Жұма, 02 Сәуір 2021 17:23

«Шымкент сити» жобасымен жаңа үлкен шағын аудандар салынады

Шымкент қаласының үш ауданында инвесторлардың қатысуымен «Шымкент сити» жобасымен жаңа үлкен шағын аудандар салынады. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Инвестициялық штабтың отырысында айтты.

«Қаланың даму жолы аясында, әр ауданның өз орталығы, өз саябағы, өз емханалары, өз мектептері болуы қажет. Сондықтан болашақта әр ауданнан «Шымкент сити» секілді үлкен жаңа, заманауи шағын аудандар саламыз. Жаңа құрылысқа инвесторларды тарту жұмыстарына аудан әкімдері де атсалысуы керек. Халық орталыққа қарай емес, қажеттісін өз ауданынан шықпай-ақ таба білуі тиіс»,- деді қала басшысы.

Қала әкімінің төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында инвестиция потенциалы бар жобалардың мәселелерін шешу жайы қаралды. Инвесторлармен zoom платформасы арқылы байланысқа шыққан қала басшысы Шымкентте инвесторлар үшін барлық жағдай жасалатынын айтып өтті.

«Шымкент – инвестицияға қолайлы қала. Бізде арнайы экономикалық аймақ пен бірнеше индустриалды аймақ бар. Қосымша жаңа индустриалды аймақтардың құрылысы жүргізілуде. Оның бірі - «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Мұнда құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі шоғырланады. Елуден астам кәсіпорын құрылады. Сонымен бірге, Біз жобаларды «бір терезе» қағидаты бойынша толық қолдап, кедендік салықтық режим, тегін жер телімі, мемлекеттік қолдау және дайын инфрақұрылым қарастырғанбыз»,-деді қала басшысы.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

Оқылды 150 рет