Жұма, 22 Мамыр 2020 14:47

Шымкенттік түлектерге ҰБТ-да бағын сынауға бірнеше мүмкіндік қарастырылған

Бүгін Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның қатысуымен өткен баспасөз брифингте Ұлттық бірыңғай тестілеу жайлы жан-жақты мәлімет берілді. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, қаладағы 8 885 бітірушінің 6 799-ы ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш тапсырған. Ал өтініш беру онлайн режимінде жүргізілген. 

Биыл қалада Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. Талапкерлер тестіні 4 ЖОО-ның ғимаратында, яғни М.Әуезов атындағы ОҚМУ (2 084 оқушы), ОҚМПИ (2 293 оқушы), SILKWAY университеті (1 446 оқушы) және Шымкент университетіндегі (976 оқушы) пункттерінде тапсырады. Олардың 5559-ы қазақ тілінде, 1211-і орыс тілінде және 29-ы ағылшын тілінде өз бақтарын сынайды.

Өз кезегінде басқарма басшысы тестілеу кезінде санитарлық норма мен тәртіп қатты сақталатынын айта келе, «Әрбір ата-ана баласын тек адалдыққа баулып, оқушы өз білімін пайдалануға мүмкіндік беруін ана әрі ұстаз ретінде сұранамын», – деді. Одан бөлек Жанат Арысбекқызы кей сәттері білімді оқушы түрлі жағдайға байланысты аз балл жинап қалатынын алға тартып, мұндай кезде талапкер жігерін құм етпеуін тілге тиек етті. Өйткені бұл сынақты тамыз айында тапсыруға, егер одан да өте алмай қалған жағдайда арнайы конкурстарда оқып, қаңтар айында бағын сынап көруге болатынын айтты.

Осы ретте қаланың бас педагогі карантинге байланысты жабылған балабақшалар жайын сөз етті. Егер олардың ашылуына жергілікті бас санитарлық дәрігер рұқсат берсе, арнайы алгоритм бойынша жұмыс жүргізуге дайын екендіктерін жеткізді. Оған қоса алдағы оқу жылында педогогтар мен басшылардың біліктігін тексеру барысы және осыған орай жалақыларының көтерілуі жайында сөз қозғады. Өз кезегінде келесі жылы жаңадан ашылатын мектептерді айтып, құрылыс барысын да назардан тыс қалдырмады.

Брифинг соңында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына тиянақты жауап берді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1085 рет