Жұма, 21 Қыркүйек 2018 15:11

Түркістанда «Оńtústik» телеарнасы жаңа жобаларын таныстырды

Кешегі жұмада Түркістан қаласында «QAZAQSTAN» республикалық телерадиокорпорациясының облыстық филиалы — «Ońtústik» телеарнасының жаңа маусымдағы бағдарламаларының таныстырылымы өтті. Салтанатты шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков, ардагер журналист Байдулла Қонысбек, танымал жазушы Мархабат Байғұт және «QAZAQSTAN» РТРК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары C.Егізбаев құтықтау сөз сөйледі. «Ońtústik» телеарнасының директоры Б.Бердімұратов жаңа жобалар туралы айтып берді. Бұл туралы «AQ-QARA.KZ» хабарлайды «ontustik.gov.kz-ке» сілтеме жасап. 

«Ońtústik»  телеарнасы жаңа маусымда 7 жаңа жобаны көрермен назарына ұсынып оыр. Атап айтқанда, басты ақпараттық бағдарлама «TURAN NEWS» атауымен жаңа форматта шықты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласындағы тапсырманы орындау үшін телеарна ұжымы «Еңбек адамы» хабарын жарыққа шығарды. Хабар қарапайым мамандық иелерінің еңбегін көпшілікке көрсетуге бағытталған. Қоғамда нәзік жанды арулардың беделі, бала тәрбиесіндегі маңызы, әлеуметтік жағдайы сынды мәселелерге мән беру мақсатында қыз-келіншектерге арналған «Көзайым» бағдарламасы тікелей эфирде шығады. Ал, «Мінбер» қоғамдық-саяси ток-шоуында түрлі проблемалар талқыға түсіп, шешу жолдары қарастырылады. Студияға арнайы шақыртылған спикерлер өз ойларын ортаға салады.

Жаңадан ашылған «Экономинфо» бағдарламасында облыстың экономикалық көрсеткіштерін сараланып, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, несиелік ұйымдардың көмегі туралы кеңірек ақпар беріледі. Сондай-ақ, экспорт-импорт потенциалы мен валюта бағамы да назардан тыс қалмайды. Көрерменге жол тартқан «Білімділер алаңы» бағдарламасында жастардан құралған топтар білім сайысына түссе, «Сазқоңыр» мәдени-сазды бағдарламасында Оңтүстік өңірінің өнері насихатталып, таланттарға қолдау көрсетіледі.  «Түркістан тынысы» бағдарламасы да облыста атқарылған жұмыстар мен жаңалықтардан хабардар етіп, өңірдің тыныс-тіршілігін көрерменге кеңінен таныстырмақ.

Бүгінде телеарнаның арнайы сайты да жұмыс істеп тұр.  Әлеуметтік желілердегі оқырмандар саны 61 мыңнан асқан.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1047 рет