Дүйсенбі, 11 Қыркүйек 2023 14:48

Отырар ауданы: Ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовты еске алу кеші өтті

Ән әлемінің падишасы, тәуелсіз еліміздің мемлекеттік әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовты – күллі қазақ даласын әуелеген әсем әндерімен тербеткен «Вальс короліне» өнерсүйер халқы жүрегінің төрінен орын беріп, шартарапты шарлап кеткен абыройлы атын көкке көтеріп құрметтеп келеді. Оған Шәмшінің құрметіне орай өткізілген өнер фестивальдері мен ән кештері айқын дәлел бола алады.

Сонымен, жылдағы берік қалыптасқан ізгі дәстүр бойынша Шәмші Қалдаяқовқа биыл да айрықша құрмет көрсетілді. Ұлы сазгердің қастерлі есімін иеленген ауылдағы «Шәмші музейі» үйінде сазгердің туған күніне орай«Әнім сен едің» атты мазмұнды іс-шара өтті. Халқымыз үшін әрдайым қастерлі бола беретін көрнекті перзенттің кешіне келген қонақтар бұл күні Шәмші ескерткішіне гүл шоқтарын қою, кітап және сурет көрмелерімен танысу, театрландырылған көріністі тамашалау секілді зор мән беріле рет-ретімен тақырыпқа сай тартымды өткен іс-шараларға куә болып, ризашылықпен қолдарын соқты. Музей үйіндегі әрбір құнды жәдігермен қызыға, құмарта танысқан жұртшылыққа осы жерде одан әрі сәтті ұйымдастырылған ашық сырласу да ерекше тебірентіп, айрықша әсер сыйлады.

Есімін әрқашан мақтаныш ете беретін ән әлемінің падишасының кешінің сәні әуелеген әсем әндер емес пе?! Осы игі дәстүр бұл күні де жалғасын тауып қызықты да мазмұнды өткен кеште сазгердің сыршыл да әсерлі, нәзік иірімдермен өрілген әндері әуелете шырқалып, Ш.Қалдаяқов ауылының кешкі аспанын тербетіп тұрғандай болды. Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Алтынай Жорабаева, Хадиша Шалабаева, Қазыбек Құрайыш және «Тұран Boys» тобы мен Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филормонияның әншілері ұлы сазгердің шығармаларын нақышына келтіре орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Салтанатты шарада Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов жанға жайлы кешкі тынық ауаны рахаттана жұтып, әсерлі кештен мол рухани нәр алған көпшілікке ізгі тілегін арнап, сазгердің әндерін насихаттап жүрген өнер жұлдыздарына алғысын айтты.

Аудан басшысы өз сөзінде: «Бүгінде кез келген ұлттың бәсекеге қабілеттілігі мен даму деңгейі оның әлем мәдениеті мен өркениетіне қосқан үлесі және адамзатқа сыйлаған ардақты тұлғаларымен өлшенеді. Міне осы тұрғыдан алғанда қазақ даласын әнімен тербеткен ұлы тұлға Шәмші Қалдаяқов қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Әйгілі сазгердің бізге, өскелең ұрпаққа қалдырған өнер мұрасы - халқымыздың рухани байлығы. Оның патриоттық әндері әлі талай ұрпақтың патриоттық сезімін шыңдайтынына сеніміміз мол»,-деді.

Одан әрі ұлы сазгердің жүректі тебірентетін әуезді әндері шырқалып, маңызы зор мазмұнды іс-шарадан көпшілік мол рухани нәр алды. Артында мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырған ұлы сазгердің ескерткішіне Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың ықылас гүлі қойылып, отырарлықтар біртуар перзентін бір сәт еске алды. Жан тебірентерлік тағылымы мол рухани кеште ерекше көңіл-күйге бөленген ән сүйер қауым ұмытылмас сәттерді қимай тарасты.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 204 рет