Жұма, 17 Маусым 2022 15:18

"ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК ТАУАРЫ -2022" АНЫҚТАЛМАҚ

Шымкент қаласындағы Орталық саябақта «Қазақстанның үздік тауары-2022» өңірлік көрме-байқауы өтіп жатыр. Шара қалалық әкімдік пен жергілікті кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өтуде.

Шараға қала әкімі мен  қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов қатысты. Құттықтау сөз сөйлеген қалалық мәслихат хатшысы кәсіпкерлік саласының дамып келе жатқаны көз қуантатын жағдай екенін жеткізді.

–Кәсіпкерлік әлеуетті халыққа таныстыру үшін осындай көрмелерді тұрақты түрде өткізу қажет. Статистика бойынша Шымкенттің өнімдері республикадағы үлестің 30 пайызын, ал фармацевтика 26 пайызын қамтиды. Мегаполистің потенциялы жоғары. Кәсіпкерліктің алға басуы қосымша жұмыс орнын арттырады. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарады. Қаншама отбасы нәпақа тауып, бала-шағасын асырауға мүмкіндік алады, - деді Бахадыр Мәдәліұлы.

«Қазақстанның үздік тауары-2022» деп аталатын  өңірлік байқау-көрмесіне азық-түлік, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласы мен құрылыс индустриясының 70-тен астам тауар өндірушілері өз экспозицияларын таныстырды. Мұндағы мақсат - халық арасында сапа идеясын насихаттау дейді,- Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры.

Бұл жылғы көрмеге алғаш рет оннан астам жаңа компания қатысуда, олардың ішінде «Бесқұдық тас» ЖШС (декоративтік тастар өндірісі), «Topseller of chemical products» ЖШС (дезинфекциялаушы және жуғыш заттар өндірісі), «Qut-Bereke Qurylys» ЖШС (металл құрылымы), «Quraq group» ЖШС (трансформер жиһазы), «Alem Luxury» ЖШС (жиһаз), «БАРАКА» ЖК (сүт өнімдері), «NURTAU distribution company» ЖШС (сұлы шоколад кәмпиттері мен сағыз өндірісі), «Петухова» ЖК (бөлмеаралық есіктер) бар. Мұнда ірі компаниялар ғана емес, шағын және орта бизнес өкілдері де өздерін таныта алады.
Конкурс шартына сай, тәуелсіз сарапшы аудитор, бизнес-қауымдастық, салалық қоғамдық бірлестік және мемлекеттік орган өкілдерінен құралған. Аталған сараптамалық комиссия «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша үздіктерді таңдайды.

«Қазақстанның үздік тауары-2022» өңірлік көрме-байқауының жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталумен қатар, жыл соңында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық байқауға қатысу құқығына ие болады. Өңірлік көрме-байқауы үш күнге созылады.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Оқылды 477 рет