Сәрсенбі, 01 Ақпан 2023 20:32

САРЫАҒАШ: «ТАБЫСТЫ ОТБАСЫ» ЖОБАСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ТҮЛЕКТЕРІ КӘСІБІН БАСТАУҒА МҮМКІНДІК АЛДЫ

Сарыағаш қаласында «Самұрық-Қазына» АҚ мамандары және Түркістан облысы әкімдігі өкілдерінің қатысуымен «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасының түлектеріне жабдықтар жиынтығы салтанатты түрде табысталды.

Түркістан облысынан жобаның 27 қатысушысы өз ісін ашуға жалпы сомасы 459 450 теңгеге жабдықтар түріндегі гранттар алды. Қатысушылар негізінен «Кондитерлік іс», «Сұлулық индустриясы», «ЅММ» мамандықтарын игерді.

- «Самұрық-Қазына» АҚ-ң «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры - азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және өңірлерді дамытуға бағытталған жобаларды әрдайым қолдайды. Бұл жобаның мақсаты - сұранысқа ие мамандықтарға оқыту және шағын гранттық қолдау көрсету арқылы адамдардың әл-ауқатын арттыру. Осыған дейін құрал-жабық түріндегі грантты Ұлытау, Жетісу, Абай облыстарының түлектері иеленді. Бүгін Түркістан облысындағы әлеуметтік жобаның тағы 27 түлегіне жабдық жиынтықтарын табыстағалы отырмыз. Болашақ кәсіпкерлердің істеріне береке берсін, - деді «Самұрық-Қазына» АҚ өкілі Серғожа Қалиасқаров.

Қазіргі таңда өңірде жоба аясында оқытудың екінші кезеңі басталып, онда 43 қатысушы білім алуда. Сабақтарға белсенді қатысып, жаттықтырушы мен тәлімгердің барлық талабын орындаған қатысушы өз ісін бастау үшін қажетті құрал-жабдықты тегін алады.

Айта кетсек, «Табысты отбасы» қайырымдылық жобасы туралы ақпарат БАҚ беттерінде және @tabysty.otbasy инстаграм-парақшасында орналасқан. Сондай-ақ +7 701 558 0856 нөміріне хабарласып, ақпарат алуға болады.

Естеріңізге салсақ, «Табысты отбасы» жобасының бренд-амбассодоры Айжани Нұрланова.Оның айтуынша, бұл жоба негізінен мемлекеттің әлеуметтік көмегіне іліне алмаған отбасыларға арналады. Ондағы мақсат – осындай отбасылардың ірі кәсіп ашып кетпесе де, әр отбасы үй жағдайында ісін дөңгелетіп, отбасына күнделікті табыс әкелетін мүмкіндік жасау.

2022 жылдың 1 желтоқсаннан бастау алған жоба еліміздің 5 өңірінде, яғни Түркістан, Ұлытау, Абай, Жетісу және Ақтөбе облыстарында пилоттық негізде жүзеге асып жатыр. Таңдалған бес өңірге барлығы 300 грант қарастырылған. 

Түркістан облысынан 2022 жылға 70 адам іріктелді, бұл ретте, өңірдегі ірі аудандардың бірі Сарыағаш ауданы таңдалған. Қатысушыларға қор тарапынан құрал-жабдық негізінде грант берілді, яғни грант ақшалай берілмейді. Гранттар негізінен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға беріледі.

– Жобаның басты ерекшелігі – бес бағытта шеберлік-сыныптары өткізіледі. Атап айтқанда, сұлулық саласы, әлеуметтік желілерді сүйемелдеу, тігінші, автодәнекерлеуші және кондитер.  Қатысушылардың қалауы бойынша бағыт таңдалады. Оларға екі апта бойы өздері қалаған кәсіптің қыр-сырын үйреніп алуларына мүмкіндік беріледі, жаңа дағдыларға үйреніп, тәжірибелік тренингтерден өтеді. «Табысты отбасы» жобасына көп балалы және аз қамтылған, толық емес отбасылардың мүшелері, сондай-ақ, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған және табысы төмен отбасылардан шыққан жастар қатысады. Түркістан облысы – қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Біз өңірдің мұқтаж отбасыларын «Табысты отбасы» жобасына қатысуға шақырамыз, – деді Айжани Адайқызы.

 Бұл жоба тұрғындардың өз ісін ашып, қаржылық жағдайын нығайтуға және жалпы өңіріміздің экономикасына оң ықпал етпек. 

– Түркістан өңірінің өнеркәсіптік әлеуеті жоғары. Сонымен бірге туристік инфрақұрылым, тарихи-мәдени мұра түріндегі артықшылықтары аз емес, ең бастысы, аймақтың халқы еңбекқор. Елдегі халық ең тығыз орналасқан өңірде азаматтардың бәсекеге қабілеттілігін, адами капиталды, яғни құзыреттілікті дамыту маңызды. Бұл басымдықтар туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиі айтып келеді. Сондықтан халықтың осал топтарынан шыққан азаматтарға өз ісін ашуға және әл-ауқатын жақсартуға көмектесетін «Табысты отбасы» қайырымдылық жобасын қызу қолдаймыз әрі осы маңызды бастаманы кеңейту үшін қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді жоба ваторы.

Айта кетсек, «Табысты отбасы» жобасын қолдауға «Samruk-kazyna Trust» қоры 200 млн. теңгеге жуық қаржы бөлген.

 

Оқылды 1250 рет