Сәрсенбі, 22 Сәуір 2020 14:10

Түркістан: Биыл Мақтааралда 38 мың гектар жерге мақта егіледі

Көктемнің бір күні бір жылға азық. Cәуір айының ортасынан бастап Мақтаарал ауданында ауа-райы күрт жылынып, шаруалар мақта егу науқанына жаппай кірісіп кетті. Көктемгі дала жұмыстарына 954 ауыл шаруашылығы тракторлары, 415 чизель, 3876 тырма, 250 тұқым сепкіш техникалары қатысуда.

Бірқалыпты қолайлы температура сақталған жағдайда 10-15 күнде жаппай мақта егісін аяқтауға мүмкіндік бар. Бұл туралы шаруа қожалықтарын аралап көріп, мақта егу науқанының жұмыс барысымен танысқан аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалым Дүйсенбеков мәлім етті.
Биыл мақтааралдық шаруалар 38 мың гектар жерге ақ алтын шитін себеді деп күтілуде. Ол үшін 825 тонна тұқымдық шит дайындалып, сортына қарай 230-300 теңге аралығында саудалануда. Ауданның шаруашылықтары мақтаның отандық жоғары сапалы тұқымымен 98 пайыз қаматамасыз етілген.
"Мақта егу кезінде топырақтың құнарлығына байланысты түп санның жиілігі жеке-жеке белгіленуі тиіс. Топырағы жеңіл, құнарлығы төмен жерлерде қозаның жиілігі әр гектарына 130-150 мың түп аралығында, ал топырағы ауыр, құнарлығы күшті, жер асты суы деңгейі жоғары егіс алқаптарында әр гектарына 120-130 мың түп орналасуы қажет. Жүйектердің қатар аралығы 90 сантиметр деп есептегенде, әр метрге бірінші жағдайда 15-17, ал екенші жағдайда 13-15 тұқымдық шит себілуі тиіс" - дейді шаруаларға кеңесін берген "Қазақ мақта шаруашылығы" ғылыми-зерттеу институтының директоры, академик Ибадулла Үмбетаев.
Қазірдің өзінде Мақтаарал ауданында 31668 гектар жер тырмаланып, 16235 гектар жер чизельденген. Жері егуге дайын болған шаруалар бүгіннің өзінде 778 гектар жерге мақта дәнін сеуіп үлгеріпті. Сондай-ақ, жылдың басынан бері 4250 гектар жерге бақша, 1620 гектар жоңышқа, 395,5 гектар көкөніс, 55 гектар бидай, 50 гектар күнбағыс егіліп, шаруалар көкөніс өнімдерін экспортқа шығаруда.
Айта кетейік, өткен 2019 жылы ауданда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 44 миллиард теңгеге жеткен болатын. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 32,2 миллиард теңге, мал шаруашылығы 10,4 миллиард теңге, ауыл шаруашылық қызметі 278 миллион теңгені құрап еді.
Айта кетейік, былтыр ауданда 38 мыңнан аса гектар жерге мақта дақылы егіліп, 99,5 мың тонна "ақ ұлпа" қамбаға жиналды. Орташа өнімділік гектарына 26,1 центнерге жетіп, мақташылар жылды толағай табыспен аяқтаған болатын.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

Оқылды 441 рет