Сенбі, 13 Мамыр 2023 19:03

Шымкентте кәсібін кеңейткісі келетін кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі

Қала әкімі Мұрат Әйтенов бүгін «Жұлдыз» және «Тассай» индустриалдық аймағының жұмыстарын таразылаған соң, кезекті рет «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын аралады. Мұнда электр желісі, газ, су және өзге де инженерлі-коммуналды жүйе тартылып қойғандықтан, дайын инфрақұрылым мен қолайлы логистика арқылы нарықта тауар өндірісін қалыптастырып үлгерген кәсіпорындар жұмыс істейді. Дегенмен, өз кәсібін кеңейтемін немесе жаңа жобаны бастаймын деген кәсіпкерлер үшін де экономикалық аймақ қолдау көрсетуге әзір.

Қала басшысы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында бірқатар кәсіпорын басшыларымен жүздесіп, олардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Мәселен, «Шабитекс» ЖШС-і әскери және арнайы жұмысшы киімдерін тігумен айналысады.

Нарықта өз орнын тауып, тігін фабрикасына қажет түрлі техникалық жабдықтармен қамтылған кәсіпорын болашақта жұмыстарын ұлғайту мақсатында жаңа жоба бастап кеткен. Мұрат Дүйсенбекұлы кәсіпорын басшысының бастамасын қолдап, мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерге тоқталып өтті.

Сонымен қатар «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында инвестиция көлемі 58,4 млрд. теңге тұратын 35 жоба іске асырылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орындары құрылды. Жалпы аймақ жұмыс істеп тұрған кезеңнен бері бюджетке 8,2 млрд. теңге салықтық және әлеуметтік аударымдар жасаған.

Қарқынды жұмыс істеп тұрған индустриялық аймақта жаңа жобаларды қолға алу жылдам жүріп жатқандықтан аумағы 867 гектарлық қосымша 5 жаңа өнеркәсіптік алаң құрылуда. Нәтижесінде инвестиция көлемі 398 млрд. теңгені құрайтын 271 жоба іске асырылатын болады.

Айта кетейік, Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала атанған түста 194 млрд теңге инвестиция тартылса, былтыр инвестиция көлемі 560 млрд теңгені құраған. Мамандар жыл соңына дейін 750 млрд теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Шымкент қаласында өнеркәсіпті дамыту және халықты тұрақты жұмыспен қамту мақсатында жаңадан 3 өнеркәсіп алаңы құрылып, тағы 2-еуінің аумағы кеңейтілуде.

 

Оқылды 274 рет