Дүйсенбі, 10 Маусым 2024 19:18

Ордабасы ауданы: кәсіп бастаудың тиімді жолдары кеңінен түсіндірілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Amanat» партиясы мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бірлескен «Қарызсыз қоғам» жобасына ерекше тоқталып, оның игілігін барша халық көруі керек деген болатын. Аталған жоба көп ұзамай өз тиімділігін көрсетіп, жалпыхалықтық бағдарламаға айналды. Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған шаралар жүргізілуде.

Осылайша жыл сайын 200 мың қазақстандыққа қаржылық сауат курстарын өткізу жоспары қойылды. Сондай кездесулердің бірі Ордабасы ауданының Төрткүл елді мекенінде болып өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Олжас Болатханұлы, «Amanat» партиясының аудандық филиалының жетекшісі Әлиасқар Байдуллаұлы және «Ұлы дала» ауыл бизнесінің дамыту ассоциациясы, «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасының қаржы-сарапшысы Ержан Кангелдиев және ауыл тұрғындары қатысты.

Шара барысында мамандар тұрғындарға қаржылық сауаттылықты арттыру, оның ішінде қарыздан құтылудың, кәсіп бастаудың тиімді жолдары кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ, бұғатталған есеп-шотты ашу арқылы қарызды өтеудің ұтымды жолдары туралы ақпараттар берілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында отандық бизнес өкілдерімен болған кездесуде мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы жаңа үлгіге көшуі тиіс екендігін, кәсіпкерлерге көмектесу керектігін баса айтқан болатын. Осы мақсатта Ордабасы ауданында жыл басында аудан әкімдігінің бастамасымен кәсіпкерлікті қолдау форумы да өткізілгенін айта кеткен жөн.

Форумға Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасының, «Ырыс» МҚҰ серіктестігінің, «Даму» қорының Түркістан облысы бойынша өңірлік филиалының өкілдері, аудан прокуроры, аудандағы белсенді кәсіпкерлер, салалық мемлекеттік органдардың мамандары мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілері қатысқан болатын. Жиында аудан әкімі Азат Оралбаев баяндама жасап, кәсіпкерлікті дамыту бағытында 2023 жылы атқарылған және осы жылы жүзеге асырылатын жобаларға кеңінен тоқталып, сондай-ақ ауданның бизнес жүргізуге бағытталған потенциалы туралы да ақпарат берген-ді.

Өткен жылы ауданда өнеркәсіп өнім көлемі 33,2 млрд. теңгені құрап, 6,5 пайызға артқан. Сонымен қатар шағын және орта бизнестен 99,6 млрд.теңгенің өнімі өндірілген. Нәтижесінде 792 жұмыс орны ашылып, 502 адам тұрақты жұмысқа тұрған. Өткен жылы инвестициялық құны 10 млрд. теңге болатын 8 жоба жүзеге асып, 292 адам жұмыспен қамтылды. Ал, биыл, яғни, 2024 жылы шағын және орта кәсіпкерлік саласында инвестициялық құны 40 млрд. теңге болатын 21 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 1 659 жұмыс орны ашылады деп көзделуде.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жекелеген елді мекендердің ортақ жайылымын ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Ордабасы ауданы әкімдігі мен Ордабасы ауданы прокуратурасы бірлесе отырып, аудан көлеміндегі Бадам, Бөржар, Қажымұқан, Жеңіс, Қараспан, Төрткөл ауыл округтеріндегі елді мекендердің іргесінде орналасқан жалпы көлемі 4515,61 гектар жайылымдық жер учаскелерін пайдаланушы 20 жеке және заңды тұлғаның жайылымдық жер учаскелері анықтады.

Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі тарапынан жер иеленушілермен келіссөздер жүргізу нәтижесінде жалпы көлемі 490 гектар жайылымдық жер учаскесі Ордабасы ауданы әкімдігінің қаулысымен ауданның арнайы жер қорына қайтарылды. Сонымен қатар қосымша келіссөздер арқылы 3 жер пайдаланушының 512,84 гектар жері де қайтарылады деп жоспарлануда. Игі іске қолдау білдіріп, өз еркімен 330 гектар жерді қайтаруға ниет білдірген 2 жер иеленушінің өтініші де қаралып, жайылым жер ұлғаймақ. Нәтижесінде ауданның арнайы жер қорына қайтарылған жайылымдық жер учаскелері, аудан көлеміндегі жекелеген елді мекендердің ортақ жайылымына, тұрғылықты ауыл округі әкімі аппаратының теңгеріміне түпкілікті бекітіліп берілетін болады.

Ауыл-аймақ үшін, әсіресе, жайылым жер қашан да өзекті екені түсінікті. Жалпы, Ордабасы ауданының барлық жер көлемі 265 561 гектарды құрайды. Барлық ауыл шаруашылығы алқаптарының жиынтығы — 208 662 гектар, оның ішінде егістік жерлер — 71273 гектар, оның ішінде суармалы егістік — 32 711 гектар, көп жылдық ағашты өсімдіктер — 1 490 гектар, тыңайған жерлер — 18 954 гектар, ал жайылымдар 103 992 гектарды құрайды.

Жер санаттары бойынша тоқталсақ:

ауыл шаруашылығы мақсаттары бойынша пайдаланатын жерлері — 208662 гектар;

елді мекендердің жерлері — 19854 гектар;

өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылығы емес, басқа мақсаттарда пайдаланатын жерлер — 15411 гектар;

ерекше қорғаудағы табиғи аумақтардың жерлері — 49958 гектар;

орман қорының жерлері — 4821 гектар;

су қорының жерлері — 8522 гектар;

Ордабасы ауданының 5738 гектар жерін Бәйдібек ауданы және 392 гектар жерін Төлеби ауданы пайдалануда.

Жоғарыда айтқандай, Ордабасы ауданында жалпы жайылымдық жер 103992 гектарды құрайды, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылдың 14 сәуірдегі № 3-3/332 «Жайылымның жалпы алаңы жүктемесінің, шекті рұқсат етілетін нормасын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, мал басына шаққандағы жайылымды есептей келе барлығы 1 284 725 гектар жайылым жер учаскесі қажет екендігі анықталып отыр.

Жайылым жер туралы айтқанда, мал басы жөнінде ақпарат берген жөн. Аудан бойынша барлығы 431684 бас (60600 ірі қара, 20008 жылқы, 351076 уақ мал, 478 түйе) көлемі 103992 гектар жайылымды пайдаланады, осы көрсетілген малдардың ішінде барлығы 17603 бас (5869 ірі қара, 1697 жылқы, 10037 уақ мал) мал бір орында, қоралық жағдайда ұсталалып, бордақыланады.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде Ордабасы ауданында жалпы 431684 бас малға көлемі 1 180 733 гектар жайылым жер жеткіліксіз екендігі байқалады. Жергілікті билік Ордабасы ауданындағы жайылымдық жердің жеткіліксіздігін шешу үшін, жайылымдық жерлерге түсетін жүктемені азайтып, мал өсіруді жайылымдық-қоралық жүйеден жайылымды қажет етпейтін мал өсіру жүйесіне (қорада ұстап бағу, бордақылау) ауыстыру қажет деген ұйғарымға келіп отыр. Аудан басшысының сөзіне сенсек, Ордабасы ауданында 2023 жылы ортақ жайылым көлемі 8 700 гектарға ұлғайтылған. Бүгінде 2 157 гектар жайылым аудандық қорға қайтарылыпты. 

Орайы келгенде еске салайық, Түркістан облысында 3,1 миллион гектар жайылымға қажеттілік бар. Былтыр 1 миллион 12 мың гектарды қайтару жоспарланған еді. Оның 405 мыңы мемлекетке қайтарылды да, 600 мыңнан астам гектар жайылым иелерімен меморандумға тұру арқылы елдің ортақ пайдалануына ұсынылды. Жаңа бастамаға орай Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасының хабарлауынша, Ордабасы ауданы Ақсары ауылында 17 мың гектар жайылым жер қайтарылып, халықтың талабы орындалған.

Төрткөл ауыл округі, Ақсары ауылына жақын орналасқан жайылым алқаптары 910 гектарды құрайды. Бұл жер көлемі ауыл тұрғындарының шаруамен айналысуына аздық етеді.Өз кезегінде аудан әкімі тиісті сала мамандарына кейбір мәселелердің заңдылығын қарап, мүмкіндігінше жылдамдатып шешуді, ретке келтіруді тапсырды. Жалпы, әрбір көтерілген мәселенің ұдайы бақылауда болатындығын айтып, рет-ретімен шешімін табатындығын жеткізді.

Айта өтсек, еліміздегі жалпы мал басының 18 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Биыл өңірде жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектарды құрады. Осы бағытта ортақ жайылымның көлемін ұлғайтып, елді мекендегі мал бастарын шалғайдағы маусымдық жайылымдарға шығаруды ұйымдастыру, аудандарда мал бордақылау алаңдарын және отбасылық сүт фермаларын арттыру көзделген. Нәтижесінде 2024 жылға облыстағы жайылым тапшылығы төмендеп, 1107,8 мың гектарды құрайды. Жыл қорытындысымен 333,2 мың гектар жер учаскесі ортақ жайылымға қайтарылып, елді мекендердегі жайылым жүктемесінен 681,8 мың гектарға кемиді. Ортақ жайылым жерлерді қайтару барысы туралы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысының баяндамасы тыңдалды. Түркістан облысында жайылым жердің жалпы аумағы 8 миллион 860 мың гектардан асады. Шаруашылық жүргізуші кәсіпорындар үшін жайылым жер жеткілікті. Негізгі мәселе – мал басына қажетті ортақ жайылымның тапшылығында.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 50 рет