Жексенбі, 28 Мамыр 2023 19:59

ШЫМКЕНТ: БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕРДІҢ ҚОРЫТЫНДЫ АТТЕСТАТТАУ ТАЛАПТАРЫ

Шымкент қаласының әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен 2022-2023 оқу жылын аяқтау және 9,11-сынып білім алушыларын қорытынды аттестаттау бойынша 2023 жылдың 26 мамыр күні сағат 15.00-де №87 жоббм базасында жауапты орынбасарларға ақпараттық семинар ұйымдастырылды.

Білім басқармасы басшысының орынбасары М.А.Абдраимова және оқу-тәрбие бөлімінің бас маманы Исаева А. жалпы орта мектептердегі білім алушыларды аттестаттау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2008 жылғы 18 наурыздағы «Білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» №125 Бұйрығының негізінде іске асырылуын нақтылады.

Әдіскер Ш.Айтбаева қорытынды аттестаттауда пән бойынша емтихан тапсырмаларының форматы туралы толық ақпарат берді.

Білім беру ұйымдарында жалпы орта білім туралы аттестаттарды тапсыру ағымдағы жылғы 20-22 маусым аралығында жүргізіледі.

9 (10) сыныптарда қорытынды бітіру емтихандары – 2-13 маусым аралығында, 11 (12) сыныптарда мемлекеттік бітіру емтихандары – 5-19 маусым аралығында өтеді.

9 (10)-сынып оқушыларын қорытынды аттестаттау:

Ана тілі (оқыту тілі) бойынша эссе нысанында жазбаша емтихан, гуманитарлық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын мектеп білім алушылары үшін жазбаша жұмыс (мақала, әңгіме, эссе) – 2023 жылғы 2 маусым;

математика (алгебра) бойынша жазбаша емтихан (бақылау жұмысы) – 2023 жылғы 6 маусым;

орыс/ өзбек/ ұйғыр/ тәжік тілінде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) және қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) – 2023 жылғы 9 маусым;

таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 2023 жылғы 13 маусым;

11 (12) сынып оқушыларын қорытынды аттестаттау:

ана тілі (оқыту тілі) бойынша жазбаша емтихан – 2023 жылғы 5 маусым;

алгебра және анализ бастамалары бойынша жазбаша емтихан – 2023 жылғы 8 маусым;

Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан – 2023 жылғы 12 маусым;

орыс/өзбек/ұйғыр/тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде/сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетінен және қазақ тілінде оқытатын мектептерде/сыныптарда орыс тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан – 2023 жылғы 15 маусым;

таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзілік тарих, құқық негіздері, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 2023 жылғы 19 маусым.

Жиын соңында қатысушыларға оқу жылының аяқталуы, құжаттамаларды рәсімдеу, қорытынды аттестаттау талаптары бойынша барлық туындаған сұрақтарға жауап берілді.

 

 

Оқылды 166 рет