіміне қатысты. Тігін индустриясын дамытып, шалғай жерлерде қажетті жұмыс орындарын құратынын жоба жетекшілерін облыс атынан құттықтады.

«Qojakent Textile» компаниясы қысқа мерзім ішінде үкіметаралық өнеркәсіптік кооперация шеңберінде Түркістан қаласында тігін фабрикасын іске қосқаны белгілі. «Artel Electronics» — өзбекстандық компания, тұрмыстық техника және электроника өндірушісі. Штаб-пәтері Өзбекстанның Ташкент қаласында орналасқан. Компания тұрмыстық техниканы, компоненттерді, тұрмыстық электрониканы өндірумен және сатудан кейінгі қызмет көрсетумен айналысады. Өзінің Artel брендімен өнімдерді ұсынады. Shivaki, Avalon, Vista және Royal серіктестері болып табылады және Өзбекстандағы Samsung және Viessmann ресми аймақтық серіктесі. Artel Electronics Group компаниясының жылдық кірісі 450 миллион доллардан асады. Өзбекстанның алты аймағында 10 000 қызметкері, 20-дан астам өндірістік кәсіпорны және өз өнімдерін әлемнің 20-дан астам еліне экспорттайды.

Осы жылы Түркістан облысында гранттар беру рәсімдерінің барынша ашықтығын қамтамасыз ете отырып, «ZHAS PROJECT» – жастардың осал топтары арасында жобаны іске асыру шағын гранттар жобасы іске асырылды. Нәтижесінде, облысымыздың аудан-қаласынан – 143 өтінім түсіп, оның ішінен ережеге сай келген 61 жоба техникалық іріктеуден өткізілді. Сонымен қатар, келесі кезеңге өткен жастар – 3 күндік онлайн семинар-тренинг оқуынан өтті. Соңғы комиссия отырысы барысында 30 жоба комиссия алдында өз жобаларын қорғап, 20 жоба грант иегері атанды.

«Zhas Project» – әлеуметтік жобалар мен бизнес-идеяларды қаржыландыру арқылы халықтың осал топтарынан, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған бірегей жоба. Жоба жастарды қоғамдық әлеуметтік-экономикалық өміріне тартуға және нәтижелі жұмыспен қамтуға көмектеседі. «Zhas Project» Қазақстан Республикасы Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ҮЕҰ тапсырысымен жүзеге асырылуда. 2024 жылы «Zhas project» жобасын жүзеге асыру ережелері туралы ҚР МАМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров тоқталып өтті. Биыл конкурс шеңберінде 10 үкіметтік емес ұйым 1 млн теңгеден 280 шағын грант бөледі.  «Zhas project» грант бағдарламасын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі 2022 жылдан бастап, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырып келеді. Еліміздің үш қаласы мен 17 облысын қамтитын жоба NEET (уақытша жұмысқа орналастырылмаған) санатындағы жастарды жұмысқа тұрғызу және олардың кәсіпкерлік қабілетін дамытуға бағытталған.Байқау бірнеше кезеңнен тұрады.

Байқауға қатысатын үміткерлерге 19 ақпан мен 24 наурыз аралығында жоба шарттары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. 25 наурызда конкурс басталады, өтініштерді қабылдау 24 сәуірге дейін (соңғы күн есептеледі) жалғасады.  25 сәуір мен 14 мамыр аралығында өтініштер іріктеліп, 15 мамырдан бастап қорытынды шығарылып, жарияланатын болады. Байқауға 18 жастан 34 жасқа дейінгі (қоса есептегенде) Қазақстан азаматтары қатыса алады. Қатысушының облыс аумағында тұрақты немесе уақытша тіркеуі болуы қажет және ресми түрде уақытша жұмыссыз санатында болуы тиіс (NEET санатындағы жастар). Айта кетейік, қатысушы тек 1 әлеуметтік жоба ұсына алады. Сонымен қатар 2023 жылы «ZHAS PROJECT» жобасы бойынша шағын грант ұтқан жастар қатыса алмайды.

«Zhas project» жобасына қатысуға жергілікті өңірдегі қауымның әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған жобалар жіберіледі. Қатысушылардың әрқайсы 4 айдан аспайтын мерзімде жобаларын іске асыруы тиіс. Жобалар әлеуметтік маңыздылық, нәтижеге қол жеткізу, бюджеттің оңды жұмсалуы сияқты критерий бойынша бес балдық ұпаймен бағаланады. Байқау комиссиясының құрамына жастар саясаты, ішкі саясат, қоғамдық даму мәселелері жөніндегі басқармалардың, жастар ресурстық орталықтарының және тиісті өңірдің жергілікті үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері кіреді. Жобаның ережелері мен шарттары ұйымдастырушылардың сайттарында жарияланған, конкурс туралы ережемен сол жерде толығырақ танысуға болады. Айта кету керек, қатысушы бір ғана жоба ұсынады. Коммерциялық қызметтерге басымдық берілмейді. Дінге, қоршаған ортаға теріс әсер ету, жер учаскесін сатып алу немесе жалға алуға қатысты жобалар қарастырылмайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша қатысушылар әлеуметтік мәселені шешуге негізделген жобаларға басымдық бергені абзал.

Жастар – қоғамның үлкен қозғаушы күші, мемлекеттің дамуына серпін беретін қоғамның бір бөлігі. Сондықтан жастар мәселесі мемлекеттің басты назарында. Оларға мемлекет тарапынан көрсетілер қолдау да ерекше. Біршама уақыт бұрын елімізде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» тұжырымдама бекітілген болатын. Осы заңнамалық құжат бүгінде жастар мәселесін шешетін негізгі құжат болып, қызмет етіп келеді. Қалалық және облыстық жастар ресурстық орталықтарының жұмысы тікелей жастарға кеңес беріп, көмек көрсетуге арналған. Онда жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар және бос жұмыс орындары жайында ақпараттар алуға болады. Сондай-ақ,жұмыспен қамту орталығына тіркеуге тұру мүмкіндігі де қарастырылған.

Жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет қана саяси және экономикалық табысқа жетіп, жастардың инновациялық әлеуетін тиімді қолдана білген мемлекет стратегиялық артықшылыққа ие болады. Осы орайда, елімізде жастардың біліктілігі мен білімін ел дамуы үшін қолдану жұмыстары да жолға қойылып келеді. Мемлекет тарапынан жастар мен жас отбасылардың экономикалық ахуалын жақсарту мен табыс деңгейін көтеру, ұзақ мерзімді несие берудің кезеңдік жүйесін енгізу, басқа да экономикалық көмек түрлері арқылы білім алу мүмкіндігін кеңейту, іскерлік белсенділігін арттыру, тұрғын жайы мен үй шаруашылығын толыққанды жабдықтау үшін құқықтық, ұйымдастырушылық жағдай жасалуда. Соның бір дәлелі, жоғарыда атап өткендей, жастарды қолдау орталығы болса, екіншіден, арнайы мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдауды атап өтуге болады. Мысал ретінде еліміздегі жас азаматтар мен жас отбасыларды жеңілдікті ипотекалық несиелеу, жас мамандарды жұмыспен қамтудағы жеңілдіктер, ауыл жастарына берілетін көпсалалы квота, ауылға барған жастарға көтерме көмектерді тізіп шығуға болады. Және мұндай, мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықтар жыл өткен сайын артып келеді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 57 рет