Жексенбі, 23 Қазан 2022 10:50

«Түркі дүниесінің келешек келбеті – 2040» атты халықаралық семинары өтті

Түркілер төрі саналатын рухани шаһардың білім ордасында «Түркі дүниесінің келешек келбеті – 2040» атты халықаралық семинар өтіп жатыр. Маңызды жиын аясында түрлі тақырыптарды қамтитын пленарлық отырыстар өтуде. Аталған шараға түркі мемлекеттерінен келген өкілдер мен оқытушылар және білімгер жастар қатысты.

Түркі әлемінің экономикалық мәселелерін талқылап, түрлі ұсыныстар айтылған пленералық отырыста маңызды дүниелер ортаға салынды. Онда Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан мен Қазақстан өкілдері өз елдерінің экономикалық жағдайларын айтып, отырыс тақырыбына сәйкес ұсыныстарын жеткізді.
Мәселен, елдегі мұнай бағасының әр өңірде әртүрлі бағада қойылуы бойынша баяндама жасаған оқытушымыз Сәбит Баймағанбетовтың сөзін, доктор, профессор Али Рыза Гөкбунар қуаттап, алдағы уақытта қара алтын арқылы түркі мемлекеттеріне бірегей дәліз қажеттігін айтты.
Сонымен қатар, Түркі мемлекеттері арасындағы білім деңгейі мен өзара ынтымақтастық жайында баяндама жасаған Қырғызстандық өкіл доктор, профессор Сейіл Нажимудинова QS рейтингісі бойынша Түркия алғашқы орынды иеленсе, екінші орында Қазақстан екендігін айтты. Егер осылай бірігіп, тәжірибе алмасу мен ортақ құндылықтарды жүзеге асыратын болсақ түркі мемлекеттері арасындағы білім деңгейі көш бастайтын болады деді.
Экономика саласын талқылаған пленарлық отырыста айтылған маңызды ұсыныстың бірі-ортақ қаржы институттарын құру және қауіпсіздікті күшейту, яғни қорғаныс саласын жетілдіру.
Осылайша ілкімді дүниелер сөз болған алқалы отырыста бауырлас елдердің экономикалық байланыстарын нығайту, қаржы институттарын, көлік-транзит саласын жетілдіру, су-ресурстарын тиімді пайдалану, білім беру ісінде ынтымақтастықты нығайту сияқты маңызды бағыттар талқыланды.
Айта кетейік, халықаралық семинарда талқыланған, қаралған баяндамалар мен ұсыныстар 2022 жылдың 11 қараша күні Самарқан қаласында өтетін Түркі тілдес мемлекеттері ұйымының саммитіне ұсынылатын болады.

Оқылды 591 рет