Педагог-психологтардың әдіс алмасуын жетілдіру және потенциалдық әлеуетін көтеру мақсатында ұйымдастырылған семинардың алғысөзін «Білім беруді дамыту орталығының» әдіскері Г.Амреева алып, «Баланың мінез-құлқын ойындар арқылы дамытудың тиімділігі» тақырыбында түсіндірме жұмысын жүргізді. Сонымен қатар, «Толағай» бөбекжай-бақшасының педагог-психологі Ф.Әсілбекова «Арт-терапия балалардың эмоционалды даму құралы» тақырыбында арт-терапияның түрлерімен таныстырып, бірнеше әдісімен бөлісті.
Сондай-ақ, семинарға қатысқан мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагог-психологтары әдіс алмасу мақсатында әріптестер арасында психологиялық тренингтер мен жаттығулар өтті. Семинар соңында қатысушылар балабақша ұжымына, «Білім беруді дамыту орталығының» әдіскері Г.Амреева мен Түркістан қалалық білім бөлімінің әдіскері Г.Серікбайларға ризашылығын білдірді.
Мектепке дейінгі балалардың жан-жақты дамуы үшін ойынның рөлі ерекше. Ойын – жалпы адамзат мәдениетінің бірегей феномені, оның қайнар көзі мен шыңы. Мәдениет феномені ретінде ойын оқытады, дамытады, тәрбиелейді, әлеуметтендіреді.
Ойынды балалар өмірін ұйымдастырудың формасы ретінде пайдалана отырып, алдымен солардың ортақ мүддесін бағыттап және дамытып отыру, балалар ұжымын топтастыруға күш салуымыз керек. Ойын баланың даму құралы, таным көзі, ол тәрбиелік дамытушылық мәнге ие бола отырып, адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Ойынның тәрбиелік маңызын жоғары бағалай келіп, А. С. Макаренко былай деп жазды: «Бала өмірінде ойынның маңызы зор, ересек адам үшін еңбектің, жұмыстың, қызметтің қандай маңызы болса, нақ сондай маңызы бар. Бала ойында қандай болса, өскен соң жұмыста да көп жағынан сондай болады».
Балаларды заман талабына сай коммуникативті қасиеттер мен эстетикалық талғамы – сезімі жоғары, ұшқыр ойлы, белсенді креативті кез келген ортаға бейімделетін, өзін-өзі ұстай алатын тұлға қалыптастыру басты міндетіміз. Мектеп жасына дейінгі баланы дамытатын, өсіретін әрі тербелейтін негізгі іс-әрекет – ойын. Ойын арқылы бала өзін қоршаған ортамен, табиғатпен, қоғамдық құбылыстармен, адамдардың еңбегімен, қарым-қатынастарымен танысады. Халқымыз ойындарды тек балаларды алдандыру, көңілін көтеру әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай олардың көзқарастарын, мінез-құлқын қалыптастыру құралы деп ерекше бағалаған. Мектепке дейінгі балалардың ой-өрісін дамыту үрдісінде дидактикалық ойындарды пайдалану бүгінгі күнгі білім беру саласындағы өзекті мәселе.
Ойын негізінен балаларға дене шынықтыру және эстетикалық тәрбие берудің маңызды құралы. Ойын балаларды ұйымшылдыққа үйретеді. Ойынның түрлері көп, соның ішінде маңыздысы – дидактикалық ойын. Бұл ойынның пайдасы – баланың ой өрісінің қалыптасуын, дамуын мақсат етіп қояды. Сондай-ақ балалардың адамгершілік сезімін оятуға, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасау, еңбек адамдарына, басқа ұлт өкілдерін, достық, туған жеріне сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеуге көңіл бөлінеді. Дидактикалық ойындар арнайы мақсатты көздейді және нақты міндеттерді шешеді. Ойынның міндеті – баланың қызығушылығын оятып, белсенділігін арттыру мақсатында іріктеліп алынатын нақты мазмұнмен анықталады. Дидактикалық ойындар – балалар үшін өзіне тән жүру барысы, мақсаты, маңызы бар әрекет. Ойындарды бала тәрбиесіне енгізу үшін тәрбиешілер көптеген жұмыстарды атқарады.
Дидактикалық ойындарды тиімді пайдалану сабақтың әсерлілігін, тартымдылығын, белсенділігін, баланың ынтасын күшейтеді. Ойын ережесі балалардың түсінуіне оңай, қарапайым, әрі қысқа болу керек. Кейде ойынның мазмұны, ережесі балаларға дұрыс түсіндірілмейді де, балалар оған қызықпайды, зейін қойып тыңдамайды. Оның үстіне дидактикалық материалдар мен көрнекіліктерге жеке көңіл бөлу керек. Балалардың таным қабілетін, логикалық ой-өрісін кеңейтіп, сабаққа ынтасын арттыруда дидактикалық ойындарды ұтымды пайдаланудың маңызы зор. Балаларға алдарына қойылған дидактикалық тапсырмаларды өз беттерінше орындау үшін тәрбиеші көркем әдебиет оқып беру, алдын-ала жұмыс жүргізу керек.
Дидактикалық ойын балалардың қоршаған орта туралы түсінігін кеңейтеді, баланы ойнай білуге баулып, ақыл-ой қызметін қалыптастырады, әрі адамгершілікке тәрбиелеу құралы болып табылады. Дидактикалық ойынның ережелері балалардан ұстамдылықты, тәртіптілікті қажет етеді. Сонымен қатар дидактикалық ойлау қабілеттерін, ізденімпаздылығын арттырады, сөздік қорларын молайтуға көмектеседі. Балалардың қызығушылығын арттырады, белсенділік танытып, бағдарламалық материалдарды меңгеруіне ықпал етеді.
Дидактикалық ойындардың тиімділігі – сабақтың әр кезіндегі орны мен міндетін, мақсатын дәл анықтауға, оны қолданудың теориясы мен практикасын тәрбиешінің жетік меңгеруіне, шеберлік танытуына, ойынға қажетті материалдарды алдын-ала дайындап алуға, балаларды белсенді қатыстыруға байланысты.
Мектеп жасына дейінгі кезеңдегі балалармен сөздік жұмысын жүргізу ісі – дидактикалық ойындар арқылы тіл дамытудың негізгі бір міндеттері болып есептелінеді. Дидактикалық ойын арқылы сөздік жұмысын жүргізе отырып, балаларды айналасындағы заттармен таныстырып, атын атай білуге, қасиеті мен сапасын, түр- түсін және пішінін ажырата білуге, өмірдегі, қоршаған ортадағы түрлі құбылыстар жайындағы ұғым, түсініктерін дамыта отырып, белсенді түрде тілдік қарым-қатынас жасай білуге үйретуге болады.
Дидактикалық ойын бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің дамуына жол ашады. Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Ойын үстінде бала ешнәрсеге тәуелсіз. Ол өзін еркін ұстайды. Ал, еркіндік дегеніміз барлық дамудың баспалдағы, бәрін білуге деген талпынысы мен құлшынысы. Баланың білуге деген құштарлығы, сөйлеуі ойын үстінде қалыптасады.
Халық даналығында «Ойнай білмеген, ойлайда білмейді», «Ойында озған, өмірде де озады» деген аталы сөздер сырына жүгінсек, мектепке дейінгі жастағы баланың ойынға деген құлқы, қарым-қатынасы, мінез-құлық көріністері олар өсіп-есейгенде де жалғаса береді.
Ойынды қолданумен бірге ойлауға, тілді дамытуға, шығармашылық әрекетін байытуға бағыт алады. Баланың ойын кезіндегі қимыл-қозғалысы дене бітімін жетілдірсе, ал қарым-қатынастағы пайымдаулары өзіндік таным-түсінік, мінез-құлық әдептерін бекітуіне әсер етеді. Бала ойын арқылы бір әрекеттен екінші әрекетке ауыса отырып, өзіне түрлі ақпараттар алады, дүние сырын ашады.
Балабақшадағы оқыту- тәрбиелеу жұмысында балалардың тілін дамыту,сөздік қорларын молайту,ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті өмірде еркін қолдану, одан әрі күнделікті іс-әрекет кезіндегі тілдік қарым-қатынаста қолдана білуге жаттықтыру ісіне ерекше мән берілген.
Айналадағы әлемді ойын, еңбек,серуен, ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде тәрбиешімен, ересектермен,құрдастарымен қарым-қатынас кезінде танып біледі. Осындай жетістіктерге жету үшін тәрбиеші алдында тұрған балаларды ертеңгі мектеп оқушысы деп қарап,баланың мінез-құлқын,сана-сезімінің жетілу дәрежесін таным үрдістерінің (түйсігі,қабылдауы,ес,ойлау,сөйлеу,зейінінің) дұрыс бағытта қалыптасып,дамуын қадағалап әрі дамытып отыру керек
Ойын дегеніміз жас ерекшелікке қарамайтын, адамның көңіл-күйін көтеретін, ойландыратын үрдіс. Ойын төзімділікті, алғырттықты, тапқырлықты,ұқыптылықты,ізденімпаздылықты,іскерлікті,дүниетанымөрісінің көлемділігінің,көп білуді,сондай-ақ, басқа да толып жатқан сапалылық қасиеттерді қалыптастыруға үлкен мүмкіндігі бар педагогикалық,тиімді әдістерінің бірі. Сондықтан ойынды сабақтан тыс уақытта пайдалану-үлкен нәтиже берері анық. Ойынға зер салып, ой жүгіртіп қарар болсақ,содан үлкен мәнді де мағыналы істер туындап өрбитінін байқаймыз. Себебі,бар өнердің бастауы деп білеміз. Ойын-тек жас адамның дене күш қуатын молайтып,оны шапшаңдыққа,дәлдікке т.б ғана тәрбиелеп қоймаймыз,оның ақыл-ойының толысуына , жан дүниенің қалыптасуына, есейіп есуіне де пайдасын тигізеді. Ойын баланың алдынан өмірдің есігін ашып,оның шығармашылық қабілетін оятып,танымдық қасиеттерін дамытады.
Танымдық білім алу және дамыту үрдісі , үнемі тереңдетіліп және кеңейтіліп отыратын, нәтижесінде, жаңа білім алынатын таным объектісі мен субъектісінің әрекеттесуі. Таным ол әрекеттің мақсаты мен түрткісін анықтайтын тұлғаның ақпараттық қорын құрайтын қоғамдық-тарихи үдеріс философиялық категория болып табылады. Философиялық сөздікте: таным- заттардың эмоциялық мазмұнын немесе ақиқатты табу мақсатындағы заттардың күйін,жағдайын меңгеру болып табылады. Педагогикалық сөздікте таным &ndashәлем туралы шынайы білімдерді алуға деген субъектінің шығармашылық іс-әрекеті деп жазылып, сыртқы орта туралы ақпарат алу тұрғысынан берілген. Мектеп жасына дейінгі балаларды қоршаған ортамен таныстыруда көбіне танымдық ойындар қолданылады. Танымдық ойындар баршамызға белгілі таным мүшелерін дамытуда,қоршаған ортаны,айналадағы дүниені таныстыруда мақсатты түрде пайдаланылады.
Тәжірибеде балалармен ойынды (заттармен, үстел үсті және сөздік ойыны) үш түрлі етіп өткізуге болатындығына тоқталайық.
«Не қайда жатыр?»
Ойынның мақсаты: Баланың ой өрісін кеңейту,ойлау қабілетін дамыту,зейінділігін арттыру.
Ойынның мазмұны: Тәрбиеші балаларға кез келген затты айтады. Ойынға қатысқан балалар сол заттың қайда жатқанын анықтап,сипаттайды.
«Дүкен»
Ойынның мақсаты: Балаларды рөлдерге бөліп ,сол рөл бойынша әрекет жасауға үйрету.
Ойынның мазмұны: Бір баланы сатушы етіп,қалған балалар сатып алушы болып ойнайды. (Мысалы, Сатушы «Келіңіз,сізге не керек?» деген сөздерімен және сатып алушылар «Рахмет» сияқты мейірімді сөздерді қолдана білуге үйрету).
«Айгүлге серуенге бару үшін не жетіспейді?»
Ойынның мақсаты: Жыл мезгілдеріне сай киімдерді ажырата білуге үйрету.
Ойынның құрал-жабдықтары: жыл мезгілдеріне сай киімдердің суреті
Ойынның мазмұны: Әр балаға қуыршақтар беріледі. Балалар ол қуыршақтарды жыл мезгілдеріне сай киіндіру керек. Бір балаға қыс мезгіліне сай, ал келесі балаға күз мезгіліне сай және тағы сол сияқты.
«Сиқырлы қалта»
Ойынның мақсаты: Диалогтік сөйлеуде сөздерді дұрыс, анық айтуға, сұраулы сөйлемдерді дауыс интонациясын сақтап, дұрыс айтуға жаттықтыру. Сөйлем қарқынын өзгерте білуге үйрету (мысалы: ақырын сөйлеу).
Ойынның құрал-жабдықтары: суреттер, доп, шар, қуыршақ)
Ойынның мазмұны: 5-6 бала қатысады. Тәрбиеші сиқырлы қалтаны ортаға қойып балаларды кезекпен шақырып,сол қалтадағы заттарды алғызады. Балалар алған заттарын сипаттайды.
«Нені қайда салады?» (қантты – қант салғышқа және т.б.)
Ойынның мақсаты: Ыдыс аяқ түрлерін ажырата білуге үйрету.
Ойынның құрал-жабдықтары:ыдыс аяқтың суреті
Ойынның мазмұны: Тәрбиеші ыдыс аяқтың суретін береді. Балалар ол ыдыс аяққа не салатынын айтады мысалы: қантты қант салғышқа және т.б.
«Кім? Не?» (зат есімдер)
Ойынның мақсаты: Жанды жансыз заттарды айыра білуге үйрету.
Ойынның құрал-жабдықтары: әр-түрлі суреттер
Ойынның мазмұны: Балаларға суреттер беріледі. Балалар ол суреттерде не бейнеленгенін және оның жанды не жансыз екенін айтады. Жанды болса кім? Жансыз болса не? Сұрағы қойылады.
«Кім не істейді?» (етістіктер)
Ойынның мақсаты: Балаларға есімдерді дұрыс атауды үйрету, мамандықтардың атауларын бекіту.
Ойынның құрал-жабдықтары: Әртүрлі мамандықтардың суреттері
Ойынның мазмұны: Тәрбиеші балаларға суреттерді қарауды ұсынады. Ол кімдердің суреті, олар қайда кетіп жатқандарын, не жұмыс істейтіндерін айтады. Мысалы: суретте көкөніс сатушысы өзінің дүңгіршігіне кетіп бара жатыр, сатып алушыларға қызмет көрсету үшін.
«Бұл қай кезде болады?» (үстеу)
Ойынның мақсаты: Балалармен тәулік бөліктерін бекіту (таңертең, күндіз, кеш, түн)
Ойынның құрал-жабдықтары: Тәулік бөліктері суреті.
Ойынның мазмұны: Тәрбиеші балалармен бірге, тәулік неше бөліктен тұратынын,және тәулік бөліктерін атауды сұрайды. Тәулік бөліктері бар суреттерді қарап, соған сәйкес келетін суреттерді тауып орналастырады (таңертең, күндіз, кеш, түн).
«Қай жерде не бар?»
Ойынның мақсаты: Кеңістікті бағдарлай білуге үйрету.
Ойынның құрал-жабдықтары: Топтағы ойыншықтар.
Ойынның мазмұны: Балаларға кеңістік туралы суреттер беріледі. Кеңістік бейнеленген суреттерді қайда не тұрғанын атайды. Мысалы: қуыршақ шкафтың үстінде.
«Сөзді айтуға көмектес»
Ойынның мақсаты:Сөздерді толық әрі дұрыс айтуға үйрету.
Ойынның мазмұны: Тәрбиеші сөздің бірінші буынын айтады, ал балалар сол буынға қатысты сөзді тауып жалғастырады. Мысалы: Қа-қалам, әй-әйнек…
«Бұл қай кезде болады?»
Ойынның мақсаты: жыл мезгілдері және табиғат құбылыстары туралы түсініктерін арттыру
Ойынның құрал-жабдықтары: жыл мезгілдерінің суреттері.
Ойынның мазмұны: Тәрбиеші балаларға жыл мезгілдерінің және табиғат құбылыстарының суреттерін таратып береді. Содан кейін әр баладан бұл құбылыстар қай кезде болатынын сұрайды. Мысалы: қар жауып жатқан суретті алған бала бұл қыс мезгілінде болады деп жауап береді.
«Керісінше айт»
Ойынның мақсаты: Антоним сөздерді дұрыс айтуға үйрету.
Ойынның құрал-жабдықтары: доп
Ойынның мазмұны: Тәрбиеші балаларды шеңберге тұрғызады да допты лақтырып кез келген сөзді айтады. Балалар сол сөзге керісінше сөзді айтады. Мысалы: ақырын-жылдам, суық-ыстық…
«Биік (ұзын, үлкен, кең, жуан) не болады?»
Ойынның мақсаты: өлшемдердің қасиеттерін қабылдауға үйрету, тапсырманы орындауға жаттықтыру.
Ойынның құрал-жабдықтары: ұзын және қысқа жолақшалар,биік,кең жуан ұғымдарына байланысты суреттер.
Ойынның мазмұны: ұзын және қысқа жолақшаланы көрсету. Жолақшаларды таратып беру. Берілген суреттерден немесе топтан биік және аласа, жуан және жіңішке, кең және тар заттарды табу.
«Сипаттамасы бойынша таны»
Ойынның мақсаты: Ұзын-қысқа, кең-тар, биік-аласа ұғымдарын бекіту.
Ойынның құрал-жабдықтары: жануарлардың, құстардың ойыншығы.
Ойынның мазмұны: балалар аю, түлкі, қасқыр, қоянның ойыншықтарын қарастырады. Әр ойыншықты анықтап атын атайды. Ойнаушылардың біреуі бөлмеден шығып кетеді, басқа ойнаушылар ойыншық туралы жұмбақ құрастырады.
Қорыта келгенде, дидактикалық ойындар баланың ақыл-ойын дамытуға, ойлауын, қабылдауын, есте сақтауын, зейінін, салыстыру, жіктеуге, өзін-өзі бақылауға үйретеді. Дидактикалық ойындарды іріктеуге баланың ойынды саналы түсініп, оның шартын дұрыс орындауға тырысып, белгілі бір нәтижеге жету мақсаты көзделеді.
Ойынның маңызы:
1. Ақыл-ойы дамиды, оқуға қызығушылығы белсенділігі, шығармашылығы, артады, тұлғалық қасиеттері қалыптасады.
2. Ойын түрінде оқыту жалықтырмайды, балалардың білімінің сапасын
арттыруда, оқу іс-әрекетін қызықты өткізуге, тәрбиеші үшін тиімді.
3. Бала бойындағы жағымсыз қылықтарды, ойын арқылы тәрбиелейді
Тәрбиешілерге балалардың есте сақтау қабілетін,қиялын,қабылдау қабілетін, зейін тұрақтандыруға,аңғарымпаздық қабілетін дамытуға арналған көмек құралы ретінде төмендегі ойындар топтамасын ұсынып отырмын.
1) Есте сақтау қабілетін дамытуға арналған ойындар
Төрт құбылыс
Балалар шеңбермен тұрады. Жүргізуші «су» - десе қолдарын алдына созады, «ауа» десе жоғары көтереді, «от» дегенде екі қолын айналдырады, «жер» дегенде қолдарын түсіреді. Кім шатасса ойыннан шығарылады.
Көңілді шеңбер
Балалар шеңбер жасап отырады. Бір-біріне мұқият қарайды. Жүргізуші белгі бергенде балалар көздерін жұмады. Сол кезде жүргізуші отырған балаларға әртүрлі заттарды қыстырып қояды (гүл, орамал, көзілдірік т.с.с.). Балалар көздерін ашқанда не өзгерді? -деп сұрайды. Ең зейінді балаға сыйлық беруге болады.
Орныңды тап
Балалар шеңберге тұрады. Әр бала өзінің жанындағы баланы есінде сақтап, қарап алуы керек. Жүргізушінің бірінші белгісі бойынша, бөлменің жан-жағына тарап кетеді (белгі: шапалақтау, барабанмен беріледі). Екінші белгі бойынша шеңберге бастапқыда қай орында, кімнің қасында тұрғанын есінде сақтап, қайта шеңбер түзеді. Өз орнын таппаған балалар ойыннан шығарылады.
Ойыншықты сипатта
Жүргізуші балаларға қолындағы ойыншықты мұқият қарап алуға ұсынады (1 минут). Алынатын ойыншықтар түрлі-түсті және бөліктері бірнешеу болуы шарт. Ойыншықты жасырып, балалардан сол ойыншықты көргендегі түр-түсі, көлемі, пішіні, дене бөліктерін есінде сақтағанын сипаттап беруді талап етеді. Ойыншықты дәл, нақты сипаттап берген бала ойынды әрі қарай жалғастырады.
Балаға таңдалған білім баланың ақылына лайықтап, талабын шабыттандыратындай, ойын оятарлық іскерлігін дамытарлықтай, бастаған істің нәтижесіне жетуге тырысарлықтай нәрлі болуы керек.
Халық өзінің қоршаған дүниенің қыры мен сыры егжей-тегжейлі білуді баланың санасына ойын арқылы жастайынан сіңіре білуді көздеген. Ойын бала табиғатымен егіз. Өйткені бала ойынсыз өспек емес, жан-жақты дамымақ емес. Мектепалды даярлық тобында балаларға ойын арқылы сабақтың сапасын арттыруға толық мүмкіншілік бар.
Ойын арқылы бала түрлі логикалық жаттығуларды орындауға төселеді. Бұл жөнінде белгілі психолог – ғалым А.А. Люблинская «Зейін баланың белсенді әрекетінде туындап қана қоймай, олардың жақсы ұйымдастырылған іс – әрекетінде. Бәрінен бұрын олардың ой еңбегінде де қолдау табатынын айтады».
Мектеп жасына дейінгі баланы дамытатын, өсіретін, әрі тәрбиелейтін де негізгі іс – әрекет ойын. Ойын арқылы бала қоршаған ортамен, адаммен, олардың еңбегімен, қарым – қатынасымен танысады. Ойын арқылы олардың ой-өрісі дамиды. Ойын үстінде балалар әртүрлі рөлде жолдастарымен қарым – қатынас жасауға, ойын үстінде ойлана отырып жауап беруге, қиялдауға, елестетуге қабілеттері қалыптасады. Сөздік ойындары балалардың ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамытады. Ойыншықтарды пайдалана білуге үйренеді.
Арнайы ойын ұйымдастырылған оқу іс – әрекетінің мазмұнына қарай танымдық, дамытушы ойындарды, тапсырмаларды қолдану, балаларды заттарды бір – бірімен салыстыруға, оларды қасиетіне қарай ажыратуға және оны танып білуге үйретеді. Сөйтіп бала топтағы жасына сәйкес бағдарламалық міндетті меңгереді.
Ойын ұйымдастыруда балаларға жетекші бола отырып, ойнай білуге,ойын ережесін сақтауға, әрі оларды ойната отырып ойлануға бағыттайды, заттың атын немесе қасиетін есінде сақтап қалуға жол ашады, ойынға қызықтыра отырып зейінін, қиялын дамытады. Заттармен ойналатын ойындар: «Ғажайып қапшық», «Қай ағаштың жапырағы?» т.б.
Үстел үсті ойындарды ұйымдастыруда домино, лото, суреттер қолданады. Мысалы: «Суретті құрастыр», «Қандай затқа ұқсайды», «Бір сөзбен ата», «4-не артық?» т.б.
Ойындарды қарапайым математикалық ұғымды қалыптастыру сабағында пайдалану балалардың алған білімін күнделікті өмірімен ұштастыруға қолайлы. Ойын сабақтың мазмұнын байыта балалардың қиялдарын қозғап, зейіндерін кеңейте түседі. «Санамақ», «Он саусақ» өлеңдерін жаттатып, мазмұнын түсіндіру арқылы балалардың тілін ұстартып, логикалық ой – жүйелерін қалыптастыруға болады. Балалардың белсенділігін арттыра түсу мақсатында әрбір сабақты түрлендіріп өткізу орынды.