Өз кезегінде аудан әкімі кейбір ауыл округтерде жеке инвестициялық жоспар көрсеткіштерінің төмен екенін сынға алып, орындалуына нақты мерзім белгілеуді тапсырды. Орындалмаған жағдайда ауыл әкімдеріне тиісті шаралар көрілетіндігін атап өтті. Сонымен қатар, салалық бөлімнің басшысына индустриялды аймақтағы инфрақұрылымға (су, электр энергиясы және т.б.) қатысты мәселелерге талдау жүргізуді және кемшіліктер анықталған жағдайда оларды бір айдың ішінде ретке келтіруді міндеттеді.
Ауыл шаруашылығы саласындағы индикаторлардың орындалуы туралы аудандық ауылшаруашылық және жер қатынастары бөлімінің басшысы Берік Алтынбеков баяндама жасады. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі даму жоспарының индикаторлық көрсеткішіне сәйкес, жылдың қорытындысымен 83,2 млрд. теңгеге.жеткізу жоспарланған. Мәселен, қаңтар-сәуір айларында ауылшаруашылық өнімінің көлемі 12,3 млрд.тг.орындалған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,9 млрд.тг.артық. Ал, бес айдың қорытындысымен көрсеткішті 15,7 млрд.тг.теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Аудан әкімі бес айдың қорытындысымен ауылшаруашылықтың және тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына инвестиция тартуда жұмыстың баяу екенін ескертіп, ауыл әкімдері мен салалық бөлімге бірқатар нақты тапсырмалар берді. Одан бөлек тамшылатып суғару жүйесін ендіру жоспарын орындауда салғырттық танытқан Бадам, Бөген ауылдарының әкімдеріне ескерту жасады. Ауылшаруашылық және жер қатынастары бөлімінің басшысына ауыл округтердің әкімдерімен бірлесіп жаңбырлатып суғарудың тиімділігі және аталған жүйені ендіруде мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер туралы шаруалармен кездесу ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар ауылшаруашылық техникаларын жаңалау, мал, егін және құс шаруашылығының жоспарларын орындау бойынша бірқатар міндеттер жүктелді.
Мәжілісте қаралған үшінші мәселе бойынша, яғни ауылдық округтерді абаттандыру, көгалдандыру, ғимараттардың қасбеттерін реттеудегі кемшіліктер туралы аудан әкімі аппаратының басшысы Жұманәлі Кәдиев баяндама жасады. Аудан әкімі елді мекендердегі санитарлық-тазалық, абаттандыру, көгалдандыру мәселелері күн тәртібінен түспейтінін айтып, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысына ауыл округтердің әкімдерімен бірлесіп балалар ойын алаңшаларының жағдайына талдау жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, көктемде отырғызылған ағаштарды күтіп ұстау (суғару, қоршау) бойынша нақты шаралар қабылдау қажет екенін ерекше атап өтті.
Аудан орталығының санитарлық-тазалығы да сөз болып, ауыл әкіміне және полиция бөлімінің жауапты қызметкеріне бірқатар тапсырмалар берілді. Жиында жауапты мамандарға өртке қарсы және шомылу маусымына орай тұрғындар арасында тиісті жұмыстарды (ескерту, түсіндіру) жандандыру және атқарылған жұмыстарды әлеуметтік желі арқылы насихаттау тапсырылды.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды биыл аудандға жасаған жұмыс сапарында кәсіпкерлікті дамыту мен ауданның индустриялық әлеуетін көтеруді тапсырып, осы салалардағы бастамаларды пысықтағаны белгілі. Осыған сай нақты айтсақ, ауданда екі өндірістік аймақ құрылып, «Бадам» индустриалды аймағы 50 гектарға ұлғаятыны да айтылған болатын.
Сол кезде алдымен Шұбар ауылында өндірістік аймақ құру үшін жоспарланған 60 гектар жердің жобасымен танысқан өңір басшысы инфрақұрылым, ұйымдастыру жұмыстарын сапалы жүргізу маңызды екенін айтқан. Бадам-Шұбар автожолының бойында, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінен 500 метр қашықтықта орналасқан аумақта инфрақұрылым тартылады деп жоспарланып отыр. Қуаттылығы 25 МВТ қосалқы станция, 1,5 шақырым электр жүйесі, 2,1 шақырым су жүйесі, 0,7 шақырым газ жүйесі, ұңғыма құрылысы жүргізілуі тиіс.
Бүгінде Шұбарсу Ауылында өндірістік аймақ құру үшін жоспарланған 50 гектар жердің жобасы жасалған. Мұнда да су, газ, электр жүйелерін тарту керек.– Барлық аудан, қалада индустриалды аймақтарды тиімді пайдалану, жаңа өндірістік аймақтар ашу өте маңызды. Осы бағытта жұмысты күшейтуді тапсырамын. Өндіріс орындарын, кәсіпорындар ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізілсін. Инвесторлар тартыңыздар. Біз өз тарапымыздан инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетеміз. Бұл ретте мегаполиске жақын орналасқан Ордабасы ауданының әлеуеті өте жоғары, – деген болатын Дархан Сатыбалды. Облыс әкімі Ақбұлақ ауылындағы «Бадам» индустриалды аймағына да барып, жер көлемін 50 гектарға ұлғайту жобасымен танысқан еді. Жоғарыда аталған жобалар іске асса, Түркістан облысындағы кәсіпорындар және жұмыс орындары көбейеді деген жоспар бар.
«Тәуелділіктен арылуы үшін біздің өңір, әр аудан өзін өзі қамту деңгейін нығайтып, арттыра түсу қажет. Сондықтан бюджет кірісін арттыру - біздің басымдықты міндеттеріміздің бірі. Біздің мақсатымыз – облысымыздың әрбір елді мекенін дамыту. Осыған орай, назарды тек облыс орталығына ғана аудармай, қалған 16 аймақты да көркейту, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау біз үшін өте маңызды. Жергілікті әкім, өз кезегінде, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін көтеруге бар күш жігерін жұмсау керек. Барлықтарыңызды, ауданды дамыту жолында аудан әкімімен бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Аудандағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық жақсы біледі. Сондықтан, күрделі мәселелерді шешуге және ауданның дамуына сіздермен бірге жүйелі шаралар қабылдайтын боламыз», -дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Ордабасы ауданын әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселесі облыс әкімінің назарынан тыс қалған емес. Мәселен, былтыр қараша айында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мәжіліс өтті. Ауданға арнайы барған өңір басшысы жауапты басқарма басшылары мен аудан әкіміне жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді.
– Биыл көзделген 6 инвестициялық жобаны іске асыруды тапсырған болатынмын. «Ордабасы Сапар» орталығы мен «RZN» компаниясының газоблок өнімдерін өндіру жобасы бүгінгі күнге іске асырылмаған. Ауданға инвестиция тарту, жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашу жұмыстарын күшейту қажет. Аудан әкімі жуырда делегация құрамында Қытайға барып, кәсіпорындарымен танысып келді. Енді сол сапардан нәтиже көрсетіп, жаңа өндіріс орындарын ашуға бар күш-жігеріңізді салып, ауданның инвестициялық климатын жақсарту керек. Бұл үшін барлық ресурс бар. Атап айтқанда, индустриалды аймақ ашылған. Мүмкіндіктерді пайдаланған жөн. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында қордаланған мәселелер бар. Соңғы жылы пайдалануға тапсырылған инфрақұрылым нысандарына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, анықталған кемшіліктер бойынша баяндауды тапсырамын, – деген Дархан Сатыбалды басшыларға бірқатар міндет жүктеген болатын.
Атап айтқанда, кіріс көздерін ұлғайту, жұмыссыздықты азайту, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу жүктелді. Құрылысы созылған 3 мектептің жай-күйі де айтылды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында заманауи озық технологияларды енгізу туралы тапсырма берілді. Кемшіліктер ашық айтылды. Ағын су жүйелерінің тозығы жеткен, қоқысқа толып қалған. Механикалық тазалау жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеген. Пайдаланылмай жатқан және заңсыз пайдаланудағы жер телімдерін қайтару жұмыстары баяу жүргізілуде.
Мәжілісте аудан әкімі Азат Оралбаевтың есебі тыңдалды. Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданды дамытуға кедергі болып отырған мәселелер мен кемшіліктерге тоқталды. Жиындағы тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, индикаторларды орындау бойынша жауапты басшыларға уақыт берілгенін айта кеткен жөн. Ордабасы ауданын өндірісі және ауыл шаруашылығы дамыған аймаққа айналдыру жұмыстары жалғасады делінді сол жиында.
Жалпы, ауданда кәсіпкерлікпен айналысамын дейтін азаматтарға қолдаулар көрсетіліп жүр. Мәселен, былтыр жыл аяғында аудан әкімі Азат Оралбаев «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізіне іргелес 10 гектар аумақтан өз кәсібін ашуға ниетті аудан кәсіпкерлерімен пікірлесіп, әкімдік тарапынан көрсетілетін қолдау туралы айтып бергені есімізде.
– Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастыруымен Қытайға сапарымызда ондағы аудан-қалалар іргесінде шоғырланған шағын өндіріс ошақтарымен танысқан болатынбыз. Сол жобаны ауданымыздың шарт-жағдайына сәйкес жүзеге асыру үшін Шұбар ауылдық округі аумағынан 10 гектар аумақты арнайы өндіріс аймағы ретінде белгіледік. Ендігі мақсат – өндіріспен айналысуға қажетті жобасы мен қаржысы бар азаматтарға сол аумақтан тегін жер телімін беру арқылы жергілікті тауар өндірушілердің қатарын көбейтіп, жұмыссыздық деңгейін төмендету, – деген болатын аудан әкімі.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Фатима Ташимова 10 гектар алқапты құрайтын арнайы өндіріс аймағында кәсіп бастауға ниетті азаматтардың жобаларымен таныстырды. Салалық бөлім басшысының хабарлауынша, қазіргі таңда ауылдық округтерден 18 өтінім келіп түскен. Жобалардың басым бөлігінде құрылыс өнімдері, тамақ өндірісі, тұрмыстық химия саласына басымдық берілген. Кездесу барысында қатысушылар тарапынан бизнес жоба болғанымен, қаржылық қуаты өндіріс орнын дөңгелетіп алып кетуге қауқарсыз екендігі де айтылды.
Аудан әкімі Кәсіпкерлік бөліміне алдағы уақытта ауданның барлық кәсіпкерлерінің басын қосып, бизнес саласындағы мәселелерді кең ауқымда бірлесіп талқылайтын ашық платформа ұйымдастыруды жүктеді. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Өз кәсібін ашуға ниетті азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.
Ордабасы ауданындағы басқа да атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтап өтер болсақ, аудандағы су нысандарының су өткізу қабілеттілігін арттыру үшін 7,2 млрд. теңге бөлініп, 9 каналды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Қараспан су торабымен (құны – 1,2 млрд. теңге), Қараспан магистралді каналына (құны – 3,5 млрд. теңге) күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Былтыр 2 нысанның жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған каналдарды биылғы жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Былтыр сондай-ақ, 21 каналдың 44,5 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді.
Былтырғы жылдың соңына дейін ауданда инвестициялық құны 10,8 млрд. теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылып, 328 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 1,2 млрд. теңгеге 2 жоба іске қосылып, 72 жұмыс орны ашылды. Екінші жартыжылдықта құны 9,6 млрд. теңгеге 6 жобаны іске қосу жоспарлануда. Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін 27 гектарды құрайтын инфрақұрылыммен қамтылған индустриялды аймақ құрылған. Индустриялды аймақта 1 млрд. теңгені құрайтын 2 инвестициялық жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар іске асырылған жағдайда ауданға 1,7 млрд. теңге инвестиция тартылып, құрылған жұмыс орындарының саны 150-ден асады.
Халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар қарқынды атқарылуда. Соңғы 3 жылда 685 гектар жер жаңа үйлерді салу үшін инфрақұрылыммен қамтылып (ауыз су, электр желісі), 1 851 жер телімі бөлінді. Темірлан елді мекеніндегі 70 гектар аумақта инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің (ауыз су, электр желісі) құрылысы жүргізілуде (жалпы құны 234,3 млн. теңге). Ағымдағы жылдың қыркүйек айында нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, жер кезегінде тұрған 261 адамға жер беріледі.Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшелерді түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Былтыр жалпы құны 150 млн. теңгеге 11 ойын, спорт алаңшалары пайдалануға берілді.
Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 55 пайызға жеткізу жоспарлануда. 2025 жылы аудан тұрғындары таза, сапалы ауыз сумен 100% қамтылады. Аудан бойынша 25 елді мекеннің газ жүйесінің құрылыстарына биыл 3,8 млрд.теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 17 елді мекен газға қосылады. Тағы 15 нысанға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қажымұқан ауылындағы С.Ысмайлов мектебі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба шеңберінде ауданда жаңадан 5 мектептің құрылысы жоспарлануда.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат