Дүйсенбі, 13 Сәуір 2020 13:10

Шымкент: Кімдер қандай салықтық жеңілдіктерге ие болмақ?

Бүгінгі қалыптасқан жағдай кәсіпкерлер үшін оңайға соғып жатқан жоқ. Дегенмен мемлекет тарапынан салық төлеушілерге бірқатар жеңілдік қарастырылған. Мәселен, ірі сауда объектілері, сауда-ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер мен дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары мүлік салығын төлеуден 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін босатылды. 

«Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлері бойынша жер салығын төлеуден 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін босатылады. Жалпы белгіленген тәртіппен жұмыс істейтін дара кәсіпкерлер – жеке табыс салығын төлеуден 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін босатылады» – дейді Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысының орынбасары Нұрпейіс Құлымбетов.

Бұрын салықты мерзімінде төлемегендерді мәжбүрлеп төлететін еді. Енді төтенше жағдайға байланысты салық міндеттемелері бойынша өсімпұлдарды есептеу 2020 жылдың 15 тамызына дейін тоқтатылып отыр. Есепті тапсыру мерзімі ағымдағы жылдың 3-тоқсанына ауыстырылады.

Айта өтейік, салық және әлеуметтік төлемдер бойынша ақпаратты кірістер департаментінің shymkent.kgd.gov.kz атты сайты мен барлық әлеуметтік желіден тауып, күнделікті салалық кураторлардың онлайн шығарылымынан сұрағыңызға жауап ала аласыз.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 431 рет