Сәрсенбі, 05 Маусым 2024 10:23

Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, ауыз су ұңғымаларының жағдайы туралы мәселелер қаралды

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті.  Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлімдердің басшылары, ауыл әкімдері мен мекеме жнтекшілері қатысты. Күн тәртібінде бюджет қаржысының атқарылуы және әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің, көктемгі дала жұмыстарының орындалуы және аудан көлеміндегі ауыз су ұңғымаларының жағдайы туралы мәселелер қаралды.

Әрбір мәселе бойынша сала басшылары баяндама жасап, жыл басынан (4-5 ай) атқарылған жұмыстарға және алдағы жоспарларға тоқталды. Атап айтар болсақ, ауылшаруашылық өнім көлемі төрт айда артығымен (НКИ 111,2%) орындалған. Инвестиция көлемі де біршама артқан. Дегенмен, аудан әкімі өнеркәсіп пен өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда төмен екенін айтып, сала басшыларына оларды арттыру бойынша индикаторларға нақты талдау, сараптау жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырмалар берді.

2024 жылы 71,6 мың га егістік жерді игеру жоспарланса, қазіргі таңда 71,7 мың га жер игерілген. Одан бөлек, осы жылы 1300 га жерге су үнемдеу технологиясын ендіру (тамшылатып суғару - 1000 га, жаңбырлатып суғару - 300 га) жоспарланған болса, бүгінге ол 426,35 га ендірілген. Өз кезегінде аудан басшысы атаған жұмыстарды жүзеге асыруда жауапсыздық танытқан бірқатар ауылдық округтердің әкімдеріне ескерту жасады. Жаңбырлатып, тамшылатыр суғару технологиясын ендіру бойынша әрбір шаруашылыққа талдау жүргізуді, олармен кездесулер өткізуді, сонымен қатар ауылшаруашылық саласына инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Жиында аудан әкімі «Таза су» мекемесіне қарасты су мұнараларының жай-күйіне нақты талдау (абонент саны, есептегіш құралдарының жағдайы, электр шығыны, тазалығы және т.б.) жүргізуді тапсырды. Аудан әкімі тиісті салалық бөлімнің басшысына, ауыл әкімдеріне елді мекендерде салынып жатқан балалар ойын алаңшаларының сапасына да көп көңіл бөлу керектігін баса айтты.

Жалпы, Ордабасы ауданын әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселесі облыс әкімінің де назарынан тыс қалған емес. Мәселен, былтыр қараша айында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мәжіліс өткен болатын. Ауданға арнайы барған өңір басшысы жауапты басқарма басшылары мен аудан әкіміне жұмысты ширату жөнінде тапсырма бергені есімізде.

– Биыл көзделген 6 инвестициялық жобаны іске асыруды тапсырған болатынмын. «Ордабасы Сапар» орталығы мен «RZN» компаниясының газоблок өнімдерін өндіру жобасы бүгінгі күнге іске асырылмаған. Ауданға инвестиция тарту, жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашу жұмыстарын күшейту қажет. Аудан әкімі жуырда делегация құрамында Қытайға барып, кәсіпорындарымен танысып келді. Енді сол сапардан нәтиже көрсетіп, жаңа өндіріс орындарын ашуға бар күш-жігеріңізді салып, ауданның инвестициялық климатын жақсарту керек. Бұл үшін барлық ресурс бар. Атап айтқанда, индустриалды аймақ ашылған. Мүмкіндіктерді пайдаланған жөн. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында қордаланған мәселелер бар. Соңғы жылы пайдалануға тапсырылған инфрақұрылым нысандарына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, анықталған кемшіліктер бойынша баяндауды тапсырамын, – деген Дархан Сатыбалды басшыларға бірқатар міндет жүктеген болатын.

Атап айтқанда, кіріс көздерін ұлғайту, жұмыссыздықты азайту, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу жүктелді. Құрылысы созылған 3 мектептің жай-күйі де айтылды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында заманауи озық технологияларды енгізу туралы тапсырма берілді. Кемшіліктер ашық айтылды. Ағын су жүйелерінің тозығы жеткен, қоқысқа толып қалған. Механикалық тазалау жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеген. Пайдаланылмай жатқан және заңсыз пайдаланудағы жер телімдерін қайтару жұмыстары баяу жүргізілуде.

Жалпы, ауданда кәсіпкерлікпен айналысамын дейтін азаматтарға қолдаулар көрсетіліп жүр. Мәселен, былтыр жыл аяғында аудан әкімі Азат Оралбаев «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізіне іргелес 10 гектар аумақтан өз кәсібін ашуға ниетті аудан кәсіпкерлерімен пікірлесіп, әкімдік тарапынан көрсетілетін қолдау туралы айтып бергені есімізде.

– Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастыруымен Қытайға сапарымызда ондағы аудан-қалалар іргесінде шоғырланған шағын өндіріс ошақтарымен танысқан болатынбыз. Сол жобаны ауданымыздың шарт-жағдайына сәйкес жүзеге асыру үшін Шұбар ауылдық округі аумағынан 10 гектар аумақты арнайы өндіріс аймағы ретінде белгіледік. Ендігі мақсат – өндіріспен айналысуға қажетті жобасы мен қаржысы бар азаматтарға сол аумақтан тегін жер телімін беру арқылы жергілікті тауар өндірушілердің қатарын көбейтіп, жұмыссыздық деңгейін төмендету, – деген болатын аудан әкімі.

Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Фатима Ташимова 10 гектар алқапты құрайтын арнайы өндіріс аймағында кәсіп бастауға ниетті азаматтардың жобаларымен таныстырды. Салалық бөлім басшысының хабарлауынша, қазіргі таңда ауылдық округтерден 18 өтінім келіп түскен. Жобалардың басым бөлігінде құрылыс өнімдері, тамақ өндірісі, тұрмыстық химия саласына басымдық берілген. Кездесу барысында қатысушылар тарапынан бизнес жоба болғанымен, қаржылық қуаты өндіріс орнын дөңгелетіп алып кетуге қауқарсыз екендігі де айтылды.

Аудан әкімі Кәсіпкерлік бөліміне алдағы уақытта ауданның барлық кәсіпкерлерінің басын қосып, бизнес саласындағы мәселелерді кең ауқымда бірлесіп талқылайтын ашық платформа ұйымдастыруды жүктеді. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Өз кәсібін ашуға ниетті азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.

Ордабасы ауданындағы басқа да атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтап өтер болсақ, аудандағы су нысандарының су өткізу қабілеттілігін арттыру үшін 7,2 млрд. теңге бөлініп, 9 каналды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Қараспан су торабымен (құны – 1,2 млрд. теңге), Қараспан магистралді каналына (құны – 3,5 млрд. теңге) күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Былтыр 2 нысанның жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған каналдарды биылғы жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Былтыр сондай-ақ, 21 каналдың 44,5 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді.

Ағымдағы жылдың соңына дейін ауданда инвестициялық құны 10,8 млрд. теңгені құрайтын 8 жобаны іске асырып, 328 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Биыл 6 айда 1,2 млрд. теңгеге 2 жоба іске қосылып, 72 жұмыс орны ашылды. Екінші жартыжылдықта құны 9,6 млрд. теңгеге 6 жобаны іске қосу жоспарлануда.Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін 27 гектарды құрайтын инфрақұрылыммен қамтылған индустриялды аймақ құрылған. Индустриялды аймақта 1 млрд. теңгені құрайтын 2 инвестициялық жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар іске асырылған жағдайда ауданға 1,7 млрд. теңге инвестиция тартылып, құрылған жұмыс орындарының саны 150-ден асады.

«Бадам» индустриалды аймағында инвестициялық құны 21 млрд 234 млн теңге құрайтын 439 жұмыс орны бар 6 кәсіпорын орналасқан. Жыл соңына дейін 2 жобаны іске қосу жоспарланған. Оның бірі «Gold Aluminum» ЖШС – алюминий профильдерін өндіру жобасы. Инвестициялық құны 3 млрд теңгені құрайтын бұл жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталу үстінде. Кәсіпорын жыл соңына дейін 100 жаңа жұмыс орнымен іске қосылады. Сондай-ақ, «RZN» ЖШС – автоклавталған газоблок бұйымдарын өндіру жобасы. Биыл желтоқсан айында 25 жұмыс орнымен іске қосылады. Бұл жобаның инвестициялық құны – 1,5 млрд теңге. Сондай-ақ, инвестициялық құны 400 млн теңгені құрайтын тағы 2 жобаның құжаттары рәсімделуде.

Сондай-ақ, Бадам-Шұбар автожолының бойында, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінен 500 метр қашықтықта орналасқан аумақта инфрақұрылым тартылады деп жоспарланып отыр. Қуаттылығы 25 МВТ қосалқы станция, 1,5 шақырым электр жүйесі, 2,1 шақырым су жүйесі, 0,7 шақырым газ жүйесі, ұңғыма құрылысы жүргізілуі тиіс.

Халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар қарқынды атқарылуда. Соңғы 3 жылда 685 гектар жер жаңа үйлерді салу үшін инфрақұрылыммен қамтылып (ауыз су, электр желісі), 1 851 жер телімі бөлінді. Темірлан елді мекеніндегі 70 гектар аумақта инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің (ауыз су, электр желісі) құрылысы жүргізілуде (жалпы құны 234,3 млн. теңге). Ағымдағы жылдың қыркүйек айында нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, жер кезегінде тұрған 261 адамға жер беріледі.Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшелерді түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Былтыр жалпы құны 150 млн. теңгеге 11 ойын, спорт алаңшалары пайдалануға берілді.

Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 55 пайызға жеткізу жоспарлануда. 2025 жылы аудан тұрғындары таза, сапалы ауыз сумен 100% қамтылады. Аудан бойынша 25 елді мекеннің газ жүйесінің құрылыстарына биыл 3,8 млрд.теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 17 елді мекен газға қосылады. Тағы 15 нысанға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қажымұқан ауылындағы С.Ысмайлов мектебі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба шеңберінде ауданда жаңадан 5 мектептің құрылысы жоспарлануда.

Жалпы, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, оның ішінде турникет жүйесімен, бейне-бақылаумен, дабыл кнопкасымен, күзетпен қамту үшін 293 млн. теңге бөлінді. Ыстық тамақпен 1-4 сыныптарының оқушыларын қамтамасыз ету үшін 425 млн. теңге бөлінді. Яғни, биыл бірінші рет осы мақсатта 718 млн. теңге бөлініп, оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға бағытталып отыр.

Биыл екі елді мекенде медициналық пункттер ашылды. Төрт ауылда фельдшерлік-акушерлік пункттер салынды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту»ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдар Ордабасы ауданында 3 медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша Ордабасы ауданында 10 ауылдық округ (Бадам, Бөржар, Бөген, Жеңіс, Қажымұқан, Қараспан, Қарақұм, Төрткөл, Шұбар, Шұбарсу), 57 ауылдық елдімекен орналасқан.

Аудандағы ең үлкен су қоймасы – Бөген су қоймасы. Бөген су қоймасының сыйымдылығы — 37 миллион текше метр. Ол Бөген, Арыс өзендерінің суларымен толығып отырады. Бұдан бөлек ауданда Бөржар, Теспе су қоймалары бар.Аудандағы жерасты суларының қоры ретінде Бөген жер асты су көздерін атауға болады, Қайнар, Визит, Бекзат бақ, Темірлан минералды суларына арнайы рұқсатпен пайдалануға берілген.

Ордабасы ауданы бойынша ірі қара 60600, қой және ешкі 351076, жылқы 20008, түйе 478 басқа жетті. Жұртшылық шаруашылық малдарына қызмет көрсететін ветеринариялық-санитарлық объектілер: ветеринариялық станциялар-8, ұсақ малдарды шомылдыру орындары-24, жасанды ұрықтандыру пунктері-14, биотермиялық шұңқырлар саны-7.

Ордабасы ауданында жалпы жайылымдық жер 103992 гектарды құрайды, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылдың 14 сәуірдегі № 3-3/332 «Жайылымның жалпы алаңы жүктемесінің, шекті рұқсат етілетін нормасын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, мал басына шаққандағы жайылымды есептей келе барлығы 1 284 725 гектар жайылым жер учаскесі қажет екендігі анықталды. Аудан бойынша барлығы 431684 бас (60600 ірі қара, 20008 жылқы, 351076 уақ мал, 478 түйе) көлемі 103992 гектар жайылымды пайдаланады, осы көрсетілген малдардың ішінде барлығы 17603 бас (5869 ірі қара, 1697 жылқы, 10037 уақ мал) мал бір орында, қоралық жағдайда ұсталалып, бордақыланады.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде Ордабасы ауданында жалпы 431684 бас малға көлемі 1 180 733 гектар жайылым жер жеткіліксіз екендігі байқалады. Ордабасы ауданындағы жайылымдық жердің жеткіліксіздігін шешу үшін, жайылымдық жерлерге түсетін жүктемені азайтып, мал өсіруді жайылымдық-қоралық жүйеден жайылымды қажет етпейтін мал өсіру жүйесіне (қорада ұстап бағу, бордақылау) ауыстыру қажет.

Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен былтырғы жылы қазан айында аудан әкімі жергілікті кәсіпкерлермен Қытай Халық Республикасына іс-сапарға барды. Іс-сапардың басты мақсаты – экономикалық дамуы бойынша тәжірибе алмасып, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру. Іс-сапар барысында Ордабасы ауданы бойынша өңдеу өнеркәсібі саласында кәсіпорындарын құру мүмкіндігі талқыланды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 1 102 жұмыс орындары ашылды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде, жастар арасында кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында биыл жасқа несие беру көзделді.Несие жеңілдетілген 2,5 пайызбен 5 млн. теңгеге дейін беріледі. Бүгінгі таңда, комиссияда жастың жобасы мақұлданып, кәсіпкерлігін дамытуға қолдау тапты. Халықтың табысын арттыруға бағытталған жұмыстар өз жалғасын табатын болады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 46 рет