Бейсенбі, 25 Ақпан 2021 22:25

Түлкібас: «АҚБИІК АГРО» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі құс етін өндіруде

Түркістан облысы, Түлкібас ауданында «АҚБИІК АГРО» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі құс етін өндіруде. Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Түлкібас ауданында құс шаруашылығын дамытуға шаруалар тарапынан қызығушылық күн санап артып келеді. Солардың бірі «Ақбиік Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі болып табылады.  Аталмыш кооператив жылына орта есеппен 3 тоннаға жуық күрке тауық және қаз етін Шымкент қаласындағы сауда қатарларына 1600-1800 теңгеден өткізіп табыс табуда.

Кооператив жылына 2 500-ге жуық күрке тауық және 200-ден астам қаз жұмыртқасын арнайы инкуваторлық құрылғысы арқылы басып шығарады екен. Сосын, шыққан балапандарды өсіріп, аналығын алып қалады. Ал, қораздарын семіртіп етке өткізеді. Осы жүйе бойынша биылғы жылы да наурыз айында күрке тауық пен қаз басын көбейтуді жоспарлап отыр.

Айта кету керек, ауданда бүгінгі таңда 32 кәсіпорын жұмыс істеуде. Осы кәсіпорындармен 10 млрд 321 млн теңгенің өнімі өндірілген. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша аудан көлеміндегі 16 жұмыс беруші мекемелерімен келісім-шарт түзіліп, 154 азамат жолданған.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат 

 

Оқылды 410 рет