Сенбі, 21 Шілде 2018 11:13

Шымкентте коворкинг орталығы ашылды

Елбасының жарлығымен маусым айында Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгені белгілі. Жарлыққа қол қойылғалы өткен бір айда шаһарда әртүрлі тың бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асырылуда. Соған орай «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев еліміздің үшінші мегаполисіне арнайы келіп, аталған бағыттағы жұмыстармен танысты.

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымовпен бірге «Отырар» өңірлік әмбебап ғылыми кітапханасында ашылған коворкинг-орталыққа барды. Аталған орталық жаңа технологиямен және жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықталған. Мұнда келушілер арнайы конференц-залда түрлі тақырыптарда семинарлар, дәрістер және тренингтер өткізе алады. Одан бөлек, жаңа орталықта демалыс аймағы, кино залы, кофехана, кітап дүкені және еркін пікірталас аймағы бар. Осылайша дәстүрлі кітапханадан жаңа заман талаптарына сай нағыз білім орталығы ретінде қайта жаңғырған нысан қазірдің өзінде жергілікті жастардың жиі бас қосатын жеріне айналып үлгерді.

 Осындай коворкинг-орталықтар жастарға беріліп отырған үлкен мүмкіндік екенін айтқан Мәулен Әшімбаев оны жастар, соның ішінде «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері тиімді пайдалануы керектігін тілге тиек етті. «Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі - халықтың білімге деген құштарлығын арттыру. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы еліміздегі кітапханалардың қызметін жаңғыртып, оларды жаңа заманға сай коворкинг-орталық ретінде қайта құру жобасын қолға алды. Себебі, кітапханалар тек кітап оқитын орын емес, түрлі семинарлар, тренингтер, дәрістер өтетін, жастар жиі бас қосатын нағыз білім орталығы болуы тиіс. Сондықтан осындай орталықтарды мазмұнды, мәнді дүниелермен толтыруымыз керек. Жобаның негізгі мағынасы да осы, яғни дәстүрлі кітапханаларға жастарды тартып, олардың кітап оқуға, сапалы білім алуына жағдай жасау», - деді Мәулен Әшімбаев.

 «AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 11143 рет