Жексенбі, 28 Мамыр 2023 20:09

ШЫМКЕНТКЕ 134, 2 МЛРД. ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ

Бүгінде климаты жағымды, географиялық орналасуы оңтайлы, еңбекқор халқы бар Шымкент инвесторлар үшін өте қолайлы қалаға айналып отыр. Инвестақуалды жақсарту мақсатында атқарылып жатқан кешенді шаралар да шетелдік бизнес өкілдерінің республикадағы үшінші қалаға қызығушылығын арттыруда.

Осы бағытта қолға алынған қыруар жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылдың 4 айында қала экономикасына 134,2 млрд. теңге инвестиция тартылды. Көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20,1%-ға артып отыр. Сондай-ақ,

жыл соңына дейін 721,7 млрд.теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Осылайша биылғы көрсеткішті алдыңғы жылмен салыстырғанда 32%-ға арттыру көзделуде.

Мегаполис экономикасына өткен жылы 148,7 млн. АҚШ долларына тікелей шетелдік инвестициялар тартылған болатын. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібіне тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі - 161,3 млн теңгені құрайды.

Жалпы, 2023-2027 жылдар аралығында қаламызда жүзеге асырылатын құны 1,7 трлн. теңге құрайтын 227 инвестициялық жобалардың пулы жасалған.

Оның ішінде, шетелдік инвесторлардың қатысуымен 2670 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 10 жобаның іске асырылуы жоспарлануда.

Олардың ішінде тұрғын үйлер салу, құрылыс материалдарын өндіру,

синтетикалық иірілген жіп және мата өндірісіне қатысты ауқымды жобаларды айрықша атап өтуге болады.

Инвестиция тарту мәселесі - тікелей қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бақылауында. Жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін бүгінде барлық бағытта кешенді шаралар жүргізілуде.

Тілге тиек етейік, қазір қаламызда 839 кәсіпорын белсенді жұмыс істеп келеді. Оның 24-і ірі кәсіпорын, 45-і орта және 770-сі шағын кәсіпорын. 2023 жылы өңдеу өнеркәсібінің өндірісін 767 млрд теңгеге жеткізу жоспарланыпты. Осы жылдың алғашқы тоқсанында 196 млрд теңгенің өнімі өңделіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 97,7 пайызды құраған. Мұнай-газ-химия өнімдерін өндіретін кәсіпорындар да жыл басынан бері 9,140 мың тоннаның өнімін өндірген. Оның 3,824 тоннасын «Шымкент химиялық компаниясы» ЖШС өндірсе, «HILL Corporation» мекемесі – 5,316 мың тонна өнім шығарған. Ал, жылдық жоспар – өнімді 70 мың тоннаға жеткізу.

Инвестициялық жобалардың басым бөлігі өнеркәсіптік аймақтағы өндіріс орындарында іске асып жатыр. Бұл үшін қазір қала аумағында 869 гектар жерге 5 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда 350,5 млрд теңгені құрайтын 335 жоба іске асырылады. Қазірге дейін оның 273 жобасы жүзеге асып, 8016 жұмыс орны құрылған.

Оқылды 257 рет