Сенбі, 18 Маусым 2022 23:05

Шымкент: Тауарлар 15-20 пайызға арзан сатылды

Жеміс-жидектер, көкөніс пен азық-түлік. Ет, сүт өнімдері,  макарон, шұжық, тұрмыстық химия, текстиль жəне өзге де өнімдер осында тиімді бағада саудалануда. Базар нарқынан тауар түрлеріне қарай  10-15 пайызға төмен ұсынылуда.

Шымкентте  ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Бұл жәрмеңке өзгелерден ерек. Себебі, ауқымды түрде өтіп жатқан бұл іс-шара Шымшаһардың туған күніне орай ұйымдастырылды. Жалпы халық күнделікті бірінші кезекте тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері және олардың бағалары басты назарда. Бұл бойынша Шымөаламызда бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Қала күніне орай ұйымдастырылған жәрмеңке - соның бірі.

Мақсат - әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру, халықты тиімді бағадағы қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету және делдалдық қызметті шектеу болып табылады.Жәрмеңкеге Шымкенттегі тауар өндірушілермен қатар Түркістан облысының көрші аудандарынан ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілер, дихандар мен шаруалар қатысуда.

– Дәстүрлі жәрмеңкеге 200-ге жуық кәсіпкер қатысуда. Олар өз өнімдерін базар нарқынан 10-15 пайызға төмен сатуда. Жалпы көлемі 100 тоннадан астам өнім ұсынылған, – деді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Жандос Ханаев.

Айта кетейік, жәрмеңкеде құмшекер де сатылуда. Жалпы салмағы 4 тонна шекер әр адамға бес келіге дейін, келісі 480 теңгеден босатылуда.

Тілге тиек етсек, ауылшаруашылығы - мемлекет экономикасының өсіміне септігін тигізетін сала. Бұл ретте, Шымкент өзінің болашағын ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеумен және АӨК саласындағы логистикамен тығыз байланыстырады. Өйткені, қала - аграрлық аймақтың орталығы.

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Оқылды 473 рет