Бейсенбі, 12 Шілде 2018 17:54

Шымкенттің аймақтық даму институты құрылады

Шымкент қаласының өзінің аймақтық даму институты болады. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 5 шілде күні әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация (ӘКК) түріндегі аймақтық даму институтын құру туралы шешім қабылдады. Ол институт толығымен қала әкімдігіне қарасты болмақ. 

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы «Мемлекеттік мүлік туралы» № 413-IV Заңына сәйкес аймақтық даму институты облыс, республикалық дәрежедегі қала, астананың жергілікті атқарушы органының шешімімен құрылып, оның акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі болады. Бұл құрылым аймақтың экономикасының дамуына көмектеседі.

Осылайша Шымкентте өзінің аймақтық даму институты – «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы құрылады.

Айта өтейік, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация өңір экономикасының дамуына, оны Қазақстан Республикасының ұлттық шаруашылық жүйесіне ықпалдастыруға жәрдемдесу, мемлекеттік және жеке мүдделерді шоғырландыру жолымен кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ тиісті өңірдің әлеуметтік жобаларын іске асыру есебінен халықтың өмір сүру деңгейінің өсуіне жәрдемдесу мақсатында құрылады. Оның негізгі міндеттері, біріншіден, өңірлерде кәсіпкерлік қызметті дамыту мен ішкі және сыртқы нарықтардағы отандық тауар өндірушілердің инвестициялық тартымдылығын арттыруға жәрдемдесу; екіншіден, бәсекеге қабілетті, оның ішінде, рентабельді емес ұйымдарды оңалту, қайта құрылымдау негізінде бәсекеге қабілетті өндірістерді дамытуға жәрдемдесу; үшіншіден, әлеуметтік жобаларды іске асыру және қатысу.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1345 рет