Дүйсенбі, 06 Сәуір 2020 23:23

Шымкент: төлемдер біртіндеп банктік карталар арқылы жасала бастады

Қолма қол ақшадан бас тартқан жөн. Өйткені ақшадан COVID-19 кеселі жұғуы мүмкін. Ғалымдардың зерттеуінше, ақшада адам нанғысыз вирустар көп болатын көрінеді. Бұл қазіргідей қауіпті кезеңде «жығылғанға жұдырық» болып жүрмесіне кім кепіл? Ал, бүгінннен бастап, миллионды қаланың барлық сауда орындары, дүкендер мен базарлар төлемақыны картамен жүргізуді бастады. Бұған тұтынушылар мен кәсіпкерлер дайын ба?

Шымкенттегі «Баян сұлу» дүкенінде қос бірдей пост терминал жұмыс істеп тұр. Азық-түлік дүкені төлем жасаудың тиімді тәсілін бұрыннан қолданады. Тек, тұтынушылардың бірлі жарымы ғана болмаса, көп жағдайда қолма-қол ақшамен есеп айырысып жатыр. «Біздің дүкен ашылғалы бері осы пост терминалдарды орнатқан болатынбыз. Бұл әрине, қазіргідей қауіпті жағдайда азаматтардың өз денсаулығы үшін керек. Бірақ, өкінішке орай тұтынушылардың дені төлемді қолма-қол төлейді. Біз ендігі жерде азаматтарды қолма-қол ақшадан бас тартып, төлем карточкалары арқылы есеп айырысуға шақырып жатырмыз» - дейді дүкен әкімшісі Ольга Магдыч.

Қолма қол ақшадан бас тартып, мынадай банк карточкаларын тұтыну ең әуелі өзіңіздің қауіпсіздігіңіз үшін қажет шара. Мамандардың айтуынша, бұл әрі нарықтағы шығынды азайтып, салық түсімін көбейтеді. Кейбір кәсіпкерлер салық төлеуден жалтарып, мынадай пост терминалдар орнатпайтын көрінеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, вирус қағаз беттерінде және пластиктерде біраз уақытқа дейін қала береді. COVID-19 вирусы қағаздарда 3-4 күнге дейін, ал пластиктерде 9 күнге дейін сақтала береді дейді сарапшылар. Ал, қаржы нарығында қолма-қол ақшадан бас тартудың пайдасын саясаттанушылар тәптіштеп айтып берді. Шымкенттегі барлық сауда орындары мен дүкендерде банк карталары арқылы төлем жасалуы тиіс! Бұл билік өкілдерінің тапсырмасы. Ал, банктік картасы жоқ азаматтар қаржы ұйымдарына қоңырау шалып, немесе онлайн тапсырыс бере алады. Дайын картаны банктер үйлеріңізге жеткізіп береді. Сондықтан банкоматтағы ақшаларыңызды шешіп алудың аса қажеттілігі жоқ. Карантин кезінде қолға алынған шараларға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 380 рет